Таңғы сағат 6.30-дан бері аудандағы сайлау учаскелеріндеміз. Халықтың саяси науқанда белсенділігі анық байқалды. Тіпті тұрғындардың көбі Президент сайлауының басталуын сайлау учаскелерінің алдында күтті. 6.30-да келген бір сайлаушының жүзінші болып дауыс бергенін көріп, жалағаштықтардың ел болашағына бейжай қарамайтынына тағы бір мәрте көз жеткіздім. Ал сіз ол сайлау учаскесінде бірінші болып таңдау жасаған адамның нешеде келгенін бағамдай беріңіз.
Ең алдымен кент орталығындағы №246 орта мектепте орналасқан №132 сайлау учаскесіне аялдадық. Білім ошағының алды толған адам. Сағаттың жетіні соққаны сол еді, сайлаушылар да есікке ентелей берді. Ішке кіріп алдымен оң қолды кеудеге қойып, әнұран шырқады, осыдан кейін әрқайсысы таңдау жасаудың қамына кірісті.
Шыны керек, аудан жұртының саяси науқанда дәл осындай жоғары белсенділігін өзбасым осы көріп отырмын. Халық шынымен мемлекет келешегінен үлкен үміт күтеді. Болмаса бүгінгі сайлауда таңдау жасауға дәл бұлай асықпас еді. Сайлау учаскесінің төрайымы Айнұр Айбосынова да таң атпай елдің өз таңдауын жасауға асыққанын олардың мемлекет болашағына бейжай қарамайтынымен байланыстырды және әрбір сайлаушы осындай көзқараста һәм түсінікте болса дейді.
– Өзім ҚР Президенті сайлауында бірінші рет сайлау учаскесінің төрайымы болып отырмын. Алайда осыған дейінгі саяси науқандардың бірінен шет қалған емеспін. Себебі мен үшін де тәуелсіз Қазақстанның болашағы бәрінен маңызды. Өзім дауыс беруге бұған дейін ерте, түске таяу және кештеу барған кездер де болды. Қай уақытта халықтың белсенділігі қалай болады, маған ол жағы таңсық емес. Бүгінгі сайлауда мен жалағаштықтардың белсенділігін анық аңғардым. Таң атысымен ғимарат алдына жиналған халықты көріп, риза болғанымды да жасырмаймын. Әрбір сайлаушының өз таңдауын жасауы еркінде, бірақ осыны іштей әрбіріміз азаматтық міндет санаған дұрыс сияқты, – дейді Айнұр Шыңғысқызы.
Төрайымның бұл сөзіне алып қосарымыз жоқ. Расында таң атысымен сайлау учаскесінің алдына жиналған қаншама халықты көзімізбен көрдік, іштей риза болдық. Елдің ертеңіне бейжай қарамайтын осындай азаматтар барда жаңа Қазақстанды жұмыла құратынымызға сендік. Ал Айнұр Айбосынованың «Әрбір сайлаушының өз таңдауын жасауы еркінде, бірақ осыны іштей әрбіріміз азаматтық міндет санаған дұрыс сияқты» деген сөзінің астарында да үлкен мағына бар. Себебі ҚР Президенті сайлауына қатысу мемлекет болашағына деген жауапкершілігіңнің басы екені даусыз.
Айта кетейік, кент орталығындағы Шекер Ермағанбетова атындағы білім ошағында орналасқан №132 сайлау учаскесінде 1810 сайлаушы дауыс бере алады. Таң атысымен саяси науқанға халықтың қатысу белсенділігі жоғары болды.
Мейрамбек Мұстафаев – бірінші сайлаушы
Аталған сайлау учаскесінде бірінші болып Мейрамбек Мұстафаев таңдау жасады. Ол бұған дейін де саяси науқанда белсенділік танытыпты. Биыл зейнеткерлікке шыққан ардагердің өз сайлау учаскесі бойынша ең алғаш дауыс беруі бірінші жыл емес. Яғни бұған дейін де ол саяси науқанда белсенділік танытқан.
Осындағы комиссия құрамымен бірге әнұран шырқап, өз таңдауын жасаған ағамыз бағалы сыйлықтан да құр қалмады. Сайлау учаскесінің төрайымы Айнұр Айбосынова оның бұл өнегелі қадамы жас сайлаушыларға айтарлықтай үлгі екенін тілге тиек етіп, бүгін саяси науқанмен тұспа-тұс келген туған күнімен құттықтап, бағалы сыйлығын табыс етті.
– Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Бұл бабаларымыздың сан ғасырлар бойы арманы еді. Осы жолда қаншама батырларымыз жан алысып, жан берісті. Сол үлкен еңбектің нәтижесінде келген шексіз байлығымыз бізге аманат екені анық. Ал біз тәуелсіз Қазақстанның мәңгі жасауына тамшыдай болса да өз үлесімізді қосуымыз керек. Шындығына келгенде, сайлау сезіне білсек, кез келген адамға жауапкершілік жүктейді. «Елдің ертеңі менің қолымда, Қазақстанның болашағы маған байланысты» деген кез келген адам бұл саяси науқаннан қалыс қалмауы керек. Биыл өзім зейнеткерлікке шықтым. Осыған дейін сайлаудан құр қалған емеспін, қуат берсе, әлі де қалмаймын. Әрқайсымыздың таңдауымыз ел келешегіне қаланған бір кірпіш екенін түсінейік, – дейді кент тұрғыны.
Алпысты алқымдаған ағамыздың айтып тұрған сөзінің жаны бар. Расында өз-өзіне әлгіндей жауапкершілік жүктеген кез келген азаматтың бұл саяси науқаннан қалыс қалуға хақысы жоқ. Әрине сайлауда дауыс беру, бермеу өз еркінде. Бірақ кент тұрғыны айтқандай, мемлекет келешегіне бейжай қарамайтын кез келген азамат үшін әрбір сайлаушының дауысы маңызды екенін ескерген де жөн шығар.
Сайлауда таңдау жасап, бағалы сыйлық алған тұрғындар Мәкеңмен шектелмеді. Яғни ең жас сайлаушы, ең қарт сайлаушы, әрбір жүзінші сайлаушылар да бағалы сыйлықтарға ие болды.
Мырзалиевтер отбасымен дауыс берді
Иә, өткен жексенбі қазақстандықтар үшін маңызды күн болды. Оны елдің шын сезінгенін әрбір сайлау учаскесіндегі жағдай аңғартып тұр.
Аудан орталығындағы Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде орналасқан №128 сайлау учаскесіне ең алғашқы болып кент тұрғыны Айгүл Иманова келіп, ел болашағы үшін өз таңдауын жасапты.
– Жаңа Қазақстанды құру жолында жасалып жатқан әрбір игі іске қолдаушымын. Бұл саяси науқанның да маңыздылығы жоғары деп білемін. Сондықтан ерте келіп, ертеңімді ел болашағымен байланыстырғандықтан сенім білдірген үміткерге дауыс бердім, – дейді ол.
Бұл отбасы аудан жұртшылығына етене таныс. Ауданға белгілі кәсіпкер Болат Мырзағалиев пен білім саласының ардагері, ұлағатты ұстаз Роза Ералы әрбір саяси науқанда отбасы болып белсенділік танытуды әдетке айналдырған. Жас отбасыларға олардың өнегелі өмір жолы үлгі екені даусыз.
Ел болашағына бейжай қарамай, осындай маңызды күнде, маңызды сәтте көппен бірге тілекші бола білетін Мырзағалиевтер үлкен өзгеріс жарқын бастаманың алғашқы баспалдағы екенін айтады.
– Тәуелсіз еліміз аз ғана уақыт ішінде өркендеді, дамыды, талай саяси науқандарды бастан өткізді. Енді міне, бүгін қазақстандықтар Ел Президентін сайлау мақсатында таңдау жасауда. Біз де жолдасым екеуміз таң азанымен келіп, дауыс бердік. Әрқашан бірлігі бекем, тірлігі ширақ Жалағаш жұртының бүгінгі саяси науқанда белсенділік танытып жатқанына қуанамыз, – дейді ұлағатты ұстаз Роза Ералы
Біз табан тіреген Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде орналасқан №128 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Еркебұлан Жамалатов мұнда 1300 сайлаушы дауыс бере алатынын айтады. Таңғы сағат 7.30-ға дейін 100-ге жуық сайлаушы өз таңдауын жасаған. Сол уақыттың ішінде 5 сайлаушыға және ең қарт сайлаушыға, сонымен бірге отбасымен өз таңдауын жасаған азаматтарға сыйлықтар беріліпті.
Айта кетейік, №128 сайлау учаскесіндегі ең қарт сайлаушы – қарымды қаламгер, қазақ руханиятына мол үлес қосқан ауданның құрметті азаматы Шыңғыс Айбосынов ағамыз. Көпті көрген ел ағасының мемлекет болашағының жарқын боларына сенімі мол. Ақсақалын ардақтаған елдің ұрпағымыз ғой, ең қарт сайлаушыға науқан барысында шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
Аудан орталығындағы №201 мектеп-лицейіндеміз, мұнда №131 сайлау учаскесі орналасқан, сайлаушылардың белсенділігі анық байқалады. Біз барғанда жүзінші сайлаушы таңдауын жасап, комиссия төрағасы Қайрат Жаппасбаев бағалы сыйлығын табыстап жатыр екен. Енді мына қызықты қараңыз.
Кент тұрғыны Нұргүл Тасмағанбет таңғы сағат 6.30-да келіпті. Ол бүгінгі саяси науқанда жүзінші болып өз таңдауын жасады. Ал бірінші сайлаушының нешеде келгенін шамалай беріңіз. Міне, «Жалағаштықтар саяси науқанда белсенді» деген сөзімізге дәл осы сайлау учаскесіндегі жағдай дәлел болары анық.
Медицина саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман бұған дейінгі сайлаулардан да қалыс қалмапты. Ол осыған дейінгі саяси науқандарда сағат 6.30-да барып, бірінші болып дауыс бергенін айтады.
– Жалпы өзім сайлаудан қалмауды дағдыға айналдырғанмын. Бұған дейінгі сайлаулардың бірінен қалған емеспін. Себебі кез келген саяси науқанда әрбір сайлаушының дауысы маңызды деп білемін. Таңғы сағат 6.30-да осында келдім. Сөйте тұра 8.40-та өз таңдауымды жасап жатырмын. Адам көп, халық белсенді. Бұрын дәл осындай уақытта келіп, бірінші болып дауыс беріп, бағалы сыйлыққа ие болатын едім. Бүгін ерте келіп, жүзінші болып дауыс бердім. Бірақ сыйлықтан құр қалмадым. Халықтың саяси науқанда белсенділігін байқап, бір жағынан қуанып қалдым. Осылай болатын реті де. Себебі мемлекеттің болашағына қай-қайсымыз да бей-жай қарамауға тиіспіз, – дейді сайлаушы.
Айта кетейік, білім ошағы ғимаратында орналасқан №131 сайлау учаскесінде 1815 сайлаушы дауыс бере алады. Комиссия құрамында 7 адам бар. Мұнда да таңғы сағат 7.00-де саяси науқан Мемлекеттік Әнұранмен басталып, бірінші болып 81 жастағы ардагер Шәрікүл Қарақұлова өз таңдауын жасапты. Біз таңғы сағат 9.00-де ауылдық елді мекендерге жолға шықтық.
Шалғай ауылдарда да сайлаушылар ширақ
Ауданнан ең шалғай орналасқан ауылдардың бірі – Жаңадария. Мұнда №152 сайлау учаскесінің де жұмысы таңғы жетіден Мемлекеттік Әнұранмен басталыпты. Алғаш болып өз таңдауын жасауға асыққан ауыл тұрғыны, ел ағасы Нұрсұлтан Желдербаев науқанның маңыздылығына тоқталды.
– Біздің елдің дамуы жылдан-жылға қарқын алып келеді. Бірақ өркениетті елге айналу үшін қазақстандықтардың бірлігі өте маңызды. Халықтың бірлігі, ел болашағына деген сенімі осындай саяси науқандарда көрініп жатады. Ең алғашқы болып дауыс бердім де ауылдастарымды күтіп тұрдым. Жаңадариялықтар бірінен соң бірі отбасымен келіп жатыр. Мұның өзі бірліктің дәлелі, – дейді ауыл азаматы.
Шалғай ауылда 314 сайлаушы бар екен. Біз барғанда олардың елуге жуығы өз таңдауын жасаған.
Қазақстан Республикасының Президентін сайлау – әрбіріміз үшін өте жауапты әрі маңызды іс. Өйткені «Жаңа Қазақстанды» құрудың алғашқы баспалдақтары жүзеге асуда. Ал бұл игі іс жолында бірлікпен әрекет етпеу әрбіріміздің азаматтығымызға сын болмақ. Қазақстандықтар бұл тұрғыда тартынып қалмайтынына тағы бір көз жеткіздік. Аудан орталығынан бөлек ең шалғай ауылдың өзінде белсенділіктің болуы бәрімізді қуантты.
– Ауылдың тірлігі қалай ширақ болса, тұрғындардың бірлігі де сол сияқты көпке үлгі. Ерте басталған сайлау науқанына жұмыс басталмас бұрын келіп алған ауыл азаматы Н.Желдербаевтың белсенділігінің өзі ауыл жастарына үлгі болуда. Ал ең қарт сайлаушы Сапабек Тұрмаханов саналы ғұмырын білім саласына арнаған азамат екен. Ұлағатты ұстаз бұған дейінгі барлық саяси науқаннан қалып көрген емес. Бүгінгі науқанда да келіп, өз таңдауын жасайды деп күтудемін, – дейді сайлау учаскесінің төрағасы Е.Жүсіпбеков.
Аламесектік ағайындар
сайлауда белсенді
Аламесекте ең қарт сайлаушы 93 жаста екен. Ауыл тұрғыны, ардақты әжеміз Рахима Абызбаева өз үйінен дауыс берді. Оған сайлау учаскесі тарапынан барлық жағдай жасалған.
Аламесек те аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердің бірі. Сайлау учаскесіне келген халықтың көп екенін байқау қиын емес. Елді мекендегі мәдениет үйінде орналасқан №151 сайлау учаскесіне таң атысымен өз таңдауын жасауға асыққан елдің санынан белсенділік байқалады. Сайлау учаскесінің төрағасы Әбдіқайыр Әйтімов бүгінгі саяси науқанда жергілікті халықтың белсенділігін жоғары бағалап отыр.
– Таңғы сағат 7.00-ді күтіп кезекте тұрған ауыл халқын көріп, қуанып қалдым. Бұл аламесектіктердің ел болашағына бейжай қарамайтынын аңғартса керек. Бағалы сыйлықтарға ие болған сайлаушыларымыз да жоқ емес. Мәселен, бірінші келген сайлаушы, ең жас сайлаушы, ең үлкен сайлаушы және әрбір жүзінші келген сайлаушыларға бағалы сыйлықтар табыстадық, – дейді төраға Әбдіқайыр Әйтімов.
Айта кетейік, Аламесек ауылдық округінде барлығы 964 сайлаушы бар. Сағат 10.00-ге дейін сайлаушылардың 40 пайызы өз таңдауын жасап үлгеріпті. Осыдан-ақ шалғай ауылда саяси науқан жоғары деңгейде өтіп жатқанын аңғарамыз.
Таң атысымен сайлау учаскесіне асыққан ауыл тұрғыны Айнагүл Аймырзаева 964 сайлаушының ішінен бірінші болып өз таңдауын жасаған. Ол бұған дейінгі саяси науқандарда да белсенділік танытыпты. Сондай-ақ сайлауды мемлекет болашағы үшін маңызды шешім қабылдайтын сәт деп біледі.
– Түсінген адамға расында солай. Сайлау – мемлекет болашағы үшін маңызды шешім қабылдайтын сәт. Осы сәтті құр жібермей өз таңдауымды жасадым. Ауыл халқының белсенділігін өздеріңіз де көріп тұрсыздар. Елдің ертеңіне алаңдайтын кез келген адам осылай болуы керек деп ойлаймын. Таңмен таласып келген халық дауыс беруге асық. Мен де елмен бірге өз таңдауымды жасадым, – дейді ауыл тұрғыны.
Не керек, кешегі сайлауды аудан жұрты ауызбіршілікпен, ынтымақпен өткізді, сайлаушылар белсенділік танытып, қашанда өздері үшін мемлекет болашағы бәрінен маңызды екенін тағы бір дәлелдеді. Бұл белсенділік облыстың барлық өңірінде байқалды. Демек, Сыр халқы Қазақстанның болашағына бейжай қарамайды, бұл саяси науқаннан үлкен үміт күтеді деген сөз. Сайлау қорытындысымен облыстың Қазақстан бойынша екінші орынға жайғасқаны, аймақта халықтың белсенділігі бойынша Жалағаш ауданының көш басында тұруы бұл сөзімізге тұздық болары анық.
Расында бұл – мемлекет болашағы жолында оң шешім қабылдап, дұрыс таңдау жасау үшін әрбір сайлаушыға берілген мүмкіндік. Түсінген адамға сайлау жауапкершілік жүктейді. 104 жастағы қазыналы қартымыздың кешегі саяси науқанда дауыс беруі бізге үлгі.
Не керек, ел қатарлы біреуден ерте, біреуден кеш шаруамызды бірыңғайлап ауылға тарттым. Мақсат – сондағы өз сайлау учаскеме барып таңдау жасау. Мұнда да ауыл тұрғындарының белсенділігі анық байқалды. Бастысы, әділетті һәм жаңа Қазақстанды құруға тамшыдай болса да үлесімізді қоссақ болғаны. Ал оның баспалдағы осындай маңызды саяси науқанда дұрыс таңдау жасау екенін жақсы білеміз.
Айта кетейік, жексенбідегі ҚР Президенті сайлауына қатысушылар саны 11 млн 953 мың 465 адамды құрады. Оның 8 млн 346 мыңы дауыс беруге арналған бюллетендер алған. Дауыс беру күні 641 халықаралық ұйымдардың байқаушысы, 15 мың саяси партия байқаушысы бақылауды жүзеге асырған.
Қорытындысына келсек, Қарақат Әбденге 206 206 адам, Нұрлан Әуесбаевқа 176 116 адам, Жигули Дайрабаевқа 271 641 адам, Мейрам Қажыкенге 200 907 адам, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 адам, Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 адам дауыс берген. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының кезекті брифингінде айтылды.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!