Мырзабай ахундағы білім ошағында да ауыл халқы лық толы. Ауылдағы мәдениет үйінің жоқтығы, емхана мәселесі осыған дейін екі-үші әкімнің тұсында айтылған. Бүгін Аудан әкімі Асқарбек Есжанов қос мәселеге нүкте қойды. Яғни келер жылы Мырзабай ахунда ауылдық емхананың іргетасы қаланады. Ал 2024 жылы ахун атындағы ауылда мәдениет үйі бой көтереді.
Асқарбек Темірбекұлы мейлінше 2024 жылы салынатын ауылдық клубтың құрылысын келер жылы бастауға тырысатынын айтты. Бірақ толық уәде берген жоқ. Бұл оның әдеті де. Естеріңізде болса, Аламесектегі ағайын ауылдық емхана мәселесін көтергенде әлі жобасы жоқ дүниені бұйыртса осы жылы әзірлеп, келер жылы міндеттеі түрде Есет батырда еңселі денсаулық нысанының бой көтеруіне жұмыс жасайтынын жеткізген. Ол кезде де толық уәде берген жоқ. Бірақ халық алдында айтқан сөзінде тұрды. Мырзабай ахундағы ауылдық клубтың ғимаратына қатысты жобасы да жемісті болсын дейміз.
Мұнан бөлек ахун атындағы ауылда келер жылы толықтай электр желісі жаңартылады. Бұл жобаға ел қазынасынан 127,1 млн теңге, облыстық бюджеттен 14,1 млн теңге қаралып тұр.
Биыл да Мырзабай ахун ауылында елдің талап-тілегіне біршама жұмыс жасалды. Бірнеше көшенің сапасына мән берілді, ауылдағы спорт алаңы жаңартылды. Ал жарық, аяқ суға қатысты да мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асты.
Бұл ауылда жергілікті халық тарапынан бірде-бір мәселе айтылмады. Себебі аудан басшысы тізбектеген келер жылдың еншісіндегі жобалар тұрғындардың көкейінде жүрген түйткілді мәселе екен. Бұйыртса ахун атындағы ауыл алдағы жылы жарқын жобалардың алаңына айналғалы тұр.
ХІХ ғасырда Сыр бойында діни ілімді дәріптеп, ілім құдіретін бойына жиған жан аз емес. Солардың бірі – Мырзабай ахун. Атақты ахунның заманында әулиелігімен, діндарлығымен танылғанын бүгінде ел жұрт тегіс біледі. Ол кісінің ерекше қасиеттерін айқындай түсетін небір аңыз-әңгімелер де ел аузында жүр. Мырзабай ахун ел ішінде беделді, сыйлы болғаны сонша алдынан ешкім кесе өтпейтін. Өте білімді Мырзабай ахунның алдында төселіп сөйлеп кету екінің бірінің қолынан келмесе керек.
Ахунның өмірдерегін зерттеген ғалымдардың сөзінше, ауылда мұсылманша сауат ашқан Мырзабай «Көкілташ» медресесіне 16 жасында оқуға түсіп, оны 1854 жылы үздік бітіріп, «ахун» атағын алып шыққан екен. Қазіргі зерттеушілердің айтуынша, ахун – жеті ілімді меңгерген адам немесе жеті ғылыми жұмысты қорғаған жан. Бұлай айтуларының да себебі бар. «Сол кездерде «Көкілташ» медресесінде аспан әлемі, математика, медицина, жағрафия, философия, жаратылыстану және дін ілімі тереңдетіліп берілген» дейді мамандар. Осылардың барлығын меңгеріп шыққан маманға «Ахун» атағы беріледі екен. Осыншама ғылымды меңгерген Мырзабай ахун 4 жыл сол «Көкілташ» медресесінде сабақ береді. Содан кейін білім нұрын өзге аймақтарға таратайын деген ол Сыр өңіріне келмес бұрын, Әмудария жағасына қоныс тепкен, Беруни қаласының маңындағы Тақтакөпір деген жерге келіп, Қалжан ахунның әкесі Бөлекбай батырдың ауылын сағалаған екен. Өйткені Сыр бойындағы халық отырықшылыққа бейімделе қоймаған, бала оқытуға мешіт салмаған көрінеді. Ал Қарақалпақ жерінде мешіттер болыпты. «Оның сол жақта білім беріп жүргенін естіп қалған Ораз ахун оны елге алып келу үшін барады. Сонда Сыр өңірінде мешіттердің салынғалы жатқанын, жалынды жастардың бар екенін, байлардың оған қаржы құятынын естіген. Сөйтіп елге оралады. Осындай ел ішінде беделі артқан ахун атындағы ауылдың тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайттық.
Сәрсенбінің сәтті күніндегі ауылдарға сапарымызды жалғастырып, Мәдениетпен іргелес жатқан Мырзабай ахун ауылына бет алдық. Аталған ауылға атбасын бұрған біздер ауыл әкімі Әліби Байнахатовтың сөзінен біршама жұмыс атқарылғанын бағамдадық.
– Осы ауылдың тыныс-тіршілігімен бала кезімнен таныспын. Сондықтан бұл ауылға әкім болып сайланған маған ауыл тұрғындарымен тығыз байланыс орнату аса қиындық әкелген жоқ. Ел болған соң мәселе туындамауы мүмкін емес. Қордаланған мәселелер жетерлік. Бірақ елдің егесі атанған соң, артылған жүкті жауапкершілікпен арқалап, түйінді істердің шешімін табу менің міндетім екенін білемін. Бұл қызметке дейін де Таң ауылдық округінде басшылық қызметте болдым. Сол кезде іргелес жатқан Сырдария ауданы, Н.Ілиясов ауылын көріп, менің ауылым да осылай көркейсе деген ниетте болғанмын. Қазақтың бас ақыны Абай атамыздың «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген қуатты сөзі еске оралған сайын Мырзабай ахун ауылының да ажарын арттырып, игі істердің жалғасын табатынына сенемін. Ауылдың ажарын арттырып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу күн тәртібінен түспейтін мәселе, – деді ауыл әкімі Әліби Қодарұлы.
Иә, Мырзабай ахун ауылының даму бағдарына көз салған біз кәсіпкерлікке бет бұрғандардың баршылық екенін байқадық. Ауыл халқының мемлекеттік бағдарламалармен кәсіп ашуға ынтасы жоғары. Мәселен, өткен жылдың өзінде Мырзабай ахундық 4 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқуды тәмамдап, төртеуі де бүгінде салада үлкен табысқа қол жеткізіп отыр. Мұнан бөлек 3 азамат пайыздық үстемақысы төмен несие алып, өз ісін өрістетіп отыр.
Қазір жұмыссыз азаматтардың да іс бастауына мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Бұл мүмкіндікті де Мырзабай ахундықтардың құр жібергісі жоқ. Аядай ғана ауылдың тіршілігін тұралап қалды деуге келмейді. Былтыр үш көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілсе, биыл да бірнеше көшенің сапасына мән берілген. Ауыл тұрғындары үшін ауыз су, аяқ судан мәселе туындамайды.
Келер жылдың еншісіне қалдырылған әлі талай жұмыстың шеті шығып тұр. Оны бағана сөз басында айттық.
Дамуға бет бұрған ауылда айтарлықтай мәселе барын байқамадық. Ауыз су, аяқсу, жарық, жол мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауыпты. Ауыл әкімі де бастысы алға қойған мақсат барда атқарылатын істер де толастамайтынын айтады. Мәдениетпен иық тіресіп тұрған ахун атындағы ауылда ахуал да тұрақты.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!