Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Сенбі, 21 желтоқсан, 16:37

Білім ошағында серпін бар

02.12.2022

592

0

Кешегі «Ғылым таппай мақтанба» деп, жастарды, тіпті бүкіл адамзатты оқу, білімге шақырған ойшыл Абайдың қазақтың ұлы ақыны аталуының өзі тегін емес. Шынында, ақын мұралары бүкіл     әлемге құнды, адамзатқа рухани азық болатын халықтың қазынасы. Ұлы ойшылдың тереңдікке, кемелдікке тәрбиелейтін шығармашылық әлемі бойлай білген адамға тәлім-тәрбие өзегі деуге болады. Қазіргі заманның басты талабы – білімді, бәсекеге қаділетті адам болу болса, мұны Абай атамыз сол кезеңде-ақ айтып, көзі ашық, көкірегі ояу болуға үндеген еді. Оқу, білім туралы сөз еткенде Абайдан асқан бағдаршам, ұлтқа шамшырақ болатын тұлға жоқ.

Аудандағы білім саласының соңғы жылдары серпін алғанын білеміз. Білім бар жерде өрлеу де бар, өсу де бар, жетілу мен кемелдену де толастамақ емес. Біздің аудан білім саласына келгенде ауыз толтырып айтарлықтай, көпке мақтанарлықтай жетістікке жетті. Жыл сайынғы сынама тесттің нәтижесімен, республикалық, қала берді халықаралық білім бәйгелерінде топ жарып жүрген талапты шәкірттерімен қашан да алдыңғы қатардан көрініп келеді. Осындай қарқынмен, қабілетпен, жүйелі жұмыс, жан-жақты ізденіс толастамаса бұл саланың кенжелеп қалмайтыны анық.

Ауданның жыл қорытындысымен облыстағы білім беру орындарының ішінен озық шығып, үздік атануы да тегіннен-тегін емес. Газетіміздің өткен сандарында кент орталығындағы іргелі білім ошақтарының жетістігін жарияласақ, бұл жолы Жаңадария ауылдық №203 орта мектептің тыныс-тіршілігіне тоқталмақпыз.

Алғашында бастауыш сыныптық, одан кейін сегіз жылдық, негізгі білім беретін, ал 1970 жылдан бастап орта білім беретін білім ошағы әр жыл сайын жаңалыққа қол жеткізді. Мектеп қабырғасында беріректе 25 балаға арналған «Береке» шағын орталығы ашылды. Содан бері мектеп ұжымы бүгінгі күн талабына сай ел болашағын тәрбиелеу жолында мақсатты жұмыс істеп келеді. Аталған білім ошағында ғылыми жоба, олимпиадаларда жүлдегер атанғандардың үлесі өсім алыпты. Биылғы жылы да алтын ұядағы білімді жастар бірнеше жеңіс тұғырын бағындырып, ұстаздарының еңбегін еселей түсті. Атап айтар болсақ, мектептегі 9 сынып оқушысы Ұлпан Амандық облыстық «Жыл оқушысы» сайысының аудандық кезеңінде ІІІ орынды, 6 сынып оқушысы Гүлсезім Мұрынбаева «Менің отбасымдағы дәстүрлер» тақырыбындағы бейнероликтер байқауында ІІ орынды, 7 сынып оқушысы Гүлім Жанболатқызы  «Зерде» конкурсының І кезеңінің аудандық секциясында ІІІ орынды, 2 сынып оқушысы Аңсатқан Естай «Менің отбасым» аудандық сурет байқауында І орынды, 5 сынып оқушысы нұржан Қартаңбай «Отбасы өнегесі» бейнероликтер байқауында ІІ орынды, 11 сынып оқушысы Әбілқайыр Айтмағанбет «Театрдың ғажайып әлемі» театр өнерінің республикалық фестиваль-байқауының облыстық кезеңінде «Үздік ер адам рөлі» номинациясы бойынша үздіктер қатарынан көрінгенін айта кету керек. Ал спортта жүрген ауыл балаларының жеңісті сәттері өз алдына бір бөлек. 8-11 сынып оқушылары арасында өткен «Қол күресі» спорт түрінен 60 келі салмақта жүлделі ІІ орынды Нұртөре Жақсыбай, Мардан Зәкір 65 келіден жоғары салмақта жүлделі ІІ орынды, Әбіш Батыржан лингвистикадан республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде ІІІ орынды иеленсе, Шерхан Сауранбек асық атудан аудандық жарыста үздіктер қатарынан көрінді. Мектеп оқушыларының ішінде байқаулардан қалмай, өзінің қарым-қабілетін көрсетіп, үздіктер қатарынан көрініп жүрген Ұлпан Амандық пен Аружан Жоламанқызы да бар. Жоғары сынып оқушысы Ұлпан Амандыққызы сурет деген сырлы әлемнің қыр-сырын түсініп, сол арқылы ақ қағаз бетін әсемдеп, түрлі жанрдағы туындыларын бейнелеп жүр. Табиғатынан сурет салуға ынта-икемі бар Ұлпанның жетістіктері де аз емес екен. Тәуелсіздік мерекесіне орай «Тәуелсіз елдің бақытты балалары» тақырыбында өткізілген сурет көрмесі байқауы І дәрежелі диплом, «Дәрігерлерге мың алғыс» бейнероликтер байқауында І орын, .«Табиғат-тал бесігім» қашықтықтан өткізілген бейнеролик байқауында ІІ дәрежелі диплом, «Біз есірткіге қарсымыз»  облыстық  фотосурет байқауында ІІ орын, 7-11 сыныптар арасында «Жарқын болашақ» қазақ тілі олипиадасы сурет байқауы «комикс» жанры  бойынша ІІ орын алса, Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы: «Ата Заңым – алтын қазағым» сурет  байқауында ІІІ орынды,  «Ауылым, қалам-алтын бесігім» үздік сурет Республикалық сырттай байқауында ІІІ орынды, «Елбасы жолы» 6-8 сыныптар арасында аудандық эссе байқауында ІІІ орынды, «Алтын қазына» көркем және сәндік қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының республикалық көрме байқауының І кезеңінде ІІІ орынды иеленген. Бүгінгі күні Ұлпанның салған суреттері түрлі бағытта, түрлі жанрда. Ой мен қиялды ұштастыра біліп, содан туған туындысын шеберлікпен ақ қағазға бейнелей алатын өнерлі жастың фотосуреттер галереясы әлі де талай ерекше туындымен толықпақ. Шығармашылықпен айналысып, жастайынан жүлделі орындардан көрінген оқушының талабын шыңдап, қанатын қатайтып, байқауларда топ жаруына күш салатын ұстазы, жетекшілік ететін Қалжан Бақтыбаева да он саусағынан өнер тамған жан-жақты жан. Ол кісінің кабинетінде қолөнер бұйымдары, әсіресе оқушыларының қиялынан туған дүниелері алыстан көз тартып тұр.

Ал жоғары сыныпта оқитын Аружан Жоламанқызының түрлі білім сайыстарындағы, олимпиадалардағы жеткен жетістіктері өз алдына. Аудандық олимпиадаларда жүлделі ІІ, ІІІ орындарды иеленіп жүрген ол,  2016-2017 жылдары «Мамандықтар әлемін ашамыз» тақырыбындағы эссе байқауында ағылшын тілінде бақ сынап, ІІ орын алса, республикалық қашықтықтан ұйымдастырылған олимпиадаларда, Менің бастамам  – Менің Отаным үшін»  республикалық  шығармалар байқауының аудандық кезеңінде І орын, 2019 жылы информатика пәнінен өткен байқауда І дәрежелі диплом,  2019-2021 жылдары жалпы пәндер бойынша ғылыми жобалар байқауында информатика секциясы бойынша І,ІІ,ІІІ дәрежелі дипломды иеленді. Бұдан бөлек көптеген қашықтықтан өткен олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

Бұл Жаңадариядағы білім ошағының мерейін асырып жүрген оқушылардың бірнешеуі ғана. Әрине осындай жетістіктерге жету үшін оқушылармен бірге күні-түні ізденіс үстінде жүріп, олардың кішігірім жүлдесінің өзіне шын жүрегімен қуана білетін ұлы мамандық иелерінің еңбегін де елеусіз қалдыру мүмкін емес. Біз мақалаға арқау етіп отырған, Ерлан Жүсіпбеков басқаратын білім ошағында түрлі бағыттағы байқауларда, білім сайыстарында жүлделі орындарды иеленіп жүрген Ғалия Ильясова, Қанат Тұрғанов, Жазира Нұрмаханова, Жарқынбек Бостанов сынды мұғалімдер бар. Бұл ұлы мамандық иелері білім бәйгелеріне шәкірт баптап қана қоймай, айтып өткеніміздей өздері де үздіктер қатарынан көрініп келеді. Сондай-ақ Әсия Тұрмаханова тәрбиелік шараларда белсенділік танытса, Бағжан Есенова өз шығармашылығын дамытуда «Үздік мұғалім-2021» номинациясын иеленіп, мектеп директоры тарапынан алғысқа ие болды. Мұғалімнің кәсіби жетістіктері сараланып, Қалжан Бақтыбаева үздік педагогикалық идеялар фестивалі аясында  «Шығармашыл толқын» номинациясы бойынша ІІІ орынды, Айнұр Мұрынбаева «Үздік бастауыш пәні мұғалімі-2021» атанып ІІ орынды алса, облыстық «Өрлеу» орталығынан да ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Тағы сол сияқты мектеп мұғалімі Шолпан Мұрынбаева «Үздік авторлық бағдарлама-2021» байқауында І орын, Әлия Тұрмаханова «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі-2021» ІІІ орын, «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі-2021» байқауында мектеп мұғалімі Әуесхан Тұрғанов «Жаңашыл мұғалім» номинациясымен марапатталған.

Айта кетейік, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған шаралар да ауылда көрініс табады. Бұл үшін 2018 жылы мектеп жанынан дзюдо үйірмесі ашылып, мақсатты түрде жұмыс істеуде. Спорт және жастар ісі жөніндегі мамандардың ұйымдастыруымен мектеп қабырғасында кешкілік спорттық ойын түрлерінен жарыстар өтіп  тұрады. Ауыл жастарын аудандық сайыстарға қатыстыру, оларды ынталандыру, жаттықтыру жұмыстары күнделікті мектептің спорт залында жүргізіледі. Бұл спорт үйірмесіне 45 баланы  қамти алады. Осы дзюдо күресіне қатысушы балалардың дені республика, облыс, аудан көлемінде турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып та жүр.

«Таланттың бәрі ауылда» деген бұрыннан қалыптасқан қағида бар. Аядай ғана ауылда өсіп жатқан жастардың арманы асқақ, алға қойған мақсаттары айқын. Оны ауыл жастарымен кездесе қалсаңыз, ой-өрісі кең, ересек адамдарша сөз саптағандарынан-ақ байқайсыз. Жастардың осындай ерекше ынта-жігерлерінің нәтижесі болса керек, спорт, білім саласында да жеңістің дәмін татып, ауыл мерейін тасытып келеді.

Мектеп ұжымы жас мамандармен толығып, бүгінде ұжымдық еңбектің нәтижесінде  білім беру ошағындағы білім сапасы артқан. Мектептегі тәрбие бағытында да жасалып жатқан жұмыстар ауқымды. Кешегі жыл қорытындысымен мектеп мұғалімдері Бағжан Есенова «Шығармашыл мұғалім-2021», Шолпан Мұрынбаева «Жылдың үздік мұғалімі-2021», Әсия Тұрмаханова «Сынып жеткші-көшбасшы-2021» атанды. Ал мектеп ұжымының биылғы жетістігінің қатарында мектеп мұғалімі Б.Есенованың «Құрмет» грамотасы мен «Педагогикалық идеялар панорамасы» облыстық байқауының аудандық кезеңінен алған ІІ орыны, мектеп мұғалімі Ш.Мұрынбаеваның осы байқаудың аудандық кезеңінен алған І орыны, мектеп мұғалімі А.Жұматаеваның ІІІ орыны бар. Айта кету керек, аталған алтын ұяда жыл сайынғы «Мектепке жол» аясындағы қайырымдылық шарасын өткізу де дәстүрге айналған. Бұл игі істе белсенділік танытып, көмек қолын созатын демеушілердің қатарында «Айбатыр» ЖШ, «Маулен» ЖШ бар.

Білім саласында үздіксіз қызмет еткен, ұстаздық жолда қанша шәкіртті шыңдап, өміріне бағыт-бағдар берген, талайды білім нәрімен сусындатып, қоғамға пайдалы азамат қалыптастырған әр жанның орны бөлек, есімі ерекше аталмақ. Жер бетіндегі ең ұлы мамандықты таңдаған және осы жолда аянбай тер төккен ұстаздар қауымына адамзаттың алғысы шексіз, құрметі бөлек. Білім беру ісінде өзіндік өрелі орнын қалыптастырған, сол арқылы елінің есінде мәңгі қалған жандардың қатарында Күләйхан Баймұратова да бар. Бұл кісіні еске алғанымыз да тегін емес еді. Өйткені Күләйхан апай осы ауылда қанша жыл елеулі еңбек етіп, оқушыларға білім беріп қана қоймай, қолөнермен де айналысқан еді. Расында, бұл қолөнер сонау заманнан бізге жетті. Арада қанша дәуір өтсе де өз құндылығын жоғалтпады. Өйткені қазақ халқының басқа халықтардан ерекшеленіп тұратын мәдениеті, өнері, болмысы бар. Әсемдігі мен түрлі оюлары алыстан көз тартып, жарқырап, жасанып тұратын құрақ көрпешелер мен текеметтің өзі керемет. Осыдан-ақ байырғы қазақ халқының қарапайым тұрмыстық бұйымдарының өзі үлкен еңбекпен жасалғанын көреміз. Жаңадариялықтардың жадында өзіндік парасатты болмысымен, адамгершілік қасиетімен білікті ұстаз ретінде сақталып қалған аяулы жанның ізін жалғайтын осындай білікті ұстаздар, өнерлі оқушылар барда, мұндай ардақты жандардың есімдері ұлықтала бермек.

Шәкіртінің жетістігі ұстаз еңбегінің жемісі, бағаланғаны деп білеміз. Еңбегің лайықты бағаланып, оқушың үмітің ақтаса, ұстаз үшін одан асқан бақыт жоқ шығар.  Ал ұстаз бен шәкірттің бағындырған әрбір биігі сол мектептің абыройын асырады.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: