Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сейсенбі, 30 сәуiр, 20:28

Сайлауалды бағдарламаның орындалу барысы фракция отырысында пысықталды

12.12.2022

235

0

«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі аудан бойынша жол картасының жыл соңына дейін орындауда біршама жоба қолға алынған. 7 бағытты қамтитын 19 индикатор, 87 іс-шараны қамтитын аталған жол картасының биыл 11 айда 82 іс-шарасы жүзеге асқан. Яғни бұл меженің 94,3 пайызын құрайды. Ал 5 іс-шараның, яғни меженің 5,7 пайызының әлі де мерзімі бар. Аудандық мәслихаттағы «Amanat» партиясының депутаттық фракциясы отырысында экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жұпар Баймаханова осылай деді.

Күн тәртібінде бір мәселе қаралып, мұнан әрі бөлім басшысы іс-шарадағы жобалардың атқарылу барысына кеңі­нен тоқталды. Жұпар Хамитқызы «Эко­номикалық тұрақты аймақ» бағыты 16 тармақты қамтитынын айтады. Бұл бағытта жергілікті кәсіпкер­лердің жеке қаражаты есебінен биыл жоспарланған жобалар жүзеге асып жатыр екен.
Биыл «Кәсіпкерлікті дамыту жөнін­дегі 2021-2025 жылдарға арнал­ған» ұлт­тық жобасы аясында қысқамерзімді оқуға 29 адам жолданып, жоспар толы­ғымен орындалған. Бұл бағытқа бөлінген қаражат көлемі 6,5 млн теңгені құрайды.
Мемлекеттік және өңірлік бағдар­ламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсібін әр қарай дамыту бағы­тында 417 жоба жалпы құны 2 млрд 822 млн теңге қаржылай қолдау тапқан. Нәтижесінде 430 адам екі қолға бір күрек тауыпты.
Жұпар Хамитқызы кент орталы­ғындағы «Ақниет» дүкенінен әлеуметтік бұрыш ашылғанын айтады. Дүкен иесі бүгінде «Байконур СПК-мен» меморандумға отырған. Қазіргі таңда әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, оның ішінде ұн, күнбағыс майы, қант, макарон өнімдері нарықтан төмен бағада сатылып жатыр екен. Әрине бір дүкен жанынан ашылған жалғыз бұрышпен белгілі топтағы отбасы мүшелерін қамту қиынға соғады. Оның үстіне әр өнім әр адамға белгілі мөлшерде сатылады. Осы ретте аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ғабит Ербол алдағы уақытта дүкендер жанынан мұндай бұрыштарды әлі де ашуға жұмыс жасалатынын жеткізді.
Биыл желтоқсан айына дейін мал шаруашылығын дамыту бағытында мүйізді ірі қара санын 37 800-ге жеткізу межеленсе, бүгінде сиыр саны 38 206 басқа жеткен. Яғни ірі қара, 1,1 пайызға, жылқы 37,9 пайызға, түйе 2,5 пайызға артқан. Нәтижесінде аудан бойынша асылтұқымды малдың үлесі 2 пайызға жеткен.
Жұпар Хамитқызы 11 айда аудан бойынша жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2 845-ке жеткенін айтады. Ал жол картасының «Жайлы аудан» бағыты бойынша биыл аудан бюджетіне ҚР Ұлттық қорынан берілетін кепілдендірілген трансферт және облыстық бюджет есебінен аудандық маңызы бар Бұқарбай батыр елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеуге 196,6 млн теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары толық аяқталыпты.
Аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Еңбек-Есет батыр» автомобиль жолының 17,1 шақырымын орташа жөндеу жобасын бастауға 100 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінде онда жол құрылысы жүріп жатыр. Мұның өтпелі жоба екенін де еске салайық. Яғни келер жылы жобаны толық аяқтауға 196 млн теңге қаржы бөлініп қойған.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында М.Шәменов ауылындағы жалпы құны 121,8 млн теңгені құрайтын 9 көшені орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Енді Ұлттық сапа орталығынан тексеру жүреді. Мырзабай ахун ауылындағы жалпы құны 131,5 млн теңгені құрайтын 2 көшені күрделі жөндеу жұмыстары да толығымен аяқталып отыр. Бірақ мердігер мекеме тарапынан жұмыстар уақытында орындалмауына байланысты сот отырысы күтілуде. Еңбек ауылындағы жалпы құны 110,6 млн теңгені құрайтын 3 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Мердігер тарапынан жұмыстар уақытылы орындалмауына байланысты мұның да сот отырысы күтілуде.
Бөлім басшысы облыс тайқазанынан Аққыр елді мекеніндегі А.Ахетов және Жаңадария елді мекеніндегі Абай көшелерін күрделі жөндеуге 72,2 млн теңге қаржы бөлінгенін айтады. Бүгінде қос көшенің жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілген.
Облыстық бюджет есебінен Жалағаш кентіндегі Конституция және Н.Апрезов көшелерін орташа жөндеуге 28,2 млн теңге қаржы қаралған болатын. Қазіргі таңда Конституция көшесінің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Ал Еңбек Ері Н.Апрезов көшесі желтоқсан айының аяғына дейін пайдалануға беріледі.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, биыл бекітілген аудан бюджетінен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында алдағы жылдарға қаржыландыруға Жалағаш кенті, Бұқарбай батыр, Есет батыр, Аққұм, Ақсу елді мекендерінің инфрақұрылымын дамытуға, ішкі жолдарын жөндеуге жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге 24,2 млн теңге қаржы бағытталып, құжаттар әзірленген. Келер жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Еңбек елді мекенінің ішкі 3 көшесін, Бұқарбай батыр елді мекенінің ішкі 3 көшесін орташа жөндеуге және Жалағаш кентіндегі М.Шәменов көшесін, М.Шәменов елді мекеніндегі Бұқарбай батыр көшесін күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 558,9 млн теңгеге қаражат мақұлданған.
Ел тайқазанынан кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында кенттегі 5 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттің ішкі заем есебінен 36 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар толық аяқталған. Ал Еңбек және Есет батыр ауылдары аралығындағы ПК-16 көпірін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге былтыр 59,7 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл өтпелі жоба болатын. Сондықтан биыл тағы бұл көпірдің құрылысына 79,6 млн теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда көпір бетіне асфальт төселіп, көпір үстіне қоршаулар орнатылып, сырлау жұмыстары жүргізілуде. Канал жиегіне темірбетон плиталар орнатылып, суағарлар қойылуда. 30 желтоқсанға дейін жұмыстар толығымен аяқталады. Жобаның жалпы құны – 149,9 млн теңге.
ҚР Ұлттық қоры есебінен кенттегі «Ақтерек» жер учаскесінен су ұңғымалары және су жинау-тарату кешенінің құрылысына 361,2 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ Аққұм елді мекенінің су тарату жүйесінен аулаішілік су тарату желісін кеңейту, тұтынушыларға су тарату желісінің құрылысына 184,2 млн теңге, Мәдениет елді мекенінің су тарату жүйесінен аулаішілік су тарату желісін кеңейту, тұтынушыларға су тарату желісінің құрылысына 140,4 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда кенттегі «Ақтерек» жер учаскесіндегі су ұңғыма кешенінің құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталса, Аққұм елді мекенінің су тарату желісін кеңейту жұмыстары аяқталуға жақын, ал Мәдениет елді мекенінің кеңейту жұмыстары да 90 пайызға бітіп тұр. бұл жобалардың да негізінен өтпелі болғанын айта кетейік. Бірақ 2023 жылға жобаны толық аяқтауға қаржысы шешілген.
Партияның фракция отырысында кенттің жобаланған жаңа аймақтары «Ақтерек» 170 гектар тұрғын үй салу аумағын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, яғни электр, ауыз су желілерін тарту жобаларына ел тайқазанынан 577,8 млн теңге қаржы бөлінгені айтылды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба да өтпелі, бірақ қазірдің өзінде 2023 жылға қаржысы толық шешілген. Инфрақұрылымның газ, жол жобалары мемлекеттік сараптамадан өтіп, құжаттары дайын тұр екен. 2023 жылы инфрақұрылымға газ желісін тартуға жалпы құны 601 млн теңге қаржы мақұлданған. Ал аталған жер учаскесіндегі жол құрылысы жобасының құны 2506,1 млн теңгені құрайды.
Басқосуда биыл Мәдениет және өнерді дамыту орталығы, Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі, аудандық қаржы бөлімі нысандарының жылу жүйесін газ желісіне көшіру үшін облыстық бюджеттен 80,2 млн теңге қаржы бөлінгені айтылды. Бүгінде аталған мекемелер орналасқан нысандарға газ тарту жұмыстары толығымен аяқталған. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, ауданда газ тарту жұмыстары мұнымен шектелмейтін сыңайлы. Яғни алдағы уақытта мұнан өзге біршама жоба қолға алынатын көрінеді.
– Ақсу елді мекенін орталықтандырылған газ желісімен қамтамасыз етуге жобалау-сметалық құжаттар әзірлеуге аудандық бюджеттен былтыр 9,2 млн теңге бөлінді. Жобалаушы мекеме жоба-сметалық құжат әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, бүгінде құжаттары дайын тұр. Жобаның жалпы құны – 545 млн теңге. Облыстық энергетика басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған.
Биыл М.Шәменов елді мекенін газдандыру жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірлеуге аудандық бюджеттен 7,6 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сараптамаға дейінгі құны – 660 млн теңге. Сонымен қатар 2022 жылға республикалық бюджеттен «Ауыл – Ел бесігі» жобасына қосымша қаржы қарау мақсатында ауданнан Жалағаш кентіндегі «Ақмаржан», «Күншуақ», «№19 санаториялық бөбекжай» балабақшасы ғимараттарының жылу жүйесін газға ауыстыру жобаларына ҚР Ұлттық қорынан бөлінетін кепілдендірілген трансферт есебінен 49,9 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда «Ақмаржан», «№19 санаториялық бөбекжай» балабақшасы ғимараттары толық газге қосылған. Ал «Күншуақ» балабақшасына көгілдір отын тарту жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыстар да 30 желтоқсанда толық аяқталады.
Кентке кіреберіс облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойына 12 гектар жасыл белдеу құру жобасының құжаттары да дайын тұр. Жоба құны – 548,5 млн теңге. 2023 жылы республикалық бюджет есебінен қаржыландыруға ұсынылды, – дейді Жұпар Баймаханова.
Хабарламашы әлеуметтік бағдарланған аймақ бағыты бойынша да ауданда атқарылған жұмыстарыды саралады. Оның сөзінше, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды бүгінге дейін мектепке дейінгі тәрбиемен 89,1 пайызға қамтуға мүмкіндік туған. Ал аудан мектептерінің 75 пайызы жаңа модификациялық кабинеттермен қамтамасыз етілген. Биыл 5 пәндік кабинет, оның ішінде 2 биология, 2 физика, 1 химия кабинеттеріне қажетті құрал-жабдықтар алуға 40,7 млн теңге қаржы бөлініп, кабинеттер толық қамтамасыз етіліпті. Сондай-ақ 5 мектепке 40,7 млн теңгеге бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл жұмыстардың балалар қауіпсіздігі үшін маңызды екенін жақсы білеміз.
Фракция отырысында биыл білім саласы бойынша атқарылған жұмыстар, мемлекеттің аталған салаға қолдауы және оның нәтижесі де сараланды. Мәселен, биыл ҰБТ-ға аудандағы 358 мектеп бітірушінің 312-сі қатысқан. Аудан бойынша қатысу деңгейі 87,2 пайызды құрайды. Орташа балл – 81,2. Оның ішінде 45 түлек 100 баллдан жоғары жинаған.
Жұпар Баймаханова медициналық қызметтердің қолжетімділігі, жалпы қызмет сапасын арттыру мақсатында облыстық құрылыс басқармасы арқылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Таң ауылында жалпы құны 140 млн теңгені құрайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары аяқталып, бүгінде пайдалануға берілгенін айтады. Денсаулық нысандарын жаңалау келер жылы ауданға қарасты тағы қос елді мекенде жалғасады екен.
– Мырзабай ахун елді мекенінде жоба құны 431 млн теңге, Есет батыр елді мекенінде жоба құны 410 млн теңге болатын дәрігерлік амбулатория құрылысы 2023 жылға «Нұрлы жол» бағдарламасына қаржыландыруға ұсынылды. Биыл инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептің үлесі 80 пайызды құрап отыр. 2022 жылы 9 млн теңгеге аудандағы №122, 124, 232 мектептер 3 инклюзивті кабинетпен қамтылды. Сондай-ақ облыстық бюджеттен стритбол алаңын салуға 11,5 млн теңге бөлініп, «Наркескен» спорт клубы жанынан салынған стритбол алаңы пайдалануға берілді. Биыл Аққыр, Бұқарбай батыр, Мырзабай ахун, Жаңаталап елді мекендеріндегі спорт алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудан бюджетінен 19 млн теңге қаржы қаралып, жұмыстар толығымен аяқталды. Сонымен қатар демеушілер есебінен Дәуімбай учаскесінде, Бұқарбай батыр, Есет батыр елді мекендерінде балалар ойын алаңы пайдалануға берілсе, Таң елді мекенінде жабық спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жалағаш кентінен дене шынықтыру және сауықтыру кешені құрылысын салуға республикалық бюджеттен 217,1 млн теңге бөлінді. Жобаны аяқтауға 2022 жылға республикалық, облыстық бюджет есебінен 199,7 млн тенге қаржы қаралып, жұмыстар атқарылуда. Аталған нысан жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Аудан халқының бұқаралық спортпен шұғылданатындар үлесі 34 пайызға жетті. олардың үлесін негізінен 32 пайызға жеткізу көзделген, – дейді Жұпар Хамитқызы.
Ол биыл Жалағаш ауданында 189 жас тұрақты жұмыспен қамтылғанын айтады. Әлеуметтік салалар бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 42 маманға тұрғын үй сатып алуға 192,9 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті қаражат бүгінде толығымен игеріліпті. Жастар ресурстар орталығында коворкинг орталығында түрлі форматтағы шараларға аудан жастарының 55 пайызы қатысқан.
Бөлім басшысының сөзінше, ауданда партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында 19 қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған. Аталған бағыт бойынша іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес әлі де өткізілуде.
Биыл М.Шәменов елді мекеніндегі ауылдық мәдениет үйі ғимаратын күрделі жөндеуге «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ҚР Ұлттық қорынан бөлінетін кепілдендірілген трансферт есебінен 142,7 млн теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Хабарламашы жыл аяғына дейін оның да жұмысы толық аяқталатынын айтады.
Келер жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасына Мырзабай ахун, Аққыр елді мекендеріндегі 100 орындық ауылдық клуб ғимаратының құрылысына қатысты қос жоба ұсынылған. Сонымен қатар Бұқарбай батыр елді мекеніндегі ауылдық мәдениет үйі ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге жергілікті бюджеттен 3,2 млн теңге қаржы қаралыпты. Тиісті құжат бүгінде мемлекеттік сараптамадан өтуде.
– Ашық және есепті жергілікті органдар бағыты бойынша 7 тармақ қамтылған. Электрондық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесі есепті мерзімде 80,4 пайызға жеткізілді. Меже – 70 пайыз. Қауіпсіз аудан бағыты бойынша 2022 жылы облыстық бюджет есебінен М.Шәменов елді мекеніне кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолын жарықтандыруға 17,2 млн теңге және Жалағаш кентіндегі Қазбек би көшесінің көше жарық шамдарын қайта жаңғыртуға 22,8 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар толық аяқталды. 2020 жылы Жалағаш кентінің «Дәуімбай» учаскесінен бір пәтерлі 3 бөлмелі жалдамалы 30 тұрғын үй құрылысына жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, 3 бөлмелі жалдамалы 10 тұрғын үй құрылысына қаржы бөлініп, сол жылы құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда жобаның қалған бөлігі бір пәтерлі 3 бөлмелі 20 тұрғын үй құрылысына облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім жолданды. Сонымен қатар демеушілер есебінен Жаңаталап, Т.Жүргенов елді мекендерінде әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға 7 тұрғын үй салынды. Блогерлер және халықтың көмегімен Еңбек, Қаракеткен, Бұқарбай батыр, Мырзабай ахун елді мекендерінде тұрғын үйі өртенген азаматтарға 4 тұрғын үй сатып алынды, – деді Жұпар Хамитқызы.
Сөзін қорытындылаған бөлім басшысы алдымызда әлі де атқарылар бірқатар ауқымды міндеттер тұрғанын тілге тиек етіп, аталған шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді.
Мұнан кейін фракция мүшелері, халық қалаулылары бөлім басшысына сауалды қос-қостап жолдады. Жұпар Хамитқызы да бүгінгі жиналысқа тыңғылықты дайындықпен келген. Тіпті әрбір сұраққа нақты жауап беретін бөлім басшыларымен бірге келген. Бір сөзбен айтқанда, баяндамашыға қойылған сауалдың ешқайсысы жауапсыз қалмады.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: