Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сенбі, 23 қараша, 23:15

Абырой биігіндегі Ақниет

13.12.2022

1410

0

Үлгерімі жақсы оқушы – мектеп мерейі, ұстаз мақтанышы. «Мектепте жақсы оқиды» деген атақ өмірлік паспортың іспетті. Бүгінде өңір мектептерінде білімімен биік шыңдарды бағындырып, оқу бәйгесінде топ жарып жүрген озық ойлы озат оқушылар аз емес. Солардың бірі – 116 орта мектептің 9 сынып оқушысы Ақниет Дүйсенғалиқызы.

Қазақтың бағзыда айтқан «Қатарыңның алды бол» деген баталы сөзі бар. Аталы сөзді құлағына құйып өскен Ақниеттің білімге деген талпынысы жоғары. Алтын ұясының мерейін үстем етіп жүрген оның алғырлығы мен жігеріне, білімі мен тәрбиесін ұстаздары шаттанып та, мақтанып та айтады. Әр оқу жылын «Өте жақсы оқығаны үшін» мақтау қағазымен аяқтайтын оқушы түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып жеңімпаз атанған. Таяуда ғана ҚР оқу-ағарту министрлігі жанындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының «Елжанды патриот» сертификатын иеленді. Сондай-ақ қазақстандық жас патриоттар академиясының мүшелігіне қабылданып, арнайы медальмен марапатталды.
– Мен 10-30 қараша аралығында Республикалық «Бал­дәурен» оқу-сауықтыру орталығының Түркістан лагерінде тыныққан болатынмын. Біз Қызылорда облысынан 24 бала бардық. Біз барған ауысымға әр мектептен өз мектептерінің көшбасшыларын, мектеп президенттерін жинаған болатын. Мен ең үлкен 8-ші топ болдым. Ең алғашқы жарысымыз «Визитка» еді. Біз бұл жарыстан бас жүлде алдық. Кейін Олимпиада жарысынан да бас жүлдені қанжығамызға байладық. 1-1,5 апта өткеннен кейін маған І топқа жетекші боласың деген тапсырма келді, мен солай жетекші болдым. Ұйымдастырушы ұстазбен бірге оқушыларды жарыстарға дайындадым. Солай біз көптеген жетістікке жеттік. Мен 15 ауысым “Top Leaders” атты ауысымға түскен болатынмын. Бізде Тәрбие кешенінің директоры Әліп Егемберді Тұрсынбекұлы болған. Ол кісі өте керемет адам. Балалармен жақсы қарым-қатынас құра алатын. “Балдаурендегі” әрбір вожатыйлар өз қызықтарымен, өздерінің ерекше қасиеттерімен әрбір болған сәттерімен есімде қалған болатын. Вожатыйлар, балалар үшін бір уақытта ата-ана, дос бола алатын ерекше жандар, – дейді озат оқушы.
Қазір мектептерде оқушылардың қоғамдық-әлеуметтік, танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту негізінде көшбасшы оқушылар арасында ұйым құрылып, өзара мектептің президентін сайлайды. Оқуда озат атанған Ақниет те өз мектебінің президенті. Біліммен қатар өнер айдынында да жүлдегер атанып, Балалар жылы аясында ұйымдастырылған «Мен де жұлдыз боламын» байқауында І орынды иеленді. «Amanat music» ІІ Халықаралық конкурс-фестивалінің облыстық І кезеңінде бас жүлде иеленсе, республикалық ІІ кезеңінде үздік өнер көрсеткені үшін «Ұлттық би» номинациясымен марапатталды. Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған «Абай дана, Абай дара қазақта» атты облыстық байқаудан ІІ орынды жеңіп алды.
Ақниеттің марапаты мен дипломдарын айта берсек, мұнымен бітпейді. Әр мақтау қағаздың артында оның білімі мен еңбегі жатыр. Осы секілді халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалар мен білім, өнер сайыстарында алған марапаты көп. Бұл жетістіктерін білім нәрімен сусындатқан ұстаздарының еңбегі, отбасының қолдауы деп біледі.
– Ұстаздарымның жетекшілігімен алған білімімді облыс­тық, республикалық, халықаралық жарыстарда шыңдап келемін. Осындай сайыстарға қатысуға мүмкіндік беріп, білім нәрімен сусындатқан мектеп мұғалімдеріне алғысым шексіз. Бізде білім алуға, білімді одан әрі жетілдіруге толық мүмкіндік бар. Қосымша сабақтар да қарастырылған. Алдағы білім және өнер додаларында да жүлделі оралуға барымды саламын. Жетістікке жетіп жатсам, ол – ата-анамның, ұлағатты ұстаздарымның еңбегінің жемісі, – дейді жас дарын Ақниет Снасап.
Балауса қыз мектепті үздік аяқтап, болашақта журналист болуды армандайды. Би өнері мен музыкаға да жаны құштар. Тағы бір айта кетерлігі, Ақниет кітапқұмар. Әсіресе қазақ тілі мен әдебиетін сүйіп оқиды. Талай білім бәйгелерінен топ жарған дарынды оқушының болашағынан үлкен үміт күтеміз.

Е.СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: