Қазақтың көшпелі тұрмысындағы тәжірибелі іс – малдың қоныстанатын қорасын қыстаудан жайлауға көшкенде немесе жайлаудан қыстауға көшкенде көңін аударып кету. Бұл не үшін деген сұрақ туындауы мүмкін. Әрине ата-бабамыз тегіннен-тегін бұлай істеген жоқ. Әрбір істің астарында терең мән, тіпті философия жатыр деуге болады. Бұрынғының адамдары жазық далада күн кешкендіктен түрлі жәндіктерден қорғанудың әдістерін жетік білді және оны тәжірибеде қолданды. Міне біздің әңгіме басында айтқанымыз кенеден сақтанудың бір әдісі болатын. Өйткені мезгіл мәселесі бізді де бейжай қалдырмады. Тиісті мамандармен тілдесіп көрдік, білген-түйгенімізді ой таразысына салып, саралап, сараптап оқырманға жеткізіп отырмыз.
Конго-Қырым қанды безгегі ең алғаш Қырымда анықталған
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – жедел вирусты ауру, табиғи ошақты зоонозғада қатысты. Екі толқынды қызбаны мінездейді, жалпы интоксикациямен және тромбогеморрагиялық синдроммен жүреді. Ауру көктем, жаз, күз айларында кездеседі. Конго-Қырым қанды қызбасы ауруының тасымалдаушысы қарапайым кене. Кене шағу қауіптілігі кейбір кенелердің ағзасында осы ауруды тарататын вирустардың сақталуында жатыр. Кенелер адамға мал жайғау, малды сауу, сыртта бақша егу, отын-шөп дайындау, табиғатта дем алу, тағы сол сияқты жағдайларда жабысады. Өйткені қарап отырсақ кенелердің шығу мерзімі де осы күз, жаз айларында. Дәл осы мезгілдерде адамдар кененің шағуынан зардап шегіп жатады.
Қырымда алғаш рет Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының ауруын ресейлік вирусолог М.П.Чумаков 1944-1945 жылдары анықтаған. Кейін бұл ауру Конгода, Нигерияда, Сенегалда, Кенияда сипатталған. Қазақстанда бұл геморрагиялық қызба «көкала» деген атпен 1948 жылдан бері белгілі. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласында орналасқан. Ағымдағы жылы Жалағаш ауданында 12 елді мекен осы ауруы бойынша қолайсыз деп анықталды. Конго-Қырым геморрагиялық ауруы бойынша эндемиялық аймақта жоқ дегенде бір науқас немесе вирус тасымалдаушы кене тіркелген кезде бүкіл елді мекен эндемиялық ошақ болып табылады.
Табиғат аясына, саяжайға демалған сәттерде, яғни дененің киімнен ашық жерлерін мейлінше азайту керек. Бұл шара кененің денеге кіруінен қорғайды. Жұмыстан кейін жабысқан кенелерді анықтау үшін күнделікті үстіңізді мұқият тексеріп шығыңыз. Кене малдың үстінде болатынын ескере отырып, малды күту барысында сақтық ережелерді бұлжытпай орындау керек. Малдағы кенені жалаңаш қолмен жұлуға болмайды. Егер адамды кене шағып алған болса, онда шұғыл түрде тұрғылықты жер бойынша емдеу мекемесіне медициналық көмекке жүгінуі керек. Сосын дәрігерлер ол кісіні 14 күнге дейін медициналық бақылауға алады. Аурудың бірінші белгілері дене қызуы көтерілуі пайда болған жағдайда өлім-жітімді болдырмау үшін емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек. Міне, осы айтылған қарапайым ережелерді күнделікті сақтаған жағдайда ғана адам аурудан таза болады. «Сақтансаң сақтайтынын» естен шығармаған абзал.
Мамандардың айтуынша, бұл аурудың негізгі белгісі науқастың басы қатты ауырып, дел-сал күйге түсіп, тамаққа тәбеті болмайды және дене қызуы көтеріледі. Терісіне бөртпелер шығып, иньекция (ине) салған, шымшыған жерлерде терісі көгеріп, ауру белгілері пайда болады. Ағзаның қанды ұйыту қабілеті бірте-бірте жоғалып, адам қансырау салдарынан қаза болуы мүмкін. Бұл дерттің қауіптілігі сол осы аурумен сырқаттанған адамның қаны сау адамның денесіне тисе, осы дерттің жұғуына себепші болады екен.
Қызылордада үш адам қаза тапты
Өткендегі Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте күн тәртібінен тыс бірқатар қосымша мәселелер қаралды. Соңғы уақыттағы кенеге байланысты эпидахуал, адам өліміне әкеп соқтырған жағдайлар қоғамда қызу талқылануда. Облыс әкімі мердігерлер жұмысындағы кемшіліктерді осы жиында атап көрсеткен еді.
Алдағы күзгі залалсыздандыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуі және оны ветеринария мамандары бақылауы керек. Мал қоралардың механикалық тазартылуы үнемі қадағалауда болуы тиіс. Аймақ басшысы жауапты басшыларға науқастарды ерте анықтауды, кененің көбеюіне не себеп болғанын зерттеуді, қолданыстағы заңдылықтарды басшылыққа ала отырып, үнемделген қаржы есебінен қосымша анықталған елді мекендерді шұғыл залалсыздандыруды, кенеден қорғану шараларын насихаттауды тапсырды. Рас, бүгінде облыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қолайсыз деп танылған 106 елді мекен анықталды. Осыған орай, өңірде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Жауапты сала мамандары тұрғындарды барынша сақ болуға және үй аумақтарын жиі тазалап тұруға шақырды.
– Осыған орай жыл сайын облыстық бюджет есебінен тиісті қаражат бөлініп келеді. Биыл да кенеге қарсы күрес шаралары жоспарға сәйкес орындалуда. Қазіргі таңда қолайсыз елді мекендердегі тұрғын үй аумақтары мен мал қораларына кенеге қарсы «Креолин Х» ерітіндісі қолданылуда. Облыс бойынша көктемгі залалсыздандыру жұмыстарының орташа тиімділік көрсеткіші 97,2 пайызды құрады, – деген еді өңірлік комуникациялар қызметінде өткен жиында Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Бауыржан Садықов. Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова біздің өңір Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқанын жасырмады.
Көріп отырғаныңыздай жағдай қиын. Бүгінде облыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті 29 науқас тіркелді. Атап айтқанда, Қармақшы, Сырдария аудандары мен облыс орталығында 1, Жанақорғанда 5, Шиеліде 2 дерек анықталды. Оның ішінде 10 жағдай нақтыланып, өкінішке орай 3 адам қаза тапты. Қазіргі сәтте қолайсыз деп танылған елді мекендерден бөлек, басқа аумақтарда да қауіпті аурудың алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл жөнінен биылғы көрсеткіш өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда шамалас болып тұр. Өлім-жітім жағдайы да кездесті. Мәселен, былтыр 601 адам дәрігерлер қарауында болса, биыл олардың саны 712 адамды құрайды. Былтыр 14 науқастың диагнозы нақтыланса, биыл 4 науқасқа азайған. Былтырғы жылы соңғы қайтыс болған кісі Жалағаш ауданының тұрғыны екені өздеріңізге белгілі. 50 жастан асқан ел ағасына ауру тасымалдағыш кене далалық жерде жабысып, шағып үлгеріпті. Марқұм улы жәндіктің шағуынан зардап шегіп, аурухана бөлмесінде аурумен арпалысқан еді. Бірақ өкінішке орай арты қайғылы оқиғамен аяқталды.
Мамандар не дейді?
Жуырда өткен брифингте Жалағаш аудандық СЭББ басшының міндетін атқарушы Г.Айымбетова да мезгіл мәселесі турасында кеңінен сөз етті.
Брифингте айтылған мәліметтерге сүйенсек, ауданда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиялық және эпизотиялық ахуалы жылдан-жылға күрделенуде. 2014-2022 жылдары аралығында КҚГҚ-сы нақтыланған жағдайы ауданның 8 елді мекенінен кездескен. Барлығы 11 жағдай тіркеліп, оның 4 жағдайы өліммен аяқталған. Ауданда тұрғындар арасында өткен жылы КҚГҚ-на күдікті 10 науқас тіркеліп, оның 4 жағдайы зертханалық жолмен нақтыланған. Осы науқастардың арасында медициналық көмекке дер кезінде жүгінбеу салдарынан 2 науқас қайтыс болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жәндіктермен кенелердің шағуымен 19 адам медициналық көмекке жүгінген екен. Ал биылғы жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін 31 кене шағу жағдайы есепке алынған. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 1,1 есеге, оның ішінде Жалағаш кенті мен Ақсу, Есет батыр, Еңбек елді мекендерінде өсу тенденциясы байқалуда.
«Жыл басынан бүгінгі күніне дейін ҚР СЭБ «ҰСО» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының Жалағаш аудандық бөлімшесінің бактериологиялық зертханасына КҚГҚ вирусын жұқтырушылыққа зерттеуге ауыл шаруашылығы жануарларынан 419, табиғаттан 887, елді мекендегі суат, шаңлақ, пададан 606 кене, барлығы 1912 кене жиналып жіберілді, оның ішінде 65 кенеден оң нәтиже анықталды. Көбінесе ауру адамдардың 80% жастары 20-60 жас аралығында шалдығады және бұл аурудың аса қауіптілігі өлім-жітім көрсеткішінің өте жоғары болуында – 30-70% аралығында» дейді маман өз сөзінде.
Маманның айтуынша, инфекциямен зақымдалған жерде ешқандай өзгерістер байқалмайды. Вирус қанға өтеді және ретикулоэндотелиальды жүйенің клеткаларында жинақталады. Екіншілік зақымдалу кезінде айқын массивті вирустармен жалпылама интоксикация белгілері байқалады, қан тамырлардың эндотелилері зақымдалады және айқын әртүрлі дәрежедегі тромбогеморрагиялық синдром байқалады. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының белгілері инкубационды кезеңнің ұзақтығы 1-14 күн аралығында болады. Продромалды көріністер болмайды. Ауру байқаусызда басталуы мүмкін, ауру деп аурудың басталған бастапқы алғашқы сағаттарынан басталғанын айтуға болады. Дене температурасы тез көтеріледі 39-40 градус, бас ауруы, тамаққа тәбетінің болмауы, буынмен белдің сырқырауы. Келесі күні лоқсуы, құсуы, іш өтуі, ине салған жерлерінің көгеруі, беті ісіп, қызаруы мүмкін. Бастапқы кезеңдерінің өзінде де жалпылама интоксикация белгілерін көруге болады, көптеген инфекциялық ауруларда болуы мүмкін.
Ауру одан әрі дамыған жағдайда науқастың мұрынынан, қызыл иегінен, ішектен қан кете бастайды, тері бөртпелері және тері астына қан құйылуы арқылы көкала дақтар пайда болады. Бұл кезде өте жоғары қызбамен және қатты әлсіздікпен көрінеді, бүкіл дененің қақсап ауруы, қатты бастың ауруы, бұлшық еттердің және буындардың ауруы байқалады. Аурудың бірінші белгілері пайда болған жағдайда өлім-жітімді болдырмау үшін емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек. «Сонымен қатар көктем мен күз айларында аудандағы КҚГҚ қолайсыз болып табылатын 12 елді мекенге мал қораларымен малдарына және санитарлық қорғаныш аймақтарына залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Сондықтан аудан тұрғындары, өз аулаларымен мал қораларын күл-қоқыспен көң-қилардан тазартып қоюларыңызды сұраймыз» дейді Г.Айымбетова.
Осындайда «Залалсыздандыру жұмыстары қалай» деген сауал туындауы мүмкін. Облыс әкімі аппараты жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығының мәліметі бойынша биыл Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғыштары – кенеден қолайсыз елді мекендерге көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде 4 мердігер мекеме жеңімпаз болып танылды. – Нәтижесінде олармен 200,2 млн теңгеге келісім-шарт жасалған. Аралда 18, Қазалыда 13, Қармақшыда 11, Жалағашта 12, Сырдарияда 9, Шиеліде 17, Жаңақорғанда 15, Қызылорда қаласына қарасты 11 елді мекен залалсыздандырылған. Кенеге қарсы шаралармен 196 мыңнан астам ірі қара, 332,8 мың уақ мал, 26,5 мың түйе қамтылған. 2,3 млн шаршы метрді құрайтын 31 993 қора, суат-шаңлақтарға көктемгі залалсыздандыру жасалған.
Малды тоғытып жүрсіз бе?
Жұртшылық арасында «Маусым, шілде айларында не себепті кене көбейіп кетеді?» деген сауалдың туындайтыны рас. Осы тұста айта кететін жайт бар. Қанша жерден медицина дамығанымен туралап келген ажал жәндік шақса да алып кетеді. Біздің халықтың тектілігіне қайран қалмасқа шараң жоқ. Өйткені ата-бабамыздың кенеден қорғаннан әдістерін білсеңіз, таңғалар едіңіз. Мәселен, қазақтың көшпелі тұрмысындағы тәжірибелі іс – малдың қоныстанатын қорасын қыстаудан жайлауға көшкенде немесе жайлаудан қыстауға көшкенде көңін аударып кету. Бұл не үшін деген сұрақ туындауы мүмкін. Негізі кене күн суықта жерге бір жарым метр тереңдікке дейін тұмсығымен еніп кете алады. Өйткені кене екі жағыменде дем алу қабілетіне ие. Ал жерді аударған кезде жерге тереңінен еніп кеткен кене топырақпен бірге бетіне қопарылып шығады да тірі қалмайды. Ал көшпелі халық келер жылы осы қонысқа қайта келгенде кене секілді жәндіктерден зардап шекпейді.
Қазақтан асқан философ жоқ деп жатамыз. Мәселен қыста қыстауда, жазда жайлауда, күзде күзеуде қоныстанған көшпелі халық о бастан-ақ кененің, жәндіктердің шағуынан болатын аурулардың алдын алуды білген екен. Қарапайым ғана мысал, кенені тек өртеу, отқа тастау арқылы көзін жоямыз. Басқалай кененің өлуі мүмкін емес. Ал енді атам қазақ тұрмысында түзден үйге оралғанда үйге енбестен бұрын сыртқы киімдерін түгел отқа қатаған. Яғни отқа сілкігенде киімге жабысқан кенелер сырт-сырт етіп отқа түсетін көрінеді.
Конго-қырым геморрагиялық қызбасымен төрт түлік мал ауырмағанымен, оларға жабысқан кене тасымалдаушы. Сол себепті қазақ малды тоғыту әдісімен кенеден тазалаған. Малды тоғыту деген қазір де бар. Бірақ кей жерлерде бұл әдіс іске асырылғанмен, оның тиімділігін аса көрмейміз. Өйткені біріншіден, малды тоғыту үшін арнайы қазылған шұқырлардың іші тар әрі табанына суды ұстап қалатын цемент секілді құрылыс заттары қойылмағандықтан, кішкене шұқырдың өзін сумен толтыру қиынға түсіп жатады. Өйткені топыраққа су сіңіп кетеді ғой. Сосын мал тоғытылғаннан кейін де қауіпсіз, оқшауланған жерде белгілі бір уақытқа дейін тұруы керек. Үстіндегі кенелер суға тұншыққаннан кейін де бірден түсіп қала салмауы мүмкін. Біртіндеп түседі ғой. Сосын сол жер толықтай дезинфекциялық тазалаудан өтуі керек. Бұл жерде қазіргі мал тоғытатын орындардың ағынды су емес екенін ескеру керек. Шұқырға толтырылған су болғандықтан, кененің өлгеніне толықтай көз жеткізу керек. Ал ата-бабамыз бұл әдісті ағын суда жасаған. Малды суға айдап ары-бері өткізетін. Сонда суға тұншыққан кенелер теріден тұмсығын ажыратады. Осылайша ағыспен ағып кетеді де, мал терісі тазарады. Сосын барып жүнін қырыққан екен. Кенеден жұғатын аурулардан сақтанудың тағы бір түрі ол мал қораны таза ұстау. Малдың көңінің ұзақ жатып қалмауын, қораның ылғалды болмауын қадағалау керек екенін жеткізді.
Түйін: Биыл Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының зертханасында 2917 кене сынамасы зерттелген. Мамандар жұқпалылық көрсеткіші (құрамында КҚГҚ вирусы бар кененің үлес салмағы) 6,5%-ды құрағанын анықтаған. Осындай шақта сақтық ережелерін ескеріп, қауіпті жәндіктерден сақ болған жөн. Бұл жәндіктердің белсенділік маусымы сәуірде басталып, табиғи-климаттық жағдайларға байланысты қыркүйектің соңына дейін жалғасуы мүмкін. Өкініштісі, кенеден келер кесел көп.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!