Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Дүйсенбі, 06 мамыр, 12:56

Кенеден келер кесел көп

15.07.2023

1013

0

Қазақтың көшпелі тұрмысындағы тәжірибелі іс – малдың қоныстанатын қорасын қыстаудан жайлауға көшкенде немесе жайлаудан қыстауға көшкенде көңін аударып кету. Бұл не үшін деген сұрақ туындауы мүмкін. Әрине ата-бабамыз тегіннен-тегін бұлай істеген жоқ. Әрбір істің астарында терең мән, тіпті философия жатыр деуге болады. Бұрынғының адамдары жазық далада күн кешкендіктен түрлі жәндіктерден қорғанудың әдістерін жетік білді және оны тәжірибеде қолданды. Міне біздің әңгіме басында айтқанымыз кенеден сақтанудың бір әдісі болатын. Өйткені мезгіл мәселесі бізді де бейжай қалдырмады. Тиісті мамандармен тілдесіп көрдік, білген-түйгенімізді ой таразысына салып, саралап, сараптап оқырманға жеткізіп отырмыз.

Конго-Қырым қанды безгегі ең алғаш Қырымда анықталған

Конго-Қырым геморрагиялық қыз­басы – жедел вирусты ауру, табиғи ошақты зоонозғада қатысты. Екі тол­қынды қызбаны мінездейді, жалпы интоксикациямен және тромбо­гемор­рагиялық синдроммен жүреді. Ауру көктем, жаз, күз айларында кез­деседі. Конго-Қырым қанды қызбасы ауруының тасымалдаушысы қара­пайым кене. Кене шағу қауіптілігі кей­бір кенелердің ағзасында осы ау­руды тарататын вирустардың сақ­та­луында жатыр. Кенелер адамға мал жайғау, малды сауу, сыртта бақша егу, отын-шөп дайындау, табиғатта дем алу, тағы сол сияқты жағдайларда жабысады. Өйткені қарап отырсақ кенелердің шығу мерзімі де осы күз, жаз айларында. Дәл осы мезгілдерде адамдар кененің шағуынан зардап шегіп жатады.

Қырымда алғаш рет Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының ауруын ресейлік вирусолог М.П.Чумаков 1944-1945 жылдары анықтаған. Кейін бұл ауру Конгода, Нигерияда, Сене­галда, Кенияда сипатталған. Қазақ­станда бұл геморрагиялық қызба «көкала» деген атпен 1948 жыл­дан бері белгілі. Конго-Қырым геморра­гиялық қызбасының табиғи ошақтары Жамбыл, Түркістан, Қызылорда об­лыстары және Шымкент қаласында орналасқан. Ағымдағы жылы Жала­ғаш ауданында 12 елді мекен осы ауруы бойынша қолайсыз деп анық­талды. Конго-Қырым геморра­гиялық ауруы бойынша эндемиялық аймақта жоқ дегенде бір науқас немесе вирус тасымалдаушы кене тіркелген кезде бүкіл елді мекен эндемиялық ошақ болып табылады.

Табиғат аясына, саяжайға демал­ған сәттерде, яғни дененің киімнен ашық жерлерін мейлінше азайту керек. Бұл шара кененің денеге кі­руінен қорғайды. Жұмыстан кейін жа­бысқан кенелерді анықтау үшін күн­делікті үстіңізді мұқият тексеріп шығыңыз. Кене малдың үстінде бо­ла­тынын ескере отырып, малды күту барысында сақтық ережелерді бұлжытпай орындау керек. Малдағы кенені жалаңаш қолмен жұлуға бол­майды. Егер адамды кене шағып алған болса, онда шұғыл түрде тұр­ғылықты жер бойынша емдеу меке­месіне медициналық көмекке жүгінуі керек. Сосын дәрігерлер ол кісіні 14 күнге дейін медициналық бақылауға алады. Аурудың бірінші белгілері дене қызуы көтерілуі пайда болған жағдайда өлім-жітімді болдырмау үшін емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек. Міне, осы айтылған қарапайым ережелерді күнделікті сақтаған жағ­дайда ғана адам аурудан таза бо­лады. «Сақтансаң сақтайтынын» ес­тен шығармаған абзал.

Мамандардың айтуынша, бұл ау­ру­дың негізгі белгісі науқастың ба­сы қатты ауырып, дел-сал күйге түсіп, тамаққа тәбеті болмайды және дене қызуы көтеріледі. Терісіне бөрт­­пелер шығып, иньекция (ине) салған, шымшыған жерлерде терісі көгеріп, ауру белгілері пайда болады. Ағзаның қанды ұйыту қабілеті бірте-бірте жоғалып, адам қансырау сал­дарынан қаза болуы мүмкін. Бұл дерт­тің қауіптілігі сол осы аурумен сыр­қат­танған адамның қаны сау адам­ның денесіне тисе, осы дерттің жұғуына себепші болады екен.

Қызылордада үш адам қаза тапты

Өткендегі Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте күн тәртібінен тыс бірқатар қосымша мә­селелер қаралды. Соңғы уақыттағы кенеге байланысты эпидахуал, адам өліміне әкеп соқтырған жағдайлар қо­ғамда қызу талқылануда. Облыс әкімі мердігерлер жұмысындағы кем­ші­лік­терді осы жиында атап көрсеткен еді.

Алдағы күзгі залалсыздандыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуі және оны ветеринария мамандары ба­қылауы керек. Мал қоралардың механикалық тазартылуы үнемі қа­да­ғалауда болуы тиіс. Аймақ бас­шысы жауапты басшыларға науқас­­тарды ерте анықтауды, кененің кө­­беюіне не себеп болға­нын зерт­теу­ді, қолданыстағы заңдылық­тар­ды басшылыққа ала отырып, үнем­дел­ген қаржы есебінен қосымша анық­талған елді мекендерді шұғыл залалсыздандыруды, кенеден қор­ғану шараларын насихаттауды тап­сыр­ды. Рас, бүгінде облыста Конго-Қы­рым геморрагиялық қызба­сына қо­лайсыз деп танылған 106 елді ме­кен анықталды. Осыған орай, өңір­де кенеге қарсы залал­сыз­­дан­дыру жұ­мыстары үздіксіз жүр­гізі­луде. Жа­уап­ты сала мамандары тұрғындар­­ды барынша сақ болуға және үй ау­­мақ­тарын жиі тазалап тұруға ша­қырды.

– Осыған орай жыл сайын об­лыс­тық бюджет есебінен тиісті қа­ражат бөлініп келеді. Биыл да ке­­не­ге қарсы күрес шаралары жос­пар­ға сәйкес орындалуда. Қазіргі таңда қолайсыз елді мекендердегі тұрғын үй аумақтары мен мал қора­ла­рына кенеге қарсы «Креолин Х» ерітіндісі қолданылуда. Облыс бойын­ша көктемгі залалсыз­дан­ды­ру жұмыстарының орташа тиім­ділік көрсеткіші 97,2 пайызды құ­рады, – деген еді өңірлік комуни­кациялар қызметінде өткен жиын­да Қызылорда облысы әкімі аппа­ратының «Жұмылдыру және шұ­ғыл жұмыстар орталығы» КММ дирек­­­торының міндетін атқарушы Бауыр­жан Садықов. Ал облыстық сани­­­та­риялық-эпидемиологиялық ба­қылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова біз­дің өңір Конго-Қырым геморра­гиялық қызбасының табиғи ошағында ор­наласқанын жасырмады.

Көріп отырғаныңыздай жағдай қиын. Бүгінде облыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті 29 науқас тіркелді. Атап айтқанда, Қармақшы, Сырдария аудандары мен облыс орталығында 1, Жанақорғанда 5, Шиеліде 2 дерек анықталды. Оның ішінде 10 жағдай нақтыланып, өкінішке орай 3 адам қаза тапты. Қазіргі сәтте қолайсыз деп танылған елді мекендерден бөлек, басқа ау­мақтарда да қауіпті аурудың ал­дын алу шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл жөнінен биылғы көр­сеткіш өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыс­тырғанда шамалас болып тұр. Өлім-жітім жағдайы да кездесті. Мә­селен, былтыр 601 адам дәрігерлер қарауында болса, биыл олардың саны 712 адамды құрайды. Былтыр 14 науқастың диагнозы нақтыланса, биыл 4 науқасқа азайған. Былтырғы жылы соңғы қайтыс болған кісі Жалағаш ауданының тұрғыны екені өздеріңізге белгілі. 50 жастан асқан ел ағасына ауру тасымалдағыш кене далалық жерде жабысып, шағып үлгеріпті. Марқұм улы жәндіктің ша­ғуынан зардап шегіп, аурухана бөл­месінде аурумен арпалысқан еді. Бірақ өкінішке орай арты қайғылы оқиғамен аяқталды.

Мамандар не дейді?

Жуырда өткен брифингте Жала­ғаш аудандық СЭББ басшының мін­детін атқарушы Г.Айымбетова да мез­гіл мәселесі турасында кеңінен сөз етті.

Брифингте айтылған мәліметтерге сүйенсек, ауданда Конго-Қырым ге­мор­рагиялық қызбасының эпиде­миялық және эпизотиялық ахуалы жыл­дан-жылға күрделенуде. 2014-2022 жылдары аралығында КҚГҚ-сы нақ­тыланған жағдайы ауданның 8 елді мекенінен кездескен. Барлығы 11 жағдай тіркеліп, оның 4 жағдайы өліммен аяқталған. Ауданда тұр­ғын­дар арасында өткен жылы КҚГҚ-на күдікті 10 науқас тіркеліп, оның 4 жағдайы зертханалық жолмен нақ­тыланған. Осы науқастардың ара­сында медициналық көмекке дер ке­зінде жүгінбеу салдарынан 2 нау­қас қайтыс болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жәндік­тер­мен кенелердің шағуымен 19 адам медициналық көмекке жүгінген екен. Ал биылғы жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін 31 кене шағу жағдайы есепке алынған. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 1,1 есеге, оның ішінде Жалағаш кенті мен Ақсу, Есет батыр, Еңбек елді мекендерінде өсу тенденциясы байқалуда.

«Жыл басынан бүгінгі күніне дейін ҚР СЭБ «ҰСО» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының Жа­лағаш аудандық бөлімшесінің бакте­рио­логиялық зертханасына КҚГҚ ви­­­русын жұқтырушылыққа зерттеуге ауыл шаруашылығы жануар­ла­ры­нан 419, табиғаттан 887, елді мекен­дегі суат, шаңлақ, пададан 606 кене, барлығы 1912 кене жиналып жі­бе­ріл­ді, оның ішінде 65 кенеден оң нә­­­тиже анықталды. Көбінесе ауру адам­­­­дардың 80% жастары 20-60 жас ара­лығында шалдығады және бұл ау­ру­дың аса қауіптілігі өлім-жітім көр­­­­­­сет­кішінің өте жоғары болуында – 30-70% аралығында» дейді маман өз сөзінде.

Маманның айтуынша, инфекция­мен зақымдалған жерде ешқандай өзгерістер байқалмайды. Вирус қанға өтеді және ретикулоэндотелиальды жүйенің клеткаларында жинақталады. Екіншілік зақымдалу кезінде айқын массивті вирустармен жалпылама ин­токсикация белгілері байқалады, қан тамырлардың эндотелилері за­қымдалады және айқын әртүрлі дә­режедегі тромбогеморрагиялық син­дром байқалады. Конго-Қырым ге­мор­рагиялық қызбасының белгілері инку­бационды кезеңнің ұзақтығы 1-14 күн аралығында болады. Прод­ромалды көріністер болмайды. Ауру байқаусызда басталуы мүмкін, ауру деп аурудың басталған бастапқы алғашқы сағаттарынан басталғанын айтуға болады. Дене температурасы тез көтеріледі 39-40 градус, бас ауруы, тамаққа тәбетінің болмауы, буынмен белдің сырқырауы. Келесі күні лоқ­суы, құсуы, іш өтуі, ине салған жер­лерінің көгеруі, беті ісіп, қызаруы мүмкін. Бастапқы кезеңдерінің өзін­де де жалпылама интоксикация бел­гілерін көруге болады, көптеген ин­фек­циялық ауруларда болуы мүмкін.

Ауру одан әрі дамыған жағдайда науқастың мұрынынан, қызыл ие­гінен, ішектен қан кете бастайды, тері бөртпелері және тері астына қан құйылуы арқылы көкала дақ­тар пайда болады. Бұл кезде өте жоғары қызбамен және қатты әл­сіздікпен көрінеді, бүкіл дененің қақ­сап ауруы, қатты бастың ауруы, бұлшық еттердің және буындардың ауруы байқалады. Аурудың бірінші бел­гілері пайда болған жағдайда өлім-жітімді болдырмау үшін емдеуді мүм­кіндігінше тез бастау керек. «Сонымен қатар көктем мен күз айларында аудандағы КҚГҚ қолайсыз болып табылатын 12 елді мекенге мал қораларымен малдарына және санитарлық қорғаныш аймақ­тарына залалсыздандыру жұмыс­тарын жүр­гізеді. Сондықтан аудан тұр­­ғын­дары, өз аулаларымен мал қо­ра­ларын күл-қоқыспен көң-қилардан тазартып қою­ла­рыңызды сұраймыз» дейді Г.Айымбетова.

Осындайда «Залалсыздандыру жұмыстары қалай» деген сауал туын­дауы мүмкін. Облыс әкімі аппараты жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығының мәліметі бойынша биыл Конго-Қырым геморрагиялық қыз­басының қоздырғыштары – ке­неден қолайсыз елді мекендерге көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде 4 мердігер мекеме жеңімпаз болып танылды. – Нәтижесінде олармен 200,2 млн теңгеге келісім-шарт жасалған. Аралда 18, Қазалыда 13, Қармақшыда 11, Жалағашта 12, Сырдарияда 9, Шиеліде 17, Жаңақорғанда 15, Қызылорда қаласына қарасты 11 елді мекен за­лалсыздандырылған. Кенеге қарсы шаралармен 196 мыңнан ас­там ірі қара, 332,8 мың уақ мал, 26,5 мың түйе қамтылған. 2,3 млн шаршы метрді құрайтын 31 993 қора, суат-шаңлақтарға көктемгі залалсыздандыру жасалған.

Малды тоғытып жүрсіз бе?

Жұртшылық арасында «Маусым, шілде айларында не себепті кене көбейіп кетеді?» деген сауалдың туындайтыны рас. Осы тұста айта кететін жайт бар. Қанша жерден медицина дамығанымен туралап келген ажал жәндік шақса да алып кетеді. Біздің халықтың тектілігіне қайран қалмасқа шараң жоқ. Өйткені ата-бабамыздың кенеден қорғаннан әдістерін білсеңіз, таңғалар едіңіз. Мәселен, қазақтың көшпелі тұрмысындағы тәжірибелі іс – малдың қоныстанатын қорасын қыстаудан жайлауға көшкенде немесе жайлаудан қыстауға көшкенде көңін аударып кету. Бұл не үшін деген сұрақ туындауы мүмкін. Негізі кене күн суықта жерге бір жарым метр тереңдікке дейін тұмсығымен еніп кете алады. Өйткені кене екі жағыменде дем алу қабілетіне ие. Ал жерді аударған кезде жерге тереңінен еніп кеткен кене топырақпен бірге бетіне қопарылып шығады да тірі қалмайды. Ал көшпелі халық келер жылы осы қонысқа қайта келгенде кене секілді жәндіктерден зардап шекпейді.
Қазақтан асқан философ жоқ деп жатамыз. Мәселен қыста қыстауда, жазда жайлауда, күзде күзеуде қоныстанған көшпелі халық о бастан-ақ кененің, жәндіктердің шағуынан болатын аурулардың алдын алуды білген екен. Қарапайым ғана мысал, кенені тек өртеу, отқа тастау арқылы көзін жоямыз. Басқалай кененің өлуі мүмкін емес. Ал енді атам қазақ тұр­мы­сында түзден үйге оралғанда үйге енбестен бұрын сыртқы киімдерін түгел отқа қатаған. Яғни отқа сіл­кігенде киімге жабысқан кенелер сырт-сырт етіп отқа түсетін көрінеді.

Конго-қырым геморрагиялық қыз­­­ба­сымен төрт түлік мал ауырма­ғанымен, оларға жабысқан кене та­сы­малдаушы. Сол себепті қазақ малды тоғыту әдісімен кенеден та­залаған. Малды тоғыту деген қазір де бар. Бірақ кей жерлерде бұл әдіс іске асырылғанмен, оның тиімділігін аса көрмейміз. Өйткені біріншіден, малды тоғыту үшін арнайы қазылған шұқырлардың іші тар әрі табанына суды ұстап қалатын цемент секілді құрылыс заттары қойылмағандықтан, кішкене шұқырдың өзін сумен тол­тыру қиынға түсіп жатады. Өйткені топыраққа су сіңіп кетеді ғой. Сосын мал тоғытылғаннан кейін де қауіпсіз, оқшауланған жерде белгілі бір уақытқа дейін тұруы керек. Үстіндегі кенелер суға тұншыққаннан кейін де бірден түсіп қала салмауы мүмкін. Біртіндеп түседі ғой. Сосын сол жер толықтай дезинфекциялық тазалаудан өтуі керек. Бұл жерде қазіргі мал тоғы­татын орындардың ағынды су емес екенін ескеру керек. Шұқырға толты­рылған су болғандықтан, кененің өл­геніне толықтай көз жеткізу керек. Ал ата-бабамыз бұл әдісті ағын суда жасаған. Малды суға айдап ары-бері өткізетін. Сонда суға тұн­шық­қан кенелер теріден тұмсығын ажы­ратады. Осылайша ағыспен ағып ке­теді де, мал терісі тазарады. Сосын ба­рып жүнін қырыққан екен. Кенеден жұғатын аурулардан сақтанудың тағы бір түрі ол мал қораны таза ұс­тау. Малдың көңінің ұзақ жа­­тып қалмауын, қораның ылғалды бол­­­мауын қадағалау керек екенін жеткізді.

Түйін: Биыл Ұлттық сарап­тама орталығы облыстық фи­лиа­лы­ның зертханасында 2917 кене сы­намасы зерттелген. Мамандар жұқпалылық көрсеткіші (құ­ра­мын­­да КҚГҚ вирусы бар кене­нің үлес салмағы) 6,5%-ды құ­раға­нын анықтаған. Осындай шақта сақ­тық ережелерін ескеріп, қауіпті жән­­дік­терден сақ болған жөн. Бұл жәндіктердің белсенділік мау­сымы сәуірде басталып, табиғи-климаттық жағдайларға бай­ла­ныс­ты қыркүйектің соңына дейін жал­ғасуы мүмкін. Өкініштісі, кене­ден келер кесел көп.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: