Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі» екенін атап өтті. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіне тоқтала келе, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет екенін айтып, бұл стратегиялық міндет екенін ескерткен болатын. Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Бұл ретте, саланың дамуына көңіл бөлініп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік саласы қоса дамып, осы бағытта тұрғындардың кәсіппен айналысуына барлық жағдай жасалуда. Ауданда мал басы жылдан-жылға артып келеді. Бұл жалағаштықтардың аталған саладан мол табыс табуға болатынын түсінгенін байқатады.
Сыр салысы бас алды
Қазір көктемде сепкен Сыр салысы бас алуға жақындады. Тіпті ерте көктемнен бақша салуға ашылған жердегі өнімдердің алды пісіп жатыр. Бұған дейін ауыл шаруашылығы саласын толайым табыспен қорытындылайтын аудан шаруалары биыл да үлкен өнімнен үмітті. Себебі соған сай тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Сала заманауи техникалармен жарақталып, шаруалар табысы еселенуде. Жасыратын жоқ, қазір аяқ су тапшылығы диқандар үшін бірнеше жылдан бері күрделеніп келе жатқан үлкен мәселеге айналды. Десе де аудан әкімі бастаған өңір азаматтары қол қусырып отырмай аяқ су мәселесін оңтайлы шешу үшін барлық шараларды ұйымдастыруда.
Нақтырақ тоқталсақ, су тапшылығы жағдайында аудан шаруашылықтары насос қондырғыларын пайдалану арқылы егінді сумен қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда өңір шаруашылықтары 40 дана су тартқыш насос қондырғыларын егінді суаруға пайдалануда, оның ішінде 12 дана насос қондырғысы «Жалағашсушар» өндірістік учаскесінен шаруашылықтарға берілсе, 28 дана насос қондырғысын шаруашылықтар өз қаржысына алған.
Сала мамандарының айтуынша, бүгінгі күнге дейін 179 гектар күріш алқабына су шықпай қалғаны анықталған. Яғни Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Мақпалкөл» ЖШС-ға қарасты 96 гектар, «Ақмар» ШҚ-ға тиесілі 15 гектар, Бұқарбай батыр ауылдық округіндегі «Дінмұхаммед» ФҚ-ға қарасты 68 гектар алқапқа су шықпай қалғаны белгілі болып отыр. Аудан бойынша 2023 жылдың 12 шілдесіне дейін орналастырылған 19 800 гектар күріш егісінің 14 320 гектары немесе 72,3 пайызы жақсы жағдайда, ал 4 550 гектары немесе 23 пайызы қанағаттанарлық, 930 гектары немесе 4,7 пайызы нашар жағдайда болып отыр. Күтімге алынған 7 200 гектар ескі жоңышқа дақылының 6 750 гектарының бірінші орымы аяқталды. Орта есеппен 1 гектардан 22,2 центнер өнім алынып, барлығы 14 985 тонна мал азығы жиналған.
Жалпы, аудан бойынша 2023 жылы орналастырылатын ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес, 37052 гектарға егiн орналастыру жоспарланып, 37079 гектар алқапқа егін толық орналастырылған. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 19 800 гектарды құрайды. Мұнан бөлек бидай 750 гектарға, қант құмайы 70 гектарға, арпа 70 гектарға, соя 64 гектарға, мақсары 520 гектарға, сүрлемдік жүгері 700 гектарға, сұлы 5 гектарға, жаңа жоңышқа 4850 гектарға егіліп, 7200 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Сондай-ақ, картоп 646 гектарға, көкөніс 1 108 гектарға және басқа да бақша өнімдері 1 296 гектарға егілді.
Әрине, жерге тұқымды тастадың, әрі қарай дақыл өздігінен өспейтіні тағы бар. Оның аяқ суынан бөлек, тұқым дайындауына, күтіміне, түрлі аурудан қорғайтын дәрісіне, тыңайтқыштарына уақытылы көңіл бөліну керек. Бір қуантарлығы өңірде ондай мәселе болмайды, себебі өзіміздің шаруашылықтар да бүгінде жоғары сұрыпты тұқым дайындауды қолға алғанына бірнеше жыл болыпты. Мәселен шаруашылықтар тарапынан 2023 жылы егін орналастыруға қажетті 4 950 тонна күріш, 120 тонна бидай, 0,6 тонна сұлы, 13 тонна мақсары, 12 тонна арпа, 4 тонна соя, 1 тонна қант құмайы, 15 тонна жүгері, 44 тонна жоңышқа тұқымдарын дайындау жұмыстары жүргізілген. 2023 жылдың егісіне қажетті 10810 тонна минералдық тыңайтқыштар дайындалып, 24060 литр гербицид дайындалды. Көктемгі егісті орналастыру жұмыстарына аудан бойынша 887 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысса, шаруашылықтар тарапынан жыл басынан бүгінгі күнге дейін 11 дана ауыл шаруашылығы техникалары 168 011 мың теңгеге сатып алынған.
Бақша өнімдерінің бабы қалай?
Өткен жылы ауданда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, бақша дақылдарын егуге арналған арнайы жер дайындалып, тұрғындарға табысталған болатын. Нәтижесінде өңір халқы картоп, пияз, сәбіз секілді көкөністермен қоса, қауын, қарбыз егіп, қажетті азық-түліктерін жинап алды. Биыл да жергілікті халық қосымша жерге, яғни егін егуге ынтасын білдіріпті. Себебі биыл бақша дақылдары жоспарланған көлемнен артық егілген. Демек, бұл жұмыстар қарапайым шаруа адамының күнкөріс деңгейіне оң әсер еткен. Шаруашылықтар жерді ашып, дайындап береді, тұрғындар егін егіп, оның күтіміне ғана жауапты болады.
Осы орайда биыл ауданда жеке тұрғындардың бақша салуына 500 гектар жер дайындау жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге дейін дайындалған 500 гектар жерге 921 отбасы 217,3 гектар картоп, 63 гектар көкөніс, 219,7 гектар бақша дақылдарын орналастырған. Бүгінде олардың алды қауын-қарбызын сабағынан үзіп, алғашқы өнімнен ауыз тиюде. Бұл жұмыстарды келер жылы да жалғастыру ойда бар. Бұл бір жағынан қарапайым халықтың қыстық азығын ала жаздай қамдап алуына үлкен мүмкіндік болып отыр.
Баға бақылауда ма?
Жасыратыны жоқ, елімізде азық-түлік бағасының өсуі қарапайым тұрғындар үшін мәселеге айналды. Ал бұл мәселемен күресудің бірден-бір жолы ауыл шаруашылығы саласын дамыту болып табылады. Осы ретте ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында тұрақты түрде бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді. Облыс әкімінің «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін сатып алынатын азық-түлік тауарларының шекті сауда үстемесін және тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түріне күнделікті мониторинг жүргізілуде.
Жыл басынан бүгінгі күнге дейін 19 түрлі азық-түлік өнімдерінің 6 түрі, мәселен ақ күріш 110 теңгеге, нан 6 теңгеге, сиыр еті 150 теңгеге, қырыққабат 100 теңгеге, сәбіз 105 теңгеге, картоп 10 теңгеге қымбаттаған. 11 өнімнің бағасы, яғни қарақұмық жармасы 215 теңгеге, рожки 15 теңгеге, тауық еті 190 теңгеге, сүт 83 теңгеге, айран 80 теңгеге, ірімшік 50 теңгеге, жұмыртқа 160 теңгеге, сары май 50 теңгеге, күнбағыс майы 318 теңгеге, пияз 10 теңгеге, қант 40 теңгеге арзандаған. Ұн мен тұздың бағасы тұрақты.
Сондай-ақ ірі және шағын сауда орындарында ауданда өндірілетін және сырттан келетін 548,4 тонна азық-түлік өнімдерінің қоры бар. Оның ішінде ұн –115 тонна, күріш – 40 тонна, қант – 65 тонна, макарон – 108 тонна, күнбағыс майы – 50 тонна, тұз – 38 тонна, пияз – 34 тонна, картоп – 38 тонна, сәбіз – 17 тонна және т.б.
Сонымен қатар, «Ақниет-2» көтерме сауда дүкені әлеуметтік бұрыш ашу жөнінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен меморандумға отырған. Қазіргі таңда әлеуметтік бұрыш ашылып, базар бағасынан 10-15 пайызға төмен бағада аудан тұрғындарына ұсынылып жатыр. Қазіргі таңда әлеуметтік бұрышта күріш 175 теңге, ұн 180 теңге, қарақұмық жармасы 320 теңге, құс еті 950 теңге, сүзбе 1283 теңге, өсімдік майы 580 теңге, рожки 275 теңге, жұмыртқа 36 теңге, қант 405 теңге, сүт 300 теңге, айран 230 теңге, сары май 650 теңге, тұз 40 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, 2022 жылы қараша айында «Ер-Әлі» шаруа қожалығы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ға 30 тонна картоп өткізген.
Мал басында өсім қалыптасқан
Ауданда егін шаруашылығынан бөлек мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Сондай-ақ осы бағытта жеке кәсіпкерлікті дамытуға қызығушылық танытқандардың қатары да артып келеді. Соның нәтижесінде өңірімізде мал басында едәуір өсім қалыптасқан. Жалпы, аудан көлемінде барлығы 40 918 бас мүйізді ірі қара, 45 759 бас уақ мал, 24 953 жылқы, 801 бас түйе, 102 бас шошқа, 11 348 бас құс өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 105,9 пайызға, жылқы 109,2 пайызға, түйе 109,3 пайызға, уақ мал 97,8 пайызға, құс 100,9 пайызға орындалған. 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін барлығы 15 88,7 тонна тірілей салмақта ет, 4673,6 тонна сүт, 114 мың дана жұмыртқа өндірілген. Өткен жылмен салыстырғанда ет 102 пайызға, сүт 101,5 пайызға, жұмыртқа 100,7 пайызға орындалып, бір сиырдан сауылған сүт өткен жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға, жұмыртқа 1,9 пайызға артқан.
Аудан бойынша 138 шаруашылық мал өсірумен айналысуда. Оның ішінде тікелей «Сыбаға» бағдарламасымен 118 шаруашылық айналысады. Аудан көлеміндегі асыл тұқымды малдың үлес салмағына келсек, мүйізді ірі қара 1,9 пайыз, жылқы 2,2 пайыз, уақ мал 11,8 пайыз болды. Жыл басымен салыстырғанда мүйізді ірі қара 0,5 пайызға, жылқы 0,5 пайызға, уақ мал 4,2 пайызға артқан.
Оның ішінде 4 шаруашылық асыл тұқымды мүйізді ірі қара, 3 шаруашылық асыл тұқымды қой малын өсірумен айналысуда. Алдағы уақытта сүт тауарлы фермасын ашу мақсатында «Адал» ЖК 2022 жылы Қарағанды облысы Шет ауданы «Жандос» ШҚ-дан қосымша 30 бас асыл тұқымды сүт бағытындағы Симментал сиырының қашарларын өз қаражатымен сатып алып жұмыс жасауда.
«Бақдаулет-57» ФҚ-ның типтік жобадағы МІҚ мал қорасы бар. Осы қораны сүт бағытындағы аналық малдарды ұстауға реконструкция жасауда. Екінші деңгейлі банкке несиеге құжаттары өткізілген, қазіргі жағдайда қаржыландыру қаралу үстінде. Қаржы мәселесі шешілген жағдайда Чехия мемлекетінен 96 бас МІҚ аналығын әкелуді жоспарлап қойған.
Сонымен қатар «АгроЛидер Таң» ЖШС жанынан мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу цехы жұмыс жасауда. Цехта тәулігіне 0,5 тонна ет өңделіп, 15 түрлі өнім дайындалып облыс көлеміндегі сауда орындарына өткізіледі. Қазіргі таңда кәсіпорын 8 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Бағдарламаның берері көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жандандыруды Үкіметке тапсырғаны есімізде. Нақтырақ айтқанда, Президент: «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын», – деген еді.
Жалпы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы сан түрлі сала мамандарын қамтиды. Түпкі мақсат – ауылдағы кадр тапшылығы мәселесін жою екені белгілі. Қаладан келген жас маман көтерме жәрдемақы және пайызсыз несиеге қол жеткізіп, баспана алуға мүмкіндік алады. Бюджетті несие 15 жылға беріледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылдың 18 ақпанындағы №183 «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін айқындау туралы» қаулысына сәйкес, әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну ережесі мен әлеуметтік қолдау шараларының мөлшері тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін – 1500 МРП – 5175,0 млн теңге көзделген. Осы бағдарлама негізінде ауданымызда 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін тұрғын үй сатып алуға 968 жас маманға тұрғын үй несиесі берілді.
Тарқатып айтсақ, 2010 жылы 41 маманға 35,7 млн теңге, 2011 жылы 43 маманға 64,7 млн теңге, 2012 жылы 56 маманға 115,6 млн тенге, 2013 жылы 70 маманға 182,6 млн теңге, 2014 жылы 76 маманға 194,7 млн теңге, 2015 жылы 88 маманға 240,8 млн теңге, 2016 жылы 118 маманға 346,7 млн теңге, 2017 жылы 101 маманға 323,3 млн теңге, 2018 жылы 47 маманға 163,9 млн теңге, 2019 жылы 122 маманға 446,9 млн теңге, 2020 жылы 92 маманға 365,8 млн теңге, 2021 жылы 71 маманға 306,8 млн теңге, 2022 жылы 42 маманға 192,6 млн теңге берілген.
Аудан бойынша 2010-2022 жылдар аралығында 2983,6 млн теңге қаржы төленген. 2023 жылы тұрғын үй несиесіне республикалық бюджеттен 139,7 млн теңге қаржы қаралып отыр. 2023 жылға бір маманға тұрғын үй сатып алу немесе салуға бөлінетін бюджеттік несие көлемі 5 млн 175 мың теңгені құрайды. Қаралған қаржы 27 маманға тұрғын үй несиесін беруге есептелген. Кезекте 49 маман бар.
Біржолғы көтерме жәрдемақы алуға мамандар аудан әкімінің қаулысымен реттілікке қойылып, 2020-2023 жылдары аралығында 292 маман кезекте тұр. 2020 жылы 62 маман, 2021 жылы 119 маман, 2022 жылы 95 маман, 2023 жылы 16 маман кезекке қойылған.
Қортындылай келгенде, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қолдаулар мен сол көмекті ұтымды пайдалана білген өңір шаруаларының еткен еңбектері ауданда ауылшаруашылығы саласын дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жол ашып отыр.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!