Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Сенбі, 23 қараша, 14:43

Құмар ойынның құрығына түспейік

01.08.2023

4557

0

Бүгінде елімізде құмар ойындарынан келетін қауіп үлкен мәселеге айналып отыр. Мұндай ойын түрі күн өткен сайын түрленіп, қоғамға келтіретін зияны ұлғайып келеді. Оңай жолмен табыс табуға құныққан адам әртүрлі қиындықтарға душар болып, қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, яғни тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерін жоя бастайды. Жасыратыны жоқ, құмар ойын адам баласын өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты халге де жеткізуде. Бұдан да сорақысы, құмар ойынға елітушілердің арасында өз әйелін, үйін, көлігін, басқа да қажеттіліктерін бәске тігушілер кездесіп жатады. Осының салдарынан бейкүнә балалар жапа шегіп, қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсуде.

1 жылда 5 мың адам өз-өзіне қол жұмсаған

Мамандар ойынқұмарлықтың наша­қорлық пен алкогольге тәуелділіктен де зиян екенін алға тартады. Себебі құмар ойынға салынған адам жеңілген сайын депрессияға ұшырап, жүйкесі жұқара бастайды. Тіпті есінен адасып, қылмыстық жағдайларға барып жа­тады. Ал құмар ойынға салынған адам­ды одан арашалап алу оңай емес екені белгілі. Өйткені осы дерттен айығу үшін қыруар қаржы керек, емдейтін пси­хологтар әкесінің құнын сұрап жатады. Өйткені оларға сұраныс өте жоғары. Ең ауыры, құмар ойынға салынушылар арасында өз-өзіне қол жұмсайтындар да жыл санап артып барады. Мәселен, биылғы статистика бойынша, жылына Қазақстанда 5000-нан аса адам өз-өзіне қол жұмсаса, олардың басым бөлігі – құмар ойынның құрбаны болғандар.

Иә, дамыған елдерде құмар ойын­дарға деген құштарлықты психоло­гиялық ауру ретінде қарастыруда. Ол тіпті аурулар мен денсаулыққа бай­ланысты мәселелердің халықаралық статистикалық жіктемесі тізімінде де бар. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы ойынқұмарлықтың қауіпті екенін ескере отырып, «лудомания» деген арнайы медициналық диагноз енгізді. Осы арқылы жаһандық ұйым құмар ойындар мен компьютер ойын­дарына тәуелділер нашақорлар мен маскүнемдер сияқты эмоционалды жан­дар екенін мойындады.

Мәселен, АҚШ-тың құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауым­дастықтың зерттеуіне сүйенсек, әлем­дегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы 6 пайыз болса, маскүнемге айналуы 34 пайыз, нашақорлыққа салынуы 32 пайызды көрсетсе, ойынқұмар болуы 48 пайызға жетеді екен. Өкініштісі, бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп барады.

Ал біздің елде орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Сондай-ақ әрбір 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесі­рінен ажырасады екен.

Құмар ойыннан құтылу мүмкін бе?

Лудомания ауруы адамның тәнінен гөрі жанына кері әсерін едәуір көп тигізеді. Психолог мамандардың ай­туынша, ойын кезіндегі толқулар адре­налин және басқа стресс гор­мон­да­рының, ал жеңіске жеткен кезде дофамин мен серотониннің бө­лінуін тудырады. Осы екі күйдің адам­дарда өзгеруі толқу, стресс және ләззат алу күйін кештіреді. Ал ләззат сон­ша­лықты айқын және есте қалар­лық­тай болғандықтан, кейбір адамдар ор­газм­ның сенсациясымен жеңген кез­дегі жағдайды салыстырады. Осыдан кейін адамның оны қайтадан сезінуі үшін құмар ойынға немесе ойын автомат­та­рына оралуына себеп болады.

Тағы бір қауіпті сәт адамның ойынға деген қызығушылығы артып, бәстігулер көбейіп, қанға нейрохормондардың тұ­тас коктейлі төгілген кезде пайда бо­ла­ды. Олар есірткі сияқты әрекет етеді және ойыншы байқамай транске түседі, яғни ол өзінің іс-әрекетін, жо­ғалған со­ма­ны, уақытты басқара алмайды және ойынды жалғастыруға тырысады. Бұл ке­­зеңде адамның тәуелділігі бұдан бы­лай пайда табуды қаламайды, сол себепті процесс эйфорияны тудырады.

Иә, қоғамда көп толғандыратын сұрақ­тардың бірі құмар ойынға тәуел­ділікті қалай емдеуге болады? Егер ауыр жағдайдағы құмар ойынға диагноз қойыл­са, тәуелділікті емдеу міндетті түрде дәрі-дәрмектерді қамтиды. Се­ро­тонин мен норепинефринді қайта қабылдау ингибиторларын, опиоидты рецепторлардың антагонистері мен көңіл-күйді реттейтін литий тұздарын қолдануға мәжбүр болады.

Егер бастапқы құмар ойынға диагноз қойылса, антидепрессанттарсыз және басқа да ауыр медициналық «ар­тил­лериямен» тәуелділікті психоте­ра­пия­ның көмегімен емделеді. Дегенмен бұл психологиялық дерт болғандықтан тәуел­діліктен тиімді арылту үшін емдеу жан-жақты болуы керек, яғни мінез-құлық, танымдық, рационалды психо­терапиямен емдеу жатады.

Емдеу процесі ұзаққа созыла­тын­дығын психотерапевттің ғана емес, пациенттен де толық жауапкершілікті талап етілетінін ескеру керек. Сонымен қатар емдеу тәуелді науқастан бөлек, оның әйелі, күйеуі, туыстары үшін де жүргізіледі.

Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауыр­майтын жол ізде» деген тәмсіл бар. Сондықтан «Бір рет қана ойнасам, не болады екен?» деген сөзді ойымызға алмай, құмар ойынға жоламағанымыз абзал.

Шариғат құмар ойынды құптай ма?

Қамшының сабындай ғана ғұ­мыр­да Алланың сансыз нығметіне ие бол­ғандардың бәрі оның қадір-қасие­тіне жете бермейді. Осы жете түсінбеу адамдарды жаман қылықтардың ар­бауына түсіріп, құмар ойынның құры­ғына іліктіреді. Яғни жастарды осы жолда орға жығатын білместік екен.
«Құмар» сөзі арабша «майсир», яғни жеңіл жолмен мал табу деген мағынаны береді. Бұл жөнінде Құран Кәрімдегі «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында былай деген:

Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Не­гізі­нен шайтан арақта, құмарда арала­рыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қал­дыруды қалайды. Ал сонда да тыйыл­майсыңдар ма?».
Құмар ойынға бой алдырғандардың аяттағы сипаты адамның намазына селқос қарап, қажыр-қайратын өзіне зиянды істерге жұмсай бастауы болып табылады.

Ойынға араласқан әр ойыншының мақсаты – жеңіске жету. Ал жеңіс бір адамға ғана бұйырады. Демек құмар ойынның кесірінен бірнеше адам ашуға булығып, шайтанның ар­бауына түседі.
Қазақ «жығылған күрес­ке той­майды» дегенді бекер айтпаса керек. Ұтылған адам жеңістен үміттеніп жүріп, ойынхананың тұрақты келушісіне айнал­ғанын да аңдамай қалады, барынан айырылады, қарызға батады. Ақыр соңында отбасынан, ағайын-туыстан қара үзіп, аш-жалаңаш қалады.
Ұтқан адам да шайтанның уәс-уәсіне еріп, ақшамды көбейткен үстіне көбейте түссем деп жанталасады, нәпсіге ерік береді.

Құмардың енді бір сипаты – арам табыс. Ал мұсылман баласы үшін бұл дүниеде адал еңбек пен маңдай термен келген табыстан асқан байлық жоқ. Бізді жер бетіне тіршілік етуге жіберген Жаратушы иеміз Құран Кәрімде былай дейді: «Өзара мал-мүліктеріңді күнәлі жол­мен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар!».
Жалпы, құмар ойындарының зар­дабы елдің дамуына өзіндік кері әсе­рін тигізіп, адамның кері кетуіне ерекше ықпал етуде. Өмірімізді ойран етпейік десек, әсіресе жастар құмар ойындарына бас ұрып, шайтанның арбауына түспегені абзал.

Облыста 18 ойынхана жабылды

Заңсыз ойынға қатысты қылмыстар экономикаға келтірілген залал ғана емес, адамдардың құмар ойындарға әсіре әуестігі бүгінгі күннің әлеуметтік мәселесінің біріне айналып отыр.

ҚР Қылмыстық кодексінің 307 бабы 1 бөлігімен қарастырылған заң­сыз әрекеттер бойынша Қызылорда облысының экономикалық тер­геп-тексеру департаменті өндірі­сінде 18 қылмыстық іс қаралған. Бү­гінде оның 17-сі аяқталып, сотқа жол­данған. Нәтижесінде 18 ойын орны жабылған. Аяқталған істер бойынша заңсыз айналымнан 1 ойын рулеткасы, 1 ноутбук, 103 монитор, 123 процессор, 6 теледидар, 14 кассалық аппарат, 10 терминал, 6 бейнежазғыш және 795 920 теңге ақша тәркіленген.

Сондай-ақ құмар ойындармен кү­рес нәтижесінде қызылордалық екі азаматқа сот шешімімен айыппұл са­лын­ған. Біріншісі О.Ц. лицензиясыз құмар ойындарды ұйымдастыру мақса­тында Қызылорда қаласы Қорқыт ата көшесінен лицензиясы бар «Sport-BK» ЖШС букмекерлік кеңсесінің атынан ғимарат жалға алып, 9 дербес компьютерді интернет желісіне қосқан. Екінші азамат Қ.Н. қаланың Ә.Тәжібаев көшесінен пәтер жалға алып, «Game» бағдарламасын қолданып, онлайн ойын­дар сайтына кіріп, «электронды рулетка» ойын құрылғысын орнатқан. Бірінші ойын ұйымдастырушы 1000 АЕК көлемінде, яғни екі миллион тоғыз жүз он жеті мың теңге, екіншісі 200 АЕК көлемінде алты жүз он екі мың алты жүз теңге айыппұлға тартылған.

Иә, күрес күшейтілгенімен, жасырын ойын орындарын ашатындар қатары өңірімізде азаймай тұр. Қызылордалық азамат М.Д. Қызылорда қаласынан 2 жерден пәтер жалдап, заңсыз ойын орнын ашқан және екі орында «Ру­летка», «Покер», «Блек джек», «Видеоигры» сияқты интернет-казино ойындарын ақша қаражатымен бәс тігу арқылы ойнатқан. ҚР Қылмыстық ко­дексінің 307 бабы 1 бөлігімен қыл­мыстық жауапкершілікке тартылған, оған сот шешімімен 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалған.

Сонымен қатар 2022 жылдың қа­зан айында Қызылорда облысы бо­йынша экономикалық тергеп-тексеру депар­та­ментімен тергелген заңсыз ойын биз­несіне қатысты бес қылмыстық іс бойын­ша сот үкімі шықты. Олардың алды 58 жастағы егде азамат, ең жасы 30 жастағы жігіт және бір әйел кісі бар. Бесеуі де күнделікті еңбек ақысын төлеп, оператор-кассирлерді жұмысқа алған. Аталған азаматтардың ойнатқан ойын түрлері сот компьютер-технологиялық сарапшылар қорытындысымен толық расталған. Қылмыстық әрекеттері олар­дың мойындауымен, куәгерлер жауа­бымен және жасырын бақылау хат­та­масымен толық дәлелденген. Қы­зыл­орда қалалық №2 соты аталған аза­маттарды ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, үшеуіне 200 сағатқа қоғамдық жұмыс­тарға тарту жазасын, ал екі азаматқа 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 612 600 теңге айыппұл жазасы тағайындалған.

Сондай-ақ жалға берілген ғимарат пен пәтер иелеріне бұдан әрі «заңсыз ойын қызметіне үй-жайларын берген жағдайда» қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Бір қуантарлығы, тиісті органдармен облыс көлемінде заңсыз ойын бизнесінің көлемін азайту және азаматтардың өз әрекетіне құқықтық баға бере ала­тындай, құқықтық сауаттылығын кө­теру мақсатында алдын алу шара­лары тұрақты жүргізілуде.

2 жылға бас бостандығынан шектелді

Қызылорда облысы бойынша эко­но­ми­калық тергеп-тексеру департа­ментімен тергеуі аяқталған кезекті қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.

Алматы қаласының тұрғыны У.А. Қызылорда қаласында интернет-казино ашып, заңсыз ойын бизнесін бастаған. 2022 жылдың мамыр айында қаладағы Қазыбек би көшесінің бойындағы көпқабатты үйден пәтер жалға алып, 8 дербес компьютер орнатып, оларды интернет желісіне қосқан. Өзінің бұрынғы екі танысын келушілерге қыз­мет көрсетуші ретінде жұмысқа тарт­қан. Сот компьютерлік-техникалық са­рап­тамасы алынған компьютерлерге «Superomatic» бағдарламасын қосу арқылы онлайн ойындар сайтына қол­же­тімділік қамтамасыз етілгенін анық­таған.

Оның заңсыз әрекеті Қызыл­орда облысы бойынша ЭТД қызмет­керлерімен әшкере болып, ойын ор­­нынан 8 компьютерлік жүйе мони­торымен, «Huawei», «TP-Link», «Altel» модельді 3 модем, «Ezviz» бейне­ка­мерасы, 1 желілік хап және кассадағы 23000 теңге ақша алынған.

Заңсыз бизнестің жүргізілген айла­рындағы барлық кіріс-шығыс есеп құжаттарына жүргізілген «бухгалтерлік және қаржы бюджеттік зерттеу» сот сараптамалары бойынша сарапшы-маманның қорытындысына сәйкес, заңсыз қызметтен түскен табыс көлемі 8 млн 190 мың теңгені құраған. Яғни бұл ірі мөлшерге жатады.

Сот барысында азаматша У.А. өз кінәсін толықтай мойындау туралы про­цессуалдық келісімге қол қойған. Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен, ҚР ҚК-нің 307 бабы 2 бөлігі 3 тармағымен қарастырылған қылмыстық әрекеті үшін, азаматша У.А. 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Түйін: Біз құмар ойынның қандай орны толмас қайғы-қасіретке әкеле­тінін білеміз, көзбен көріп, құлақпен естіп те жүрміз. Сондықтан егер сіз өзіңіздің туыстарыңыздың не­месе достарыңыздың үнемі құмар ойындарын ойнап жүргенін, оған көп уақыт пен ақшаны жұмса­май­тынын байқасаңыз, дереу дабыл қағуымыз керек. Дерттің ертерек алдын алсақ, емделу жолы да жеңіл өтеді екен. Алайда құмар ойынға тәуелді болған адамды қоғамнан шет­тетіп, қысым жасамауымыз керек. Бұл оның жа­ғымсыз реак­циясын тудыруы мүмкін, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға апа­рады. Оған ма­мандардың көме­гіне жүгінуге кеңес беріп, құмар ойын­ға әуестікті тоқта­туына ой са­луы­мыз қажет.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: