Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Сенбі, 13 сәуiр, 11:38

12 маусымда Қазақстан өз тарихында 12-ші рет Аза тұтуда

12.06.2023

314

0

Сарапшылар, өкінішке қарай, соңғы бесжылдықтағы траур жарияланған оқиғалар ең көп құрбандарымен ерекшеленетініне назар аудартады. 

Қазақстанда Ұлттық аза тұту күні негізінен терактілерге, әуе кемелерінің апаттарына, шахталардағы жарылыстарға байланысты жарияланып келді. 2012 жылы тіпті бір жылда екі рет жарияланды: бірінде – «Арқанкерген» шекара бекетінде шекарашылар қырылып қалғанда, екіншісінде – әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырағанда.

Дегенмен, әлеуметтік желіде пікір білдірген сарапшылардың, қазақстандықтардың байламынша, құрбандарының саны жөнінен ең ауқымдылары – кейінгі жылдардың еншісіне түсіпті. 2019 жылы Алматы маңында 98 жолаушы отырған ұшақ апатқа ұшырап, 15 адам қаза тапты. Көп адам жарақат алды. 2020 жылғы 13 шілде коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу жалпыұлттық аза тұту күніне айналды. Бүкіл Орталық Азияда осы індеттен аққұла қазақ елі қатты зардап шекті: 1 млн 411,8 мыңнан астам адам дертке шалдығып, 13 848 қазақстандық өлді.

Былтыр 238 адамның өмірін жалмаған қасіретті қаңтар оқиғалары халықтың қабырғасын қайыстырды. Президент 8 қаңтарда «Қазақстан Республикасында жасалған террористік актілердің салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстан Республикасында 2022 жылғы 10 қаңтарда жалпыұлттық аза тұту» туралы өкім шығарды.

Заңгерлердің түсіндіруінше, Ұлттық аза тұту күнін Қазақстанда Президент жария етеді. Бұған ірі лаңкестік актілер, табиғи немесе антропогенді апаттар, басқа да қайғылы оқиғалар себеп болуы мүмкін. Траур (немістің Trauer, яғни қайғыру сөзінен шыққан) бір күнге немесе бірнеше күнге жариялануы мүмкін.

Аза тұту күні елде және Қазақстанның шетелдегі өкілдіктерінде барлық мемлекеттік тулар барынша төменірек түсіріледі. Ресми жиындар қайтыс болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталуы шарт. Республикадағы концерттер және басқа барлық ойын-сауық іс-шаралары тоқтатылуға тиіс. Тиісінше отандық телеарналар хабар тарату кестесін өзгертіп, көңіл көтеруге бағытталған бағдарламаларынан бас тартуы керек. Операторлар елімізде ретрансляцияланатын шетелдік ойын-сауық арналарының көрсетілімін уақытша тоқтатуы қажет.

Inbusiness.kz бұрынғы жылдардағы аза тұту күндері қашан жарияланғанына, олардың себептеріне, салдарларына қатысты өзектілендірілген анықтамалығын ұсынады.

Шахтадағы жарылыс

2006 жылғы 20 қыркүйекте Қарағанды облысының аумағында орналасқан Ленин атындағы шахтада жантүршігерлік жарылыс болды. Алапаттығы сонша, жер астында жарылыс толқыны 4,5 шақырымды жапқан. Оның соңы өртке ұласып, салдарынан 41 шахтер қаза тапты. Жеті жұмысшы жараланды.

Арнайы құрылған комиссия жарылыс желдеткіш құбырларды ауыстыру кезінде қауіпсіздік техникасының бұзылуы кесірінен болды деген байламға келген. Қайғылы оқиғадан кейін соған жол берді деп айыпталған шахтаның алты жұмысшысы сотталды. Үшеуі бір жыл шартты түрде бас бостандықтарынан айырылды. Қалғандары 1-ден 3,5 жылға дейін темір торға жабылды.

«Абай» шахтасындағы метан жарылысы

Жер астында жұмыс істейтін жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына үнемі қауіп төнетіні жасырын емес. Егемендік тарихындағы екінші аза тұту күні де шахтерлермен байланысты. 2008 жылғы 11 қаңтарда Қарағанды облысының Абай қаласының жанындағы шахтада, 400 метрлік тереңдікте болған жарылыс 30 шахтердің өмірін үзді. Тағы 14 жұмысшының денесін күйік шалған, әртүрлі дене жарақатын алған.

Трагедияның себебі ретінде шатыр-қалқаны орнату кезінде технологияны бұзу, соның салдарынан ұшқынның шашырауы және оның жарылысқа соқтыруы аталды. Үш инженерлік-техникалық жұмысшы айыпты деп танылды. Төтенше оқиғаны тергеу барысында өнеркәсіптік қауіпсіздікке жауапты екі шенеунік қана қызметтерінен қуылды. Қарағанды облысында қаза тапқан шахтерлердің аруағына құрмет ретінде үш күндік аза тұту күні жарияланды. 

Қызылағаштағы қызыл су

2010 жылғы 11 наурызда Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасы бөгенінің бұзылуы кесірінен арыны қатты тасқын су тұтас ауылды жермен-жексен етіп, 45 адамды опат қылды. Бұл – Қазақстанның қазіргі заманғы тарихындағы ең алапат су тасқыны саналады. Мерт болған 45 тұрғынның 11-і – бала болатын. Тағы 300-дей тұрғын түрлі жарақат алған. Төтенше апат салдарынан Қызылағаш ауылы тып-типыл болды, Егінсу, Ақтоған, Көлтабан ауылдары су астында қалды. 146 үй толығымен сүрілді, 251 үй күйреген, 42 үйге зақым келген. Билік қираған бөген орнына жаңасын салды.

Қазақстанда 16 наурызда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Шекарадағы қантөгіс

2012 жылғы 28 мамырда «Арқанкерген» шекаралық бекетінде он төрт шекарашы және қорықшы өлтірілді. Бұл қылмыс жайында қоғамға тек екі күн өткен соң ғана белгілі болды. Оны сол қан-қасап қырғыннан аман қалған жалғыз шекарашы – Владислав Челах жасады деген айып тағылды. Сот оны өмір бойы бас бостандығынан айырды.

Президент «Арқанкерген» шекарашыларының және қорықшының қайғылы қазасына байланысты 2012 жылғы 5 маусымды ұлттық аза тұту күні деп белгіледі.

Шымкент аспанындағы апат

Мемлекет басшысына сол жылғы 27 желтоқсанда қайтадан жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялауға тура келді: 2012 жылғы 25 желтоқсанда Шымкент түбінде шекарашылар мінген АН-72 ұшағы құлады.

Әуе көлігі ішінде 27 адам болған, оның жетеуі – экипаж мүшесі. Олардың барлығы қаза тапты. Апатта ҰҚК Шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбеков те мерт болды.

Әуе көлігінің апатына Шымкент әуежайының диспетчері кінәлі деп танылды. Ол төрт жылға сотталды.

Алматы маңындағы ұшақ апаты

Келесі жылы Қазақстанда тағы да ұшақ құлады: 2013 жылғы 31 қаңтарда Алматы облысының Қызылту кенті ауданында SCAT авиакомпаниясының Көкшетаудан Алматыға ұшып шыққан Chellenger-200 ұшағы құлады. Салдарынан 16 жолаушы, 5 экипаж мүшесі көз жұмды. Апатқа ұшқыштың қателігі себеп болды деп танылды.

Қайғылы оқиғаға орай Президент Ақордада құқық қорғау органдарының басшыларын, салаға жауапты лауазымды тұлғаларды жинап, кеңес өткізді. Оның барысында Н.Назарбаев авиациялық апат құрбандарының отбасыларына, туыс-туғандарына бірнеше рет көңіл айтты. 2013 жылғы 31 қаңтар жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Ақтөбедегі теракт

2016 жылғы 5 маусымда содырлар тобы Ақтөбедегі 2 қару-жарақ дүкеніне және әскери бөлімге қарулы шабуылдар жасады. Терроршылар қолынан 8 адам мерт болды, оның үшеуі – әскери қызметшілер еді.

Антитеррористік операция барысында арнайы жасақ жауынгерлері 18 қылмыскерді жер жастандырды.

Ақтөбедегі террористік акті кесірінен әскерилердің және тұрғындардың қаза болуына байланысты сол кездегі Президент 2016 жылғы 9 маусымды ұлттық аза тұту күні деп белгілеу туралы өкім шығарды.

Bek Air ұшағының апаты

2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана) бағытына ұшып шыққан Fokker-100 ұшағы 07:22-де жерден көтеріліп, ұшып кете алмай, биіктігін жоғалтқан күйі бетон дуалды қиратып, тұрғын үйге соғылды. Ұшақ ішінде 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 15 адам өлді, соның ішінде экипаж командирі де қаза тапты. Кейін екінші ұшқыш та қайтыс болды.  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 28 желтоқсанды Алматы облысындағы Талғар ауданында жолаушылар ұшағының апатынан болған адамдар өліміне байланысты жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Ақыр соңында Бек Эйр әуе компаниясының лицензиясы қайтарып алынып, жабылып тынды. Ешқандай ғимарат тұрғызуға болмайтын аймақта коттедждің салынуына рұқсат еткені үшін ұсақ шенеуніктер ғана жауапқа тартылды. Алматы облысының Талғар ауданының жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Рустам Тұрысбеков 4 жылға сотталды. Ауданның жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Қайрат Алтынбекұлы 3 жылға абақтыға қамалды. Риэлтор Нұрайым Алданыш 2 жылға бас бостандығынан айрылды.

Президент тапсырмасымен қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру үшін барлық әуе компанияларының жұмыстары мен авиациялық инфрақұрылым нысандары тексерілген. Қорытындысы белгісіз.

Коронавирус қырғыны

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өкімімен 2020 жылғы 13 шілде «Қазақстан Республикасында коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін жалпыұлттық аза тұту күні» болып жарияланды. Бірақ ол кезде қазақстандықтар бұл індеттің Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ірі нәубетке айналатынын білген жоқ. Тіпті сонда қанша адамға қатысты аза тұтылып отырғаны да беймәлім қалды.

Жаһандық пандемия 2020 жылғы 11 наурызда басталған еді. Ол 1150 күнге немесе 3 жыл 1 ай және 3 аптаға созылды. Тек 2023 жылғы 5 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 пандемиясы аяқталғанын жария етті.

Бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы (ТМД аумағында Ресейден кейінгі) пандемиядан ең көп зардап шеккен елге айналғаны анықталып отыр. Заманауи бір ірі мегаполис тұрғындарының санындай, 20 миллионға да жетпейтін халқы бар Қазақстанда коронавирустан ғана 13 848 адам мерт болды. 35 миллионға жуық халыққа ие Өзбекстанда бұл індеттен 1 637 адам, Қырғызстанда 2 991 адам, Тәжікстанда 125 адам көз жұмды.

Үкімет пандемияға жалпы көлемі қанша жүз миллиард теңге ел қаржысы шығындалғаны туралы қорытынды есеп бермеді. Сарапшылар ол миллиардтар тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетуі мүмкін деп тұспалдайды. Бірақ коронакризиске бағытталған қаражаттарға қатысты жемқорлығы үшін бірде бір биік лауазымды тұлға істі болған жоқ.

Жамбылдағы жарылыстар

Қазақстан Президенті 2021 жылғы 28 тамызда «Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрт пен жарылыстардың салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2021 жылғы 29 тамызда жалпыұлттық аза тұту жариялансын» деген өкімге қол қойды.

Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан 28349 әскери бөлімдегі оқ-дәрілер қоймасындағы өрт 26 тамызда басталды. Өрт және соның салдарынан туындаған жарылыстар кесірінен 17 адам қаза тапты. 98 адам жараланды. Оның 49-ы – өрт сөндірушілер. 1 адам із-түзсіз кетті.

Оқиғаға байланысты Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев 31 тамызда өз еркімен отставкаға кетті.

Президент Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, полковник, марқұм Мейіржан Аймановқа «Халық Қаһарманы» атағын берді. Өртті сөндіру кезінде опат болған құтқарушыларды ордендермен марапаттады.

Қанды қаңтар

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 8 қаңтарда «Қазақстан Республикасында жасалған террористік актілердің салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты 2022 жылғы 10 қаңтарда жалпыұлттық аза тұту жариялансын» деген өкім шығарды. Бұл жолы да қазақстандықтар нақты қанша құрбанның аруағы үшін аза тұтып отырғандарын білмеді.

Билік қайғылы қаңтар оқиғалары құрбандарының санын көп кейін жариялады. Бертінде ол сан нақтыланды. 2023 жылғы 5 қаңтарда, трагедияның бір жылдығында Бас прокуратура Қазақстандағы қаңтар оқиғалары, контртеррористік операция кезінде жалпы саны 238 адам өлгенін, соның ішінде 67 адам ғана «шабуылдаушы» деп танылғанын мәлімдеді.

Қаза тапқандардың ең үлкен көлемі Алматыда – 151 адам. Одан кейін Қызылорда (26), Шымкент (20) және Тараз (17) қалаларында.

Абай облысындағы өрт

Президент Қ.Тоқаев кеше «Абай облысындағы орман өртінің салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2023 жылғы 12 маусымда жалпыұлттық аза тұту жариялансын» деген өкімге қол қойды.

Ерекшелігі сол, осы жолы алғаш рет Мемлекет басшысы биліктің салғырттығын, үйлесімсіз тірлігін сынай келе, өрттен көз жұмған орманшылардың туыстарынан кешірім сұрады.

«Тілсіз жау» салдарынан 14 адамның мерт болғаны анықталды. Олардың бәрі орман шаруашылығының қызметкерлері. Экология министрлігі қаза тапқандардың тізімін, фотосуреттерін жариялады.

Аза тұту күні – құрбан болғандардың аруағына тағзым және адамгершіліктің ұлық актісі. Аза тұту күні ел болып егіліп, ұлттық жүнжуге емес, қайта елдік пен азаттыққа төнген қауіпке қарсы халық пен биліктің бірігуіне, ортақ мақсатқа жұдырықтай жұмылуына ықпал еткені абзал.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: