Құрылтай

Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

28°C

, Сейсенбі, 21 шiлде, 20:02

Ана тілі – ұлттың мәңгілік тұғыры

19.06.2026

38

0

Жер бетінде әр халықтың өз үні, өз үнімен үндескен жүрегі болады. Сол жүректің дүрсілі, халықтың жаны мен рухы – оның тілі. Тіл – адам баласына берілген ұлы сый ғана емес, тұтас бір ұлттың өткенін бүгінмен, бүгінін болашақпен жалғайтын алтын көпір.
Қазақ халқы қашанда сөз қадірін білген халық. «Өнер алды – қызыл тіл», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп сөзді қасиет тұтқан халқымыз тілдің құдіретін ерте таныған. Талай дау бір ауыз сөзбен шешіліп, талай тағдыр шешендердің даналығымен таразыланған. Қаз дауысты билердің кесімді сөзі, ақындардың отты жыры, аналардың әлдиі мен батагөй қариялардың өнегесі – бәрі де ана тіліміздің шексіз байлығы.
Тіл – ұлттың жадын сақтайтын қастерлі қазына. Халықтың тарихы, салт-дәстүрі, дүниетанымы, мінезі мен болмысы ең алдымен тілінде көрініс табады. Ана тілінен айырылған халық өзінің рухани тамырынан ажырайды. Сондықтан туған тілді құрметтеу – ата-баба аманатына адал болу деген сөз.
Қазақ тілі – кең даланың тынысындай еркін, қоңыр желдің самалындай жұмсақ, тау бұлағындай мөлдір тіл. Бұл тілде ақындар махаббатты жырлады, батырлар елдік пен ерлікті ұран етті. Бұл тілде ұрпаққа өсиет айтылып, жақсылық пен ізгіліктің дәні себілді. Сан ғасырлық тарихымыздың шежіресі де, халқымыздың асыл мұрасы да осы тіл арқылы бүгінге жетті.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген еді. Бұл сөз – әр қазақтың жүрегінде жаңғырып тұратын ұлағатты ұғым. Өйткені тілдің тағдыры – елдің тағдыры, ұлттың болашағы.
Ана тілі әр адамның жүрегіне бесік жырымен бірге дариды. Сәбидің алғаш айтқан сөзі, ананың мейірімі мен әкенің өнегесі туған тілдің құдіретімен санаға сіңеді. Сондықтан ана тілін ардақтау – өзіңді, өз ұлтыңды, өз тарихыңды құрметтеу.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде әлем бір-бірімен бұрынғыдан да жақын араласып, түрлі мәдениеттер тоғысып жатыр. Осындай кезеңде туған тіліміздің мәртебесін көтеру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өзге тілдерді білу – заман талабы болса, өз тіліңді қадірлеу – ұлтқа деген сүйіспеншіліктің белгісі.
Қазақ тілі – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – тәуелсіздіктің тұғыры, елдіктің айғағы, руханиятымыздың темірқазығы. Тілдің болашағы әр шаңырақтан басталады. Үйде қазақша сөйлеп, баланың бойына ана тілінің қадірін сіңіре алсақ, ұлтымыздың да келешегі жарқын болмақ.
Тіл – ұлттың жүрегі. Жүрек тоқтаса, адам өмірі үзілетіні секілді, тілінен айырылған халықтың да рухани ғұмыры әлсірейді. Сондықтан ана тілімізді ардақтау, оның мерейін үстем ету, келер ұрпаққа саф қалпында аманаттау – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз.
Қазақ тілі – ұлы даланың үні, бабалардың аманаты, болашақтың бағдары. Тіліміздің тұғыры биік, мәртебесі асқақ, ғұмыры мәңгі болғай!

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: