Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

29°C

, Сенбі, 20 сәуiр, 12:43

«Халық суды үнемдегісі келмейді»: Смайылов жаңа тариф енгізуді тапсырды

02.05.2023

244

0

Премьер-министр Әлихан Смайылов суды үнемдеу мақсатында тиімді тарифтерді енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Үкіметтің алдында 2025 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ін таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Қазір бұл көрсеткіш қалаларда – 98%, ауылдық елді-мекендерде 94%-ті құрайды. Аса маңызды жұмыстардың бірі – елдегі су ресурстарының тапшылығын шешу.

«Президент атап өткендей, Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл ретте, суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр. Өкінішке қарай, көптеген азаматымыз суды үнемдегісі келмейді», – дейді премьер үкімет отырысында.

Осыған байланысты Смайылов су бойынша жаңа тарифтік саясат қажет екенін айтты. «Бұл мәселені шешу үшін саланы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет. Осы мәселенің бәрін жаңа Су кодексі мен бағдарламалық құжаттарды дайындау кезінде ескеру қажет», – деді Смайылов.

Сондай-ақ ол әлі шешімін таппаған бірқатар жүйелі проблемаларға қосылды. Айтуынша, кей өңірлерде су тазарту құрылыстарын салу жұмыстары созылып кеткен.

«Ақмола облысында бұл жұмыс 10 жылдан бері бітпей келеді. Іздестіру-барлау жұмыстары да уақытында басталған жоқ. Қарағанды облысында конкурстық рәсімдер енді ғана өткізіліп жатыр. «Сақалды» құрылысқа айналған ауыз су жобаларын аяқтау ісінде де шикілік көп. Мұның айқын мысалы ретінде Ұлытау облысындағы Есқұла су құбырын, Қызылорда облысындағы Талап су құбырын, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов су құбыры мен Соколов су құбырының 2-ші кезеңін айтуға болады. Соның кесірінен 220 мыңға жуық адам сапалы суға қол жеткізе алмай отыр», – дейді үкімет басшысы.

Смайылов сумен жабдықтау жүйесіндегі техникалық ақауларға негізінен инфрақұрылымның тозуы мен күрделі жөндеудің уақытылы жүргізілмеуі себеп болып отыр.

Мәселен, сәуір айында магистральдық құбырдың жарылуынан Балқаш қаласы бірнеше күн бойытүгелдей ауыз сусыз қалды. Абай облысындағы Андроновка ауылында су мұнарасы құлап, жергілікті тұрғындар суды тасып ішуге мәжбүр болды . Семейде су арнасындағы авария 70-тен астам үйді сусыз қалдырды. Сондай-ақ, магистральдық құбырдағы авариядан Ақмола облысының 11 елді-мекеніне су берілмей қалды.

«Бұл – тек бір айдың ішінде орын алған жайттар. Мұндай проблемалардың барлығын кешенді түрде шешу керек. Жалпы, индустрия және экология министрліктері өңір әкімдіктерімен бірлесіп, биылғы жылдың қорытындысы бойынша қалалар мен ауылдарды таза ауыз сумен қамтудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуі қажет», – деп тапсырды Смайылов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: