Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Жексенбі, 12 мамыр, 08:03

Кентте кешенді жобалар бар

22.06.2023

327

0

Ауданға қарасты 14 ауылды аралап, халықпен кездескен аудан басшысы халық алдындағы есеп беру сапарын аудан орталығындағы Дәуімбай елді мекенінде қорытындылады. Рәміздер аллеясында жалағаштықтармен кездескен Асқарбек Темірбекұлы алдымен кент ішінде атқарылып жатқан жұмыстармен және алдағы жобалармен егжей-тегжейлі таныстырды. Жалпы, кентте жетістіктер жетерлік. Өйткені атқарылған ауқымды жобалар халықтың көз алдында. Қаншама нысан пайдалануға берілсе, сол жобалар қазір халық үшін қызмет етуде. Оған қоса кенттегі бірнеше көше жөндеуден өтуде. Аудан тарихында болмаған қаржы тартылып, өңір бюджетінің басым бөлігі осы аудан орталығын көркейту-көгалдандыру жұмыстарына бағытталды.

Мәселен, қазіргі таңда Жалағаш кентіндегі М.Шәменов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары бойынша ескі жолды қырып, құм аралас тас төселіп, жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Мұнан бөлек З.Ижанов, Т.Әбжалиев, Жеңістің 50 жылдығы, А.Қазыбеков, Қ.Нүрпейісов, Желтоқсан, Мысық би, А.Бектібаев, І.Нүркенов, И.Панфилов, барлығы 10 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Кент тұрғындарының ұсынысына сәйкес Өмірбай шешен көшесі Мырзалиевтен Қалыбаев көшесіне дейін кеңейтіліп, тас төселді. Сәрке батыр көшесінің тұйығында тұратын халықтың тілегі орындалып, көшеге жарықтандыру және тас төсеу жұмыстары жасалды. Жалағаш кентіндегі ПМК-09 көшесіне тас төсеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Жаңадан ашылған «Ақтерек» учаскесінде инженерлік инфрақұрылымның сумен жабдықтау құрылысы пайдалануға беріліп, газбен жабдықтау үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары іске асырылуда. Дәуімбай учаскесінде салынатын бір пәтерлі 3 бөлмелі арендалық 20 тұрғын үйдің құрылысын салуға жоба сметалық құжаттар дайындалды. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үй қорынан 50 тұрғын үй сатып алу үшін жер учаскелері белгіленіп, құрылыс жұмыстары басталды.

Дәуімбай елді мекенінен 200-ден аса жасөспірім кент орталығына түрлі үйірмелерге, спорттық секцияларға қатынап оқиды екен. Балалардың қауіпсіздігі бірінші орында екенін жақсы түсінген Асқарбек Темірбекұлы осы мәселені дереу шешкен. Яғни теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысы биыл мамырда басталды. Бүгінгі күнге мамандандырылған мекемемен теміржолдың оңтүстік бетіне тіреу конструкцияларын (свайларды) орнату жұмыстары толығымен аяқталып, солтүстік жағына орнату үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.

Кездесуге жиналғандар арасында өздерін толғандырған сауалдарын қойғандар да аз болған жоқ. Тұрғындар сауал жолдау барысында кент ішіндегі санитарлық тазалық жұмыстарының жүргізілу барысы, абаттандыру жұмыстарын күшейту, аяқ су мәселесін шешу, Дәуімбайда балалар ойын алаңын салу туралы ұсыныстарын айтты.

Осы ретте аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы кент орталығын аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл 6 насос алынғанын, Дәуімбай елді мекеніне 3 дана «АНС-130» насосын орнату жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Иә, Асқарбек Есжанов ауданды басқарған 1 жылдан аса уақыттың ішінде аудан орталығында бірнеше ауқымды жобалар жүзеге асырылып, зәулім ғимараттар бой көтеріп, кент көркі көріктене түсті. Әрине, көзге көрінген жұмысты, еткен еңбекті кент тұрғындары жоғары бағалап, аудан әкімінің жұмысына қанағаттанатынын жеткізді. Жиын соңында кент тұрғындары Асқарбек Темірбекұлының Дәуімбай елді мекеніне арнайы келіп, халықпен жүздесуін ерекше атап өтіп, игі бастамаларына тілекші болды. Ал ақсақалдарымыз тұрғындарға елдің бірлігін сақтау бәрінен маңызды екенін түсіндіріп, батасын берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: