Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 12:14

Композитор полицей

25.11.2023

419

0

«Өнер адам, қызмет таңдамайды. Өнерге білектің күші де қажет емес. Тек оны жан тәнімен ұғыну, сезіну керек. Өнердің әлеміне ене алу керек. Құдай жаратқан пендесін өнерден алыс етпесе, ол өрге жүзеді. Бойында таланты бар жан қандай қызметте жүрсе де өнері оны алға жетелейді. Ән шырқау маған ұнайды. Әншілік табиғаттың адамның бойына дарытқан ерекше бір сыйы деп білемін» деп бастады әңгімесін полицей.

Иә, «полицей мен әншінің не қатысы бар?» деп ойлаған шығарсыздар. Өнер адам таңдамайтыны рас екен, бұған аудандық полиция бөлімінің қыз­мет­кері, полиция майоры Жасұлан Әбдуай­­товтың шығармашылығымен та­ныс­қанда көз жеткіздік. Антқа адал Жас­ұлан Сәрсенбайұлы бүгінде жауап­кершілігі мол қызметі мен бойына дарыған өнерін абыроймен арқалап жүр. Иығына погон таққан офицер қызметтің ауырлығына қарамастан қа­зақтың қара домбырасынан, өнерінен алыстаған емес.
Жақында талантты әнші Жандос Қаржаубай жалағаштықтарға «Көз­мон­шағым» атты ән кешін берген бо­ла­тын. Сол кеште кейіпкеріміз сах­наға көтеріліп, дүйім жұртқа өз ре­пе­р­­туарынан керемет ән шырқап, көрерменнің құрметіне бөленді. Міне, «бұл полицей жігіттің әншілік өнері де бар екен ғой» деген халықтың таңқаларлық сөзі осы мақаламызға арқау болып отыр.
Басынан бастайық… Полиция қа­­лайша әнші болды? Полиция майо­ры Жасұлан Әбдуайтов – Жала­ғаш ауданының тумасы. Өнерді ғұ­рып­таған қарапайым отбасында өскен. Өзінің айтуынша, бұл талант әке­сінен де, нағашы жұртынан да дары­ған. Нағашылары аймаққа бел­гілі жы­рау, ақын, термеші болыпты. Ол кісі­лердің музыкалық сауаты бол­маса да, естіген әуенін домбыра не­месе түрлі аспаптарға салып ойнай ала­ды екен. Осылайша полицейдің өнерге құштарлығы бала кез­ден өнерлі ортада қалыптасса керек.
Жәкең әншіліктен бөлек, ән жа­зады, яғни композиторлық таланты бар. Бүгінде оның репертуары бірнеше туындымен толыққан. Нақ­тырақ айт­сам, «Жалағашым», «Рах­мет са­ған, дәрігер», «Қазақ жігіті», «Тыныш­тық сақшысы», «Мама», «Мен сені сүйе­­мін өмір», «Әкешім», «Алыстағы ма­хаббат» секілді бас-аяғы 13 туын­­дысы бар. Бұйыртса, аудан жұрт­­ына арнап кең көлемде ән кешін ұйымдастыру да ойында. «Әрине ке­штің билеті тегін» деп бір күліп алды кейіпкеріміз.
Оның ең алғашқы орындаған туын­­дысы «Жалағашым» әні екен, әдет­­­тегі бір концерттік шарада жүр­ген Жәкеңнің өнеріне тамсанған ком­позитор Сақып­жа­н Аймаханқызы «Жалағашым» әнін сыйға тар­тыпты. Бұл туындыны киелі Жа­ла­ғаш топырағында өскен азамат орын­даса дегені болса керек. Сондай-ақ жақында жарық көрген туындысы «Нә­зеркем» атты әні бүгінде әнсүйер қауымның жүрегінен орын тауып үлгерген. Бір қызығы, бұл әннің сөзін де Жәкең өзі жазған.
– Иә, өнер мен үшін бала қия­лыммен ұштасқан жеке хоббиім де­сем болады. Өнерді жаным сүйеді. «Жі­гітке жеті өнер де аз» демекші, спорт­пен де кәсіби шұғылданамын. Кү­рестен спорт шеберімін. Азды-көпті жетістігім де бар. Жалпы бүгінгі қыз­метім құқық қорғау саласына үлкен қызығушылықпен келдім. Қызметтегі мін­детімді адал ат­қарудамын. Бұл са­лада қызмет еткеніме 12 жылдан асты. Әр маман­дықтың өзіне тән ерек­шелігі мен қиындығы бо­лады. Мен өз ісімді жақсы көремін, сондықтан маған өнерде де, құқық қорғау саласында да қызмет атқарған қиын емес. Жан дүнием, ойым, болмысым шығармашылыққа жа­қын болғандықтан болар, адаммен тіл табысуға бейіммін, – дейді өнерлі полицей.
«Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ домбыра» деп Қадыр Мырза-Әлі жырлағандай, кейіпкеріміз ұлттық аспабымыз домбыраны жетік меңгерген. Одан басқа гитара аспабын өз бетінше үйренген.
Жәкең балалық, студенттік кезден бастап әртүрлі деңгейдегі бай­қау­ларда бой көрсеткен. Бір­қатар үл­кен конкурстан жүлделі орын да бұйырған. Сөзіме дәлел, қызметте жүріп, сала мамандары арасында өте­тін рес­публикалық «Парасатты поли­цей» атты өнер байқауына қатысып, жүл­делі 3 орынды еншілеген. Сондай-ақ қызметтен тыс ауданның басқа да мә­дени-танымдық іс-шараларына тұ­рақты қатысып тұрады.
Кейіпкеріміз өнердегі жоспарымен де бөлісті. Іштегі өнердің сәулесін тұн­шық­тырмайтын секілді. Бүгінде жаңа туындының жарық кө­руіне жұмыс жасап жатыр. Өзінің ай­туынша, ән пат­риот­тық тұрғыда, жастарды рухтан­дыратын, салмағы басым керемет дүние болмақ. Жәкең сахна тө­рінде жүр­­ген басқа да эстрада жұл­дыз­да­рымен шығармашылық байланыста, бойын­дағы өнерін да­мытуда солармен ақыл­дасып, тәжі­рибе алмасып отырады.
– Мен жайлы Жалағаш жұрты қандай ойда екенін білмеймін. Бірақ жа­қындарым, ұжымым маған әр­да­йым қолдау көрсетуге дайын. Кон­церт­тік іс-шараларда көрсеткен өнеріме қызығатындардың қа­тары аз емес. Кісі бойында білім мен біліктілік, өнерге деген құштарлық қатар жүрсе, қыз­меттің жанға қуаныш сыйлайтыны, еңбектің еленетіні де сөзсіз, – дейді ол.

Жандос МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: