Жаздай тынбай еңбек етіп, күріштің күтіміне басымдық берген ақсулықтардың еңбегінің жемісін көретін шақ таяды. Ауылдағы ең қарапайым да мәртебелі мамандықтың бірі – механизатор. Дала төсінде қызу еңбекпен жүретін тракторшылардың еңбегі қай кезде де үлкен құрметке лайық. Жастайынан трактор тізгіндеп, саналы ғұмырын салаға арнаған Бауыржан Смайлов егін жинау науқанын санаулы күндерден кейін қорытындылайтынын айтады.
Ел арасында еңбекқорлығымен дараланған кейіпкеріміз – ауылдағы серіктестік жұмысына серпін берген майталман мамандардың бірі де бірегейі. Әкесі Қойшыбек Смайлов та бұрынғы Коммунизм совхозындағы қазіргі «Сәрке батыр» шаруа қожалығында 22 жыл механизатор болып қызмет еткен қарапайым шаруа адамы болған.
Жастайынан әкесіне қолғабыс ете жүріп, техникаға деген қызығушылығы артқан бала Бауыржан еңбекке бір табан жақын болып, техниканың тілін ерте меңгереді. Әке жолын жалғаған кейіпкеріміз 2003 жылдан бастап ауылдас ағаларының қасында 3 жыл көмекші қызметінде жүріп, мамандықтың қыр-сырын үйренген, салада табанды еңбек етіп жүрген білікті механизатор жұмыста жауапкершілікті бірінші орынға қояды. «Сәрке батыр» шаруа қожалығында 20 жыл бойы тынымсыз еңбек етіп жүрген майталман маман ел қамбасындағы астықты еселеуге сүбелі үлес қосуда.
– Жастайымнан еңбекке ерте араласып, техниканың қыр-сырына қанық болдым. «Енисей» комбайны мен тракторлардың түр-түрін жүргіздім. Қазір соңғы үлгідегі «Class 450» маркалы комбайнын айдаймын. Онымен жұмыс жасаған өте қолайлы. Ішінде барлық жағдай жасалған. Таңмен таласып техника рөліне отырғалы кешке дейін тыным таппай шаруада боламыз. Ауылда демалатын уақыт жоқ. Егістікті қоректендіру, жер жырту, астық жинау секілді жұмыстарды жүргіземіз. Бір жұмыс бітсе, келесісі дайын тұрады. Шаруаның бәрі уақытылы жасалуы қажет, – дейді білікті механизатор Бауыржан Смайлов.
Мамандығына адалдығы үшін шаруашылықтың тәжірибелі механизаторы жыл сайын түрлі марапаттарға ие болып, аудан әкімінің алғыс хаттарын алған. Ол 2018 жылы серіктестік ұжымында үздік атанып, бағалы сыйлықтар иеленсе, 2021 жылы шаруашылық төрағасы білікті механизатордың еңбегін ескеріп, «Нива» автокөлігінің кілтін табыстаған.
Өз ісіне асқан жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайтын Бауыржанның ұжымдастарының арасында мәртебесі биік, абыройы асқақ. Отбасында жұбайы Ақтолқын екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр.
– Бізде қазір 3 комбайыншы жұмыс жасайды. Оның ішінде Бауыржан туралы айтатын болсақ, ол – өз ісінің шебері. Өйткені жұмысына өте жауапкершілікпен қарайтын, техниканы жетік меңгерген озат механизатор. Еңбекқорлық, жинақылық, сеніп тапсырған техниканы ұқыпты ұстау – оның басты қасиеті. Комбайнды айдау үшін де үлкен тәжірибе мен әдіс керек. Егінді төкпей-шашпай жинап алу комбайншының шеберлігіне байланысты. Бұл тұста Бауыржанның еңбегі зор, – дейді бас агроном Қанат Демесінов.
Иә, оның бос уақыты жоқ, себебі қазір егін жинау науқанын қорытындылайтын шақ. Алқаптан астық жиған кейіпкеріміз «ешкімге жамандық жасама, жақсылық жаса, ол еселеніп қайтады» деген қағиданы қатаң ұстанады.
Жұмысы қиын болғанымен, ол артылған сенім үдесінен шығып келеді. Бауыржан «жұмысыңды жақсы көріп, одан ләззат алсаң, қиындықтар байқалмайды» дейді.
Иә, кейіпкерімізбен тілдесу барысында ерінбей еңбек етіп, жалықпай техника меңгерген адамның жерде қалмайтынына көзіміз жетті. Әсіресе қазіргі бәсекелестік белең алған шақта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгерген жөн. Бүгінгі мақаламызға арқау еткен кейіпкеріміздің мамандығы заманмен біте қайнасып, маңызын жоймайтыны анық.
– «Бір жылдығын ойлаған дән егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған ұрпағына білім нәрін егеді» деп бабаларымыз айтқандай, кез келген істе төккен тер жауапсыз, нәтижесіз қалмайды. Бастысы, адал істей білу керек, ол абыройға бөлейді. Мен балаларыма осыны үнемі айтып отырамын. Өйткені адал еңбек ешқашан құндылығын жоймайды. Мен үшін ең бастысы, ұрпағымның ұлағатты, білімді болуы, – дейді Бәукең.
Елдің ырысын еселеуде ауыл еңбеккерлері қарап қалмайды. Бүгінгі алқап басына жасаған сапарымызда осыған көзіміз жетті. Бауыржан секілді білікті мамандардың өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!