Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 12:17

Мақсат-міндеттер пысықталды

13.02.2024

281

0

Кеше аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың қатысуымен аудандық қоғамдық кеңес отырысы өтті. Оған қоғамдық кеңес мүшелері, бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Кеңес төрағасы Оразбек Меңдібайұлы ашқан жиында бірқатар мәселе көтеріліп, алдағы міндеттер айқындалды.

– Ауданда өзекті мәселелерді қозғап, тиісті мемлекеттік органдарға жеткізетін ұйымдардың бірі – қоғамдық кеңес. Кеңестің міндеті – елдің жоғын жоқтап, мәселесін кө­теру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық­қа ар­наған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемле­кет» тұжырымдамасын іске асырып, азаматтық қоғамды нығайтуға шақырды. Оны жүзеге асыру мақсатында ау­дан­дық деңгейдегі мемлекеттік органдардың халықпен ты­ғыз жұмыс жасауы үшін ауданның қоғамдық кеңесі өзіндік үлесін қосып отыр. Қоғамдық кеңестің мақсаты – азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру, мемлекеттік ор­ган­дармен өзара іс-қимылын дамыту, – деді Оразбек Ахметов.
Өздеріңіз білетіндей, былтыр аймақ басшысының қол­­дауымен және бірлескен жұмыстардың нәтижесінде ау­­данда ауқымды жобалар жүзеге асырылып, тіректі са­лаларда серпінді қадамдар жасалды. Республика, облыс көлемінде болып жатқан оң өзгерістермен бірге ауданда да бірқатар нәтижелі жұмыс атқарылды. Жиында аудан әкімі Ардақ Ибраимов атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жайын тілге етті.
– Аудан бюджеті 2023 жылы 10,8 млрд теңгені құрап, 99,9 пайызға атқарылды. Өткен жылы жалпы құны 5,6 млрд теңгені құрайтын 40 жоба жүзеге асырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтқанда, облыстық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлініп, жол жөндеу бағытында 11 жоба іске асырылды. Сонымен қатар Жалағаш кенті және 5 елді мекеннің 20 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Халықты таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – назарда тұрған басты міндеттердің бірі. Өткен жылы Аққұм, Мәдениет елді мекендерінің ауыз су жүйесін кеңейту және «Ақтерек» учаскесінің су ұңғымалары және су жинау-тарату кешенінің құрылысы мен сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұ­мыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда аудан тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ тұрғындарды газбен қам­ту – әлі де өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағытта да ау­данда бірқатар жоба жүзеге асырылуда, – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, қазіргі таңда Жалағаш кентіндегі 2 861 тұрғын үй және 20 әлеуметтік, 127 кәсіпкерлік нысан орталықтандырылған газ желісіне қосылған. Биыл Ақсу, М.Шәменов елді мекендерінде газдандыру жұмыстары жалғасады. Қазіргі таңда мердігер мекеме құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Мұнан бөлек 2023 жылы Ақсу, Қаракеткен елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 270,3 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары толық аяқталды.
ҚР Ұлттық қоры есебінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үй сатып алуға 528 млн теңге бөлініп, 51 жеке тұрғын үй сатып алынды. Қазіргі таңда белгіленген санатқа жататын мұқтаж 51 отбасына тұрғын үй кілті табысталды. Сондай-ақ Жалағаш кентінен теміржол арқылы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысына об­лыс­тық бюджеттен 325,4 млн теңге қаржы бөлініп, құры­лыс жұмыстары жүргізілді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен 752,8 млн тең­ге бөлініп, Мырзабай ахун және Есет батыр елді ме­кендерінен дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, аймақ басшысының ауданға жасаған жұмыс сапары ба­ры­сында аталған нысандар ел игілігіне пайдалануға берілді.
– Биыл ауданда 24 жобаны іске асыруға бюджеттен 3,4 млрд теңге қаржы бағытталды. Оның ішінде ең ірі екі жоба бар. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында облыс көлемінде 21 мектеп салынатын болса, соның бірі біздің ауданда бой көтереді.Қазіргі таңда 300 орындық «Жайлы мектептің» жер телімі белгіленді. Биыл мектеп құрылысы басталып, ке­лер жылы ел игілігіне пайдалануға беруді жоспарлап отыр­мыз, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ биыл аймақ басшысының қолдауымен жал­пы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Руханият» ор­та­лығы ғимаратының құрылысы жүзеге аспақ. Музей, кі­тапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар ке­ңе­сі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен та­рихи-мәдени, рухани ұйымдарын біріктіретін типтік үл­гі­дегі «Руханият» орталығы жыл соңына дейін ел игілігіне пай­далануға беріледі деп жоспарлануда.
Кеңес мүшелері жиында атқарылған нәтижелі жұмыс­тар­ға оң баға беріп, алда орындалуы тиіс мәселелерді тал­қылап, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Қоғамдық кеңес мү­шелері аудан тұрғындарының көкейінде жүрген өзекті мә­селелерді ортаға салды. Олар кентте көғалдандыру жұмысын қолға алып, тал егу жұмысын жандандыруды ұсынды. Сондай-ақ жастар бас қосатын спорттық алаң ста­дион мен орталық алаңға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін де назарға салды.
Жиын соңында биыл да ауданның өркендеп, дамуы жо­­лында қарқынды жұмыстарды жалғасатынын айт­қан ау­дан басшысы ұсыныстар бойынша тиісті сала бас­шы­ларына тапсырмалар беріп, орындалуын қатаң ба­қы­лауда ұстайтынын айтты.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: