Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Жексенбі, 13 қазан, 15:53

Шалғай ауылдың шаруасы ширақ

22.06.2023

390

0

Әкімдердің халықпен кездесулер өткізу туралы ҚР Президентінің жарлығына сәйкес аудан әкімі Асқарбек Есжановтың кент, ауылдық округтердегі тұрғындармен кездесуі бүгін аудан орталығынан шалғай орналасқан Аққыр елді мекенінде жалғасты. Онда Асқарбек Темірбекұлы ашық аспан астында жиналған қауым алдында тік тұрып, өңірде атқарылған жұмыстарды, жоспарланған жобаларды баяндады.

Иә, ауылда атқарылған жұмыс көп, ауқымды істер алда тұр. Мәселен, қазіргі таңда «Самара – Шымкент -Жаңаталап – Аққыр» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 16 шақырым жол күрделі жөндеуден өткен. Алдағы уақытта Ш.Есов, Ы.Ақмырзаев, М.Ахметов, Н.Таспенов, Аққыр ішкі көшелеріне де күрделі жөндеу жүргізілмек. Шалғай ауылда демеушілік есебінен балалар ойын алаңы салынып, бүгінде пайдалануға берілген.

Өкінішке қарай екі мыңыншы жылдары ескі клуб өртеніп кетіпті. Содан бері аққырлықтар үшін ауылдық клуб үлкен мәселеге айналған. Ауылға руханият орталығының салынатынын да өңір басшысы сөзге тиек етіп, жергілікті халықты бір қуантты. Алдағы уақытта елді мекенде 100 орындық ауылдық клуб құрылысы басталады, бүгінде бюджеттік өтінім де ұсынылған.

Аққырда күріш алқаптары болмаса да, тұрғындар бақша өнімдерін өз ауласына егеді. Жасыратын жоқ, бүгінгідей су тапшылығы туындаған тұста аяқ су мәселесі де қозғалатыны заңдылық. Бірақ Асқарбек Темірбекұлы қол қусырып отырмай, бұл мәселенің де шешімін біржақты еткен. Бүгінде ауылға облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 2 дана су насосы алынған. Сондай-ақ оңтүстік коллектор арнасынан елді мекенге аяқ су әкелу мақсатында, ұзындығы 12300 метр жаңадан канал қазылады, бүгінде бұған қатысты ЖСҚ әзірленуде.

Тағы бір айта кететін жайт, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов Аққыр ауылында бос тұрған жерлерді осы елді мекен тұрғындарымен бірлесе игеруге ниетті екенін жеткізді. Яғни жоңышқадан бастап бау-бақша өнімдеріне дейін ексем дейді.

Иә, мұндай ұтымды ұсынысты естіген аққырлықтар еңбектің көзін білетін адам болса, халық болып жұмыс жасайтын азаматты қашанда қолдайтынын жеткізді. Бұйырса келесі жылдан бастап әуелі 150 гектар жерге бау-бақша өнімдері егілмек, сондай-ақ еңбекке тек ауыл тұрғындары тартылады.

Міне, ауызбіршілігі жарасқан аққырлықтардың тірлігі мығым. Жиын соңында ауыл ақсақалдары өңір басшысының жұмысына көңілі толатынын жеткізіп, батасын берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: