Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

27°C

, Жексенбі, 21 шiлде, 22:15

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖАЗА ҚАТАЛ

22.09.2023

322

0

Сыбайлас жемқорлық – бұл қызметтік жағдайды теріс пайдалану немесе жеке тұлғаның өзінің пайдасы үшін қоғамның және мемлекеттің заңды мүдделеріне қарсы өзінің лауазымдық өкілеттігін заңсыз пайдалану. Пайда көру пара алудан және ақшаны ұрлаудан бастап, достарға және туыстарға заңсыз көмек көрсетуге дейін әртүрлі түрде көрінеді. Заңнамалық анықтамада сыбайлас жемқорлықтың ең көп таралған формалары – пара беру және алу, билікті асыра пайдалану, коммерциялық парақорлық.

Сыбайлас жемқорлықтың қазіргі заманғы көріну түрлері оған  қарсы күресті одан да қиындатады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың негізі тек қана нақты бақылау мен жазалауға ғана емес, сонымен бірге сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жүйелі тәсілде де болуы керек.

Бұл кеселдің әлеуметтік құбылыс екені әу бастан-ақ белгілі болды. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын сыбайлас жемқорлық әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық. Еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып арнайы заң қабылдады. Кейіннен бұл саладағы ұлттық заңнаманы жетілдіру барысында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы, Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенцияларын және басқа да жалпы жұрт таныған халықаралық актілерді ратификациялап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіләлемдік қоғамдастықтың тең мүшесіне айналды.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін ұдайы айтып келеді. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Сондықтан заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керекпіз.

Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл негізінде қоғамдағы парасаттылық идеологиясының да алар орны ерекше. Өйткені парасаттылық – әділдік, заңдылық, сатылмайтындық, адалдық сияқты құндылықтарды біріктіретін кешенді ұғым. Парасаттылық жүйесі мемлекеттік аппарат қызметінің ашықтығын, айқындығын көздейді. Парасатты қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік әрбір адамның ішкі нанымына, ойлауы мен мінез-құлқының негізіне айналады. Ал парасаттылық жүйесін қалыптастыру кезінде мемлекет пен азаматтардың серіктестігі, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда күш-жігерін біріктіру, қоғамның осы жұмысқа барынша тартылуын қамтамасыз ету түпкілікті маңызды рөл атқарады. Аталған тәсіл қоғамдық бақылауды іске асыру тетіктерін кеңейтуді көздейді, ол қоғамдық кеңестердің қызметімен ғана шектелмеуі тиіс.

Сонымен қатар азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының басқа да практикалық тетіктерін және ең алдымен, мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы мен қызметінің айқындығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл сияқты бағыттар бойынша заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету қажет. Жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы рөлін күшейту және қоғамдық бақылауды кеңінен қамтамасыз ету қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыруды талап етеді. Мұнда жас ұрпақты сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол беруге мүмкіндік бермейтін жаңа көзқараспен және өмірлік қағидаттармен өсіру шешуші рөл атқарады.

Қауіпті кеселмен күрес бағытында біздің басты мақсатымыз – азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру. Жалпы, мемлекетке деген сенім де осыған байланысты. Сондықтан бізге жүктелген жауапкершіліктің жүгі зор. Сенім – қолжетімді сот төрелігі, судьяның беделі, ұғынықты, негізделген шешімі арқылы қалыптасады. Осы тұрғыда сот саласындағы реформа, заң-ережелер, бағдарламалар, халықаралық тәжірибе және сарапшылардың талқылауымен жетілдіріліп келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы судьяларының VIII съезінде жасаған баяндамасында сот төрелігінің әділ және заңды жүзеге асырылуына мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі екенін атап өтіп, алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірқатар басымдықтарды айқындады. Сонымен қатар адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз етуді бірінші міндет ретінде атап көрсетті. Әділ сот төрелігі және азаматтардың сот билігіне деген сенімін арттыру міндетті шарт болу керек екені, сондай-ақ кәсіби судьялар корпусы барынша сот реформаларының шешуші факторы екеніне баса назар аударды. Барша міндеттерді тиімді шешу арқылы сот жүйесіндегі оң өзгерістерге қол жеткізуге болатынын және азаматтардың сотқа деген сенімі арта түсетінін атап өтті.

Осындай сот саласындағы ауқымды реформалардың нәтижесінде Сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейне жазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Сот ісін жүргізуде заманауи бағдарламалық өнімдер пайдаланылып, ақпараттық технологиялар арқылы халыққа көптеген ақпараттық қызметтер көрсетіліп, сот жүйесінің тиімділігін, қолжетімділігі және ашықтығын, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімділігін одан әрі арттыруға қажетті жағдайлар жасалған. Осының барлығы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге, қауіпті кеселдің алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Десе де, сыбайластық жемқорлық бір ғана органның емес, тұтас халық болып күресетін індет екені белгілі. Сондықтан мемлекеттің дамуын тежейтін қоғам дертімен барлығымыз бірдей жұмыла күрескен абзал.

Жеңісбек ҚОҢЫРБАЕВ

Жалағаш аудандық соттың бас маман-аға сот приставы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: