Бүгін Қызылорда облысының әкімдігі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және оның алдын алу бағытында «Әділетті Қазақстан: Заң үстемдігі және жемқорлықсыз қоғам» атты облыстық форум өтті.
9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған форумға Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашықов, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, білім, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, жастар, студенттер, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті қалыптасқан парасатты қоғам құру мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін форумды облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров ашып, аймақтағы сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. «Әділетті Қазақстан» құру жолында мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлықпен жалпыұлттық негізде күресу екенін айтып, Қызылорда облысы 2023 жылдың 10 айының қорытындысымен сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 3 орынға көтерілгенін жеткізді.
Салтанатты форумда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстары мен құқықтық қоғамды қалыптастыруға өз үлестерін қосып жүрген бірқатар белсенді азаматтар облыс әкімінің және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының Алғысымен марапатталды.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауаттылығын, ақпараттық-түсіндіру жұмысының қарқыны мен сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру жолдары» тақырыбындағы үздік мақала байқауының жеңімпаздары марапатталып, қаржылай сыйақылар табысталды.
Форум соңы жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертімен жалғасты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!