Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Жұма, 29 наурыз, 02:59

Қызылордада Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай мерекелік концерт өтеді

30.09.2022

306

0

Қазақтың әйгілі әншісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай «Роза Бағланова атындағы мемлекеттік Қазақконцерт концерттік ұйымы» Сыр өңіріне гастрольдік сапармен келді.

Роза Тәжібайқызының өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын ұлықтауды мақсат тұтқан өнер ұйымы «Қазақ деген халықтың еркесімін» атты мерекелік концертті қалың көрерменге ұсынады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов мәлімдеді.

«Өздеріңізге белгілі, ән падишасы атанған Сыр елінің тумасы КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың ғасырлық мерейтойы республика және ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуде. Осыған сәйкес, жыл басында облыста өткізілетін іс-шаралар жоспары бекітілді. Бүгінде аймағымызда ауқымды шаралар өткізілуде. Мінекей, бүгін ұлт мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Роза Тәжібайқызының 100 жылғына орай «Қазақконцерт» концерттік ұйымы гасрольдік сапармен еліміздің барлық аймақтарында болып, бүгін Сыр еліне табан тіреді. 30 қыркүйек күні Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Қазақ деген халықтың еркесімін» атты мерекелік концерт өтеді. Барша Сыр өңірінің халқын әдемі кештің куәсі болуға шақырамыз», – деді басқарма басшысы Руслан Рүстемұлы.

Брифинг барысында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» жанындағы Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығының басшысы Ерсін Тәжібаев барша қызылордалықты мерекелік концерттің куәсі болуға шақырды.

«Қазақтың бұлбұлы атанған Роза Тәжібайқызының ғасырлық мерейтойы елімізде кең көлемде тойлануда. Бүгін батыр апамыздың кіндік қаны тамған киелі мекен Сыр еліне гастрольдік сапармен келдік. Жалпы «Қазақконцерт» ұжымында 500-ге жуық әртіс қызмет етеді. Ертеңнен бастау алатын мерекелік концертте халықтың сүйікті әншілері М.Жүнісова, Б.Сәмединова, А.Нұрмағамбетова, Қ.Махан, Р.Оразбаева, Е.Шарипов сынды басқа да өнер майталмандарының орындауындағы Роза Бағланованың әндерін шырқайды», – деді Ерсін Тәжібаев.

Айта кетейік, «Қазақконцерт» концерттік ұжымы 1-4 қазан аралығында Қармақшы, Қазалы, Арал аудандары мен Байқоңыр қаласында гастрольдік сапармен мерекелік концерт өткізеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: