Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

19°C

, Жұма, 19 сәуiр, 06:43

ТАҢДА ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІК КӨП

23.11.2022

359

0

Алдағы екі-үш жылда ауданға қарасты елді мекендерде жарқын жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жасалмақ. Әсіресе табиғи газға қосылатын ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Қажеттілігіне, мәселенің өзектілігіне қарай барлық ауылдық округтерде көшелер жөнделіп, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары кезең кезеңімен атқарылады. Жуырда ауданға қарасты елді мекендерді аралаған аудан әкімі Асқарбек Есжанов ауылдарға сапарында осындай жақсы жаңалықпен бөлісті.

Сапар барысында үлкен жолдан түсіп Таңға жақындай бастағаннан, ауылдың кіреберісінен басталған тындырымды тірлік көрген көзге қуаныш сыйлайды. Еріксіз сүйсінесің, ауылдың ажарына таңдай қағасың. Иә, барды бар деп айту керек қой, Таң ауылында тындырымды тірлік көп екеніне көз жеткіздік. Ал аудан басшысы Асқарбек Есжановтың ауылдық елді мекендерге жұмыс сапарының алғашқы күні Таң ауылында қоры­тын­дыланған болатын. Мәдениет үйін­­­де тұрғындармен жүздескен өңір басшысы 3 жылдық ауданның да­­­му жоспарын кеңінен тарқатып, оның ішінде ауылдық елді мекендер мә­селесін шешу де қамтылғанын жасырмады. Ал ауыл тұрғындары болса, аудан әкіміне де, ауыл әкіміне де тағатын мін жоқ екенін айтып, тек қана береке мен бірлік тіледі. Расында солай-ақ, Таңда анау айтарлықтай мәселенің жоқтығын кіре­берістен-ақ бірден аңғардық. Айналамызға шолу жасаған әріптесім екеуміз мұнтаздай таза көшелер мен жасыл-желектің, түрлі-түсті заманауи үлгімен салынған қоғамдық маңызы бар нысандардың ауыл ажарын арттырып тұрғанына және ауыл әкімінің іскерлігін көпке үлгі қыларлықтай екен дедік.

Негізі «Ауыл – ел бесігі» жобасы жұмысын бастағалы да ауылдық елді мекендер көркейіп-көгалданып, әлеуеті артып, бірнеше нысандар бой көтерді, жол сапасына мән беріліп, ауыз су жүйелері жаңартылды. Мұның игілігін бүгінде аудан халқы, оның ішінде Таң ауылының тұрғындары да көріп отыр. Аталған жоба аясында Таң ауылдық округінде биыл 10-нан аса жоба жүзеге асуда. Соның бірі – Орынбай жырау көшесінің жөндеу жұмыстары. Ұзындығы бір шақырымнан асатын жол заманауи талаптарға сай төселді. Ал ауылдағы №118 орта мектеп күрделі жөндеуден өткен болатын. Бұл жобаға жалпы құны 333 млн теңге қаражат қаралған. Бас мердігер «GOLDEN CITY DS» ЖШС биыл жаңа оқу жылына дейін нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға берді. Білім ошағының есіктерезелері, едені ауыстырылып, ішкі қабырғалары түсіріліп сыланды. Ал сыртқы қабырғаларын металл сайдингтерімен қаптап, су, кәріз жүйелері жүргізілген. Мұнан бөлек электр жүйелері жаңартылып, өрт-дабыл қондырғылары ауыстырылды.

Биыл Таңда 14 көше жөндеуден өткен. 1131 тұрғыны бар елді мекенде осыған дейін 260 млн теңгемен ауыз су мәселесі толық шешімін тапты. Ал ауылдағы «Таң LTD» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаев ауылды абаттандыру, көркейту-көгалдандыру, елді мекен халқының әлеуетін арттыру мақсатында біршама жобаны жүзеге асырды. Бұған дейін іскер азамат 701 млн теңгеге ауылда 7 жобаны жүзеге асырып, өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосты. Олардың қатарында спорт кешенінің құрылыс жұмыстары, балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, көшелерді жарықтандыру секілді жарқын жобалар бар. Былтыр Таңдағы «Таң ЛТД» ЖШС-ның сабантойына барғанда да әрбір жеткен жетістігін ел егемендігімен тоғыстырған азаматтың жасап жатқан қайырлы істеріне куә болған едік. «Биыл шаруашылық үшін жыл жаман болған жоқ. Межелеген өнімнен де артық астыққа қол жеткіздік. Шаруашылық ұжымының жұмысын жоғары бағалаймын» деген еді төраға бір сөзінде. Иә, расымен дүбірлі тойда 500 мың, 1 млн, 1 млн 500 мың, 2 млн, 2,5 млн теңгені үлестірді. Жалпы құны 205 млн теңгеден астам қаражат дала дарабоздарына үлестірілді. 1400 гектар алқапқа Сыр салысын сепкен шаруашылық ұжымы өткен жылды жақсы нәтижемен қорытындылады. Әр гектардан 70 центнерден жоғары астық алған серіктестіктің жұмысында серпін бар. Тіпті алды 90 центнерге жуық дақылды қамбаға құйған. Адал еңбек расында лайықты бағаланды. Тіпті шаруашылық жұмысшыларынан бөлек ауылда әр салада қызмет жасап жатқан жерлестеріне де құрмет көрсетіп, бағалы сыйлықтар табыс етті. Бір ғана шаруашылықпен 120 адамды жұмыспен қамтып отырған облыстық мәслихат депутатының Таңды түлетуге арналған әрбір жобасының жергілікті халық бүгінде игілігін көріп отыр. Имамзада Шағыртаев осы күнге дейін 701 млн теңгенің бірнеше жобасын ауылда жүзеге асырды. Иә, ауылды абаттандыру жолында жүзеге асқан әрбір жобада атпал азаматтың қолтаңбасы бар. Ең әуелі ауылдағы имандылық үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Мұнан кейін 100 орындық “Таң бөбегі” бөбекжайын қайта жаңғыртты. Кейін спорт кешені ғимаратына да қыруар қаржы бөлді. Жалпы құны 150 млн теңгені құрайтын ет өңдеу цехын іске қосты. Бұл цех бірнеше ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр және өз өнімімен тұтас бір аймақты қамтамасыз етеді.

Тағы бір айта кететін жүйелі жұмыстардың бірі қыркүйек айында ауылдық емхананың іргетасы қалануы. Бұл жобаға қазынадан 140 млн теңге қаражат қаралған. 30 төсектік дәрігерлік амбулатория ішінде 18 кабинет бар. Оның екеуі стационар бөлмесі болса, 1 психолог кабинеті, 1 терапия кабинеті, 2 дәрігерге дейінгі кабинет, 1 егу бөлмесі бар. Тізе берсек, тәуелсіздік жылдарында түлеген ауылда жетістік көп. Татулықты ту еткен ауыл халқы қашанда ымырамен іс қылудың жемісін көріп отыр.

Айта кетейік, алдағы уақытта газ кіретін елді мекендер қатарында Таң да бар. Жергілікті ха­лықты қуанышқа бө­ле­ген басты жаңа­лық та бүгін осы болды. Бұл ауыл­дың халқы шынында не айтсын?! Кө­шелері айнадай, бала­бақшасы тағы бар, мек­тебі күрделі жөндеуден өткен. Жалпы ауыл­ды абаттандыру және халықтың тұрмыс сапасын артты­ру мақ­са­тында атқарылған жұ­мыс­тар ле­гін тарқатамын десек, жазар дү­ние көп. Бір ғана облыстық мәслихат де­пу­та­ты, ауылдағы «Таң ЛТД» ЖШС тө­­рағасы Имамзада Шағыртаевтың ту­­ған жерді түлету мақсатында жүзеге асыр­ған жарқын жобалары қаншама. Бастысы ауылда береке бар. Оның да ауызбіршіліктің арқасында кел­генін біз жақсы білеміз.

 «Ауылдық жер болған соң мәселенің болмауы мүмкін емес қой. Бірақ қазіргі ауылдың ажары, дамуы, тұрғындардың тұрмыс сапасы анау айтарлықтай нашар емес. Биылғы жылға жоспарланған жобалар кезең кезеңімен жүзеге асты, әлі де ауылда атқарылатын жұмыстардың жүйесін естіп, біліп отырмыз. Ауылға кіреберістегі «Бозарық» каналы көпірін қайта жаңғыртуға да құжаттар дайындалуда екен. Әйтеуір, тіршілік тоқтап қалмай, ретімен мәселелер шешімін тауып жатса, біз ризамыз» деген ауыл ақсақалдары да табылды. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың қатарында елді мекенге қарасты 10 ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы бар. Ауыл сақшыларына берілетін бұл тұрғын үйлер әкімдіктің балансында болып, учаскелік полиция инспекторы қызмет ауыстырған жағдайда келесі келетін тәртіп сақшысының пайдасына жарайтын болады. Мұны қос қолдап қолдаған ауыл тұрғындары қатынап жұмыс жасағаннан ауылдағы ағайынмен етене араласып, бірлесіп жасалған жұмыстың нәтижесі жоғары болатынын жеткізді.

Жалпы ауданда жыл көлемінде атқарылып жатқан жобалардың саны отызға жуық болса, оның ішінде ауыз су, жол құрылысы, әлеуметтік нысандар, көпірлерді жөндеу, газдандыру, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары қамтылған. Ауыз су желілері бойынша 4 жоба, жол құрылысы 9 жоба, газдандыру бойынша 4 жоба, жарықтандыру 4 жоба, абаттандыру 4 жоба жүзеге асуда.

Айта кетейік, Таң ауылындағы №118 орта мектеп бала бойына білім дарытуда, заманның өзгерісіне бейімделе алатын, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда бар білім біліктерін аяған емес. Ұстаздық жолдың жауапты әрі қиын екенін жете түсінген мектеп ұжымы қай істе болмасын ауызбіршілікпен жұмыс жасайды. Ал 1981 жылы пайданалуға берілген 624 орындық білім ошағы өткен жылы күрделі жөндеуден өтіпті. Типтік жобадағы мектеп ғимараты қазір заманауи жабдықтармен жабдықталып, талапқа сай білім беруде еш кедергімен бетпе-бет келіп отырған жоқ.

«Мұғалімнің негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілетін, өзіндік таным біліктілігін дамыта отырып, алған білімдерін өмірде қолдана білуге үйрету. Әрине, оңай жұмыс емес. Дегенмен, қанша жылдан бері көптеген шәкірттің қанатын қатайтып, өміріне жететін рухани азық пен тәрбие беріп, үлкен өмірге аяқтандыру ұстаздардың еңбегінің ақталғаны деп білемін. Мектеп мұғалімдері өз іс-тәжірибелерінде күн сайын білім берудегі жаңаша түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, оқушыларды оқу-танымдық, шығармашылық іс-әрекетке ынталандырып және әр оқушының нәтижеге жетуі үшін жағдайын жасауды басты орынға қойып келеді. Сондықтан болар, шүкір, жыл сайынғы нәтижеміз жаман емес. Негізі бүгінгі жас ұрпақ білімді болса, елдің келешегі кемел болары ақиқат. Жастардың білімді болуы жаһандық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалауына жол ашады. Мұндағы негізгі ой – білім бәйгесінде биіктен көрінетін білікті маман, уақыт талабына сай, кез келген кезеңде бәсекеге дайын тұлға қалыптастыру» деген мектеп директоры Бүркітбай Доспанов компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу әркімнің алға басуына жол ашатын заманауи талаптар екенін айтады. Расымен заманның талабы осы – сөз басында айтқанымыздай, ашықтық, бәсекеге қабілеттілік және терең білім. Ал біз мақалаға арқау етіп отырған білім ошағының педагогтары бұл тұрғыда аянбай еңбек етуде.

Мәселен, аталған алтын ұяда қазір 250 оқушыға осындағы педагогтар сапалы білім мен саналы тәрбие беруде. Былтырғы оқу жылының қорытындысы бойынша 11 сыныпты бітірушілердің саны 11 болса, ұлттық бірыңғай тестілеуге 10 түлек қатысып, орташа балл 89,5 пайызды құраған екен. Мемлекеттік грант иегерлерінің саны 7, облыс әкімінің грант иегері 1, ақылы оқу орнына түсушілер саны 3. Ал «Алтын белгіге ие болған» Гүлнафиз Әзілханқызы ұлттық сынамада 125 балл жинап, мектеп мақтанышына айналған екен. 9-сыныпты бітірушілер саны 20 болса, оның

8-і арнаулы орта оқу орындарына түсіп, қалған 12 оқушы 10 сыныпты жалғастырып отыр. Осы 9-сыныпты бітірушілердің 2-еуі негізгі орта білімін «Үздік аттестатпен» аяқтаған. Былтырғы жылдың ең басты жетістіктерін республикалық білім сайыстарында сынға түскен Гүлім Алматқызы, Мұхамедали Атымтаев, Нұрдидар Жасұланұлы алып келген. Бұдан бөлек Таң ауылдық №118 орта мектепте аяулы ұстаздарының еселі еңбегін нәтижесіз қалдырмай, мектептің абыройын асқақтатып, жүлделі орындарды еншілеп жүрген оқушылар жетерлік. Биылғы оқу жылының өзінде Толғанай Әуезхан, Ұлмекен Сахи сынды білімді жастар түрлі байқауларда жеңімпаз атанып үлгерген. Ал осындай білім бәйгесінде талайды артқа тастап кіл мықтының ішінен дараланып, жемісті, жеңісті сәттерді қанжығасына байлап жүрген жүйріктерді баптап, білім нәрімен сусындатып, күш-жігерін білім жолында сарп етіп келе жатқан ұстаздардың да еңбегі қашанда құрметке лайықты екені даусыз. Еселі еңбегі еленген педагогтардың қатарында «Үздік тәлімгер – 2022» атанған мектеп тәлімгері З.Жәнібекова,  «Үздік сынып жетекші  – 2022» номинациясына ие болған бастауыш сынып мұғалімі Б.Тажмакова, «Үздік қоғамдық – гуманитарлық пәндер бірлестік жетекшісі – 2022» ағылшын тілінің мұғалімі Ж.Нағашыбек, «Үздік бейіндік оқыту жөніндегі орынбасар – 2022» Ж.Есжановлар бастаған бірқатар білікті маман иелері бар.

          Қуантарлығы, ауданға қарасты қай білім ошағын алып қарасақ та, нәтижелері көңіл көншітерліктей. Жыл сайын ұлттық сынамадан да аудан абыройы төмендеген емес. Білімді жастарды қалыптастыруда күш салып жүрген білікті мамандардың да жұмысында жүйе бар. Ортақ мақтаныштарымыз көбейіп, жемісті жұмысымыз бен жеңісті сәттеріміз жалғасын табады деп сенеміз.

Жалпы Таң ауылының даму динамикасына келсек, тарқатып жазар дүние көп. Әсіресе бұл ауылда түрлі жарқын жобалардың жүзеге асуы жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасына да оң  әсерін тигізуде. Ауыл  тынымсыз тірлік жасалып жатқан елді мекендердің бірі. Әсіресе ауылды көркейту, дамыту жолында жыл сайын жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ал әлеуметтің әлеуетін көтеру мақсатындағы жұмыстардың бірі кәсіпкерлерге қолдау көрсету екені белгілі. Кәсіп ашып, оны дамытамын деушілерге қашанда көмек қолын созу, қайтарымсыз грантқа ие болуға және төмен пайызбен несие алу жұмыстарына да жәрдем беруді күн тәртібіне қойып келеміз.

Қашаннан берекелі тірлік бірлікпен бітетінін айтқан Асқарбек Темірбекұлы ауыл ағайындары үшін де алдағы жылдары игі істер қолға алынатынын айтып, тұрғындардың көңілін бір демдеді. Осылайша іргелес жатқан бірнеше елді мекеннің тыныс-тіршілігін бағамдап, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түріп, мәселенің шешімінен хабардар еткен, ауыл ақсақалдарының ақ батасын ал­ған өңір басшысы бүгінгі жұмыс сапарын аяқтады. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: