Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

14°C

, Сенбі, 27 сәуiр, 08:02

Тұрмыстық зорлық зомбылыққа жол жоқ

19.12.2022

324

0

«Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз оның қоғамдағы алар орнына қарай айтылса керек. Осы бір ғибратты сөз босағаның берік, шаңырақтың биік болуын, халық санының көбейіп, қоғам байлығының еселеп артуына өзіндік ықпал ететіндігін көрсетеді. Өкінішке қарай, түрлі жағдайларға байланысты шаңырақтың шайқалып, бейкүнә сәбилердің жаутаңкөзге айналып жататын кездері де аз емес. Әрине, берекесі мен бірлігі жоқ, күнде айқай-шу болатын үйде зорлық-зомбылықтың болатыны белгілі.

Бүгінде отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды. Ол дұрыс емес. Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған. Зорлық-зомбылық – азаматтардың құқын бұзатын бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуі.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі еш уақытта қоғамды бей-жай қалдырған емес. Тұрмыстық зомбылықта көбіне зардап шегетіндер – әйелдер мен жас балалар. Бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейтінін айғақтайтын фактілер жиі кездеседі. Балаларға, әсіресе кішкентайларға зорлық-зомбылықтың үй, отбасы ішінде көрсетілуі көзге түсе қоймағандықтан, көп жағдайда мойындалмайды. Дөрекілік, балаға күш көрсету, олардың бағдарын өзгерту, зорлық-зомбылықты, сайып келгенде қылмысты тудырады. Ол өз-өзіне қол жұмсауға алып  келуі мүмкін.

 «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын – алу туралы» Заңға сәйкес зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық болып бөлінеді. Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мемлекеттің даму деңгейі мен мәдени хал-ахуалына қарамастан, әлемнің барлық елдерінде кездесетін мәселе.

Қазақ халқының дана сөзі бар: «Әйел адамға рухы әлсіз ер адам ғана қол көтереді». Бұны халық жазылмаған заң деп санап осы уақытқа дейін сақтап келеді, алайда өкінішке орай кейбір ер адамдар ұмытып кеткен сыңайлы. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», – демекші балаға отбасы тәрбиесінің әсері мол. Тәрбиеге әсер беретін өскен орта, ата-ананың тәрбиесі дұрыс болмаса, жаман әсерлер адамды азғырып, түрлі жаман мінезді жұқтырады. Салауатты өмір сүрудің бір негізгі күрделі мәселесі – жаман қылықтардан, яғни зорлық-зомбылықтан аулақ болу. Ішімдікке үйір адам есінен айырылып, қасындағы адамдарға зиянын тигізеді, отбасына ойран салады, отбасы мүшелеріне оғаш қылықтар көрсетіп мазасын алады. Бұл баланың психологиясына кері әсерін тигізеді. Бала өзіне керекті рухани дүниенің барлығын қоршаған ортадан алады.

Тағы бір мәселе, бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстар көбіне «күйеуі әйелін ұрды» деген фактілерге негізделетін. Бүгінде қоғам «әкесі ұлына, қызына қастандық жасады немесе қызы анасына, бала әкесіне зәбір көрсетті» деген жағдайларды жиі естиді. Сондықтан заңгерлермен, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, Жалағаш аудандық сотында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың алдын алу шараларын қолдану бойынша сот тәжірибесі» тақырыбында брифинг, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып келеді. Мақсат – зорлық-зомбылыққа тап болған отбасы мүшелері мен балалардың құқығын қорғау. Сол үшін қоғамдағы құқықтарының сақталу жолында жұмыла еңбек етіп, зорлық-зомбылықсыз әлемді бірге құруға бәріміздің де атсалысқанымыз абзал. Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеңіз!

Г.Байкенжеева

Жалағаш аудандық сотының қызметкері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: