Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

23°C

, Сейсенбі, 07 мамыр, 09:44

Білікті педогог

19.09.2023

462

0

Қазақ – ұстазын сыйлап, құрметтеген ел. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген баға да мұғалім мәртебесін айшықтап тұрғандай. Жас та болса, бас бола білген Айсана Қанатқызы қазіргі таңда Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейіндегі жаңашыл ұстаздар қатарында. Оның өзінің де, шәкірттерінің де жетістігі көп.

Айсана Намурадин Жалағаш ау­да­нында дүниеге келген. Мектепті 2002-2011 жылдары бүгінде өзі білім беріп жатқан Темірбек Жүргенов атындағы №123 дарынды балалар мек­тебінде оқыды. Кейін Мәншүк Мәме­това атындағы педагогикалық кол­лед­жінің «Негізгі мектептің шетел тілі» пәні мұғалімі мамандығына түсіп, 2015 жылы үздік бітіріп, Алматы қала­сындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «екі шет тілі» мамандығын тәмамдаған. Сол жылы өзі оқыған Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейге ағыл­шын тілі пәні мұғалімі болып еңбек жолын бастады.
Қазіргі кезде түрлі ша­ралар мен қоғамдық жұмыстардың белсенді мү­шесі. Атап айтатын бол­сақ, 2021 жылы «Үздік ағылшын пәні мұғалімі – 2021» сайысында ІІ орын иеленді. Сондай-ақ биыл «Тәуелсіздік ұрпақ­тары» жобасының медиа бағыты бойынша 3 млн теңге грантын жеңіп алды. Об­лыстық білім басқармасы, білім кә­сіп­одағының «Жыл үздігі – 2021» но­минациясына ие болған. Мағжан сен­ген жастардың алды болған Айсана Қанат­қызы халық­аралық «Қазақстан педагогтері» ассоциациясының «Құр­мет» грамотасымен марапатталды. «Жас­тар көшбасшысы» номи­на­­ция­сы бойынша ҚР Ақпарат және Қо­ғам­дық даму министрінің алғыс ха­тын иеленіп, Қызылорда облысы әкі­мінің «Үздік жастар жобасы» номи­на­ция­сының иегері атанған. Айта берсек, жетістігі таусылмайтын ұстаз­дың бі­лік­тілігін растайтын мұнан өзге де серти­фикаттары баршылық.
Оның ерекше тоқталып өтуге бо­латын жетістігі – елорда төріндегі Ақ ордадан алған марапаты. Аны­ғы­рақ айтсақ, Айсана Намурадин Ел Тәуел­сіздігінің 30 жылдығына орай өткен «Медиа» – жаңа медиа-жоба­ларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контентті құру жөніндегі жобаларды іске асыру бағыты бойынша 3 млн теңге грант жеңімпазы атанды. Үздіктер арасынан оза шауып, грант иегері атанған жастарды Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев елорда төрінде өзі марапаттады.
Елдегі барлық жастарға арналған гранттың негізгі мақсаты белсенді шығармашыл жастардың жобаларын, бастамаларын іске асыру, қолда бар жобаларды дамыту, ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізу және жастарды оқытуға бағытталған. Ереже бойынша гранттарды үлестіру жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде ұйым­дастырылды. 30 грант, 3 млн теңгеден 5 бағыт бойынша табысталды. Жаңа­шылдықты талап ететін үлкен жобадан өзінің білімі мен білігін дәлелдей алған жас маман тек Жалағаш ауданының емес, облысымыздың мерейін асырып, абыройын асқақтатты десек те артық айтқанымыз болмас.
Білікті ұстаздың жемісі – әрине оның шәкірті. Ұстаздың жеңіс тө­ріне жетелеп жүрген шәкірттері де бар­шы­лық. Мәселен, 6-8 сынып оқу­шы­лары арасында «Мен талантты оқырманмын ба? (Am I a talent reader?)» тақырыбында өткізілген аудандық ағылшын тілінен эссе байқауында Айсана Қанатқызы жетекшілік еткен 8-сынып оқушысы Мархабай Оралхан І орын иеленді.
Үздіксіз білім алу, оқушыларды жан-жақты, креативті тұлға қылып өсіру, қоғамға өз үлесін қосу, ата-анасының үмітін ақтауды мақсат еткен кейіпкеріміз Айсана – қазіргі таңда ұстаздықпен қатар ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес­тің мүшесі. Кейіпкеріміздің осы кезге дейінгі жеткен жетістіктері жас­тарға үлгі болары анық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: