Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 17:34

Қайраткер атындағы алтын ұя

19.09.2023

597

0

Қазіргі қоғам дамуының басты тетігі білім саласын дамыту екені анық. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтар болсақ, халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім, адамдықтың тепе-теңдігі болатын алтын таразы мектеп екені хақ. Осы салада аянбай еңбек етіп жатқан аудан орталығындағы қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей ұжымының үлгілі жұмысы көп.

«Бүгінгі күн – келешегіңнің жемісі, ертеңгінің болмысы» дейді дана халқымыз. Білім бәйгесінде биіктен көрініп жүрген алтын ұя 1962 жылы құрылып, 1999 жылы 21 сәуірде ҚР Үкіметінің №441 қаулысына сәйкес қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың есімімен аталған. 2015 жылы мектеп-лицей болып құрылған. Есімі елге танылған тұлға, туған жері мен халқына елеулі қызмет жасаған, саналы ғұмырында Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, басқа да абыройлы әрі жауапты қызметтерді атқарған Темірбек Жүргенов атындағы білім ордасының ойы озық, шығармашылығы жоғары, ізденісі ілгері ұстаздары сол алғашқы жылдардан-ақ талабы мен таланты, пейілі мен зейіні озық, таза жүректі жас түлектерді өмірдің ұлы жолына қадам бастырып келеді.
Бүгінде 857 оқушы білім алатын мектеп-лицейде барлығы 108 ұстаз сабақ беріп, еліміздің келешегін қа­лыптастыру жолында тынымсыз ең­бек етіп келеді. Солардың ішінде 17 білім-ғылым магистрі, 25 педагог-зерттеуші, 29 педагог-сарапшы, 22 мо­дератор және 1 педагог-шебер мәр­тебесін иеленген мұғалім бар және 1 мұғалім доктарантурада білімін жал­­ғастыруда. Білім мен тәрбиенің ал­ғашқы баспалдағы – бастауыш сы­нып. Бастауыш саты білім, дағды, іс­­керліктің қалыптасуының бастамасы болып табылады. Келешекте жалпы білім алу мен кез келген арнаулы ма­мандықтарға талпынудың іргетасы осы бастауыш сыныпта қаланады. Жаңа оқу жылында мектепке бірінші сыныпқа 99 бала қабылданған. Білім ордасының тыныс-тіршілігімен таны­суға барғанда оқушылардың жеткен же­тістіктерінен бөлек, ұжымның да салаға айтарлықтай еңбек сіңіріп жатқанын аңғардық. Оған мектеп кіреберісіндегі ілулі тұрған ма­рапаттар дәлел.
Ұжымның облыстық білім бас­қармасы және облыстық кәсіподақ ұйымымен бірлескен «Үздік әлеуметтік әріптес – 2020» номинациясын 5 жыл қатарынан иеленгенін, жыл сайын білім саласындағы жетістіктері үшін берілетін аудан әкімінің «Үздік білім беру ұйымы» номинациясына ие болып жүргенін ерекше айтуға болады. «Білім өркениеті» ұлттық-инновациялық ғылыми-зерттеу орта­лығының ұйымдастыруымен өткен «ҚР Педагогтарының Алтын кітабы» республикалық байқауында мектептен үш мұғалім І дәрежелі дипломмен және «Үздік педагог» төсбелгісімен ма­рапатталған. Аталған мектеп жыл сайын түрлі номинациялардың иесі атанып келеді. Мәселен, білім берудегі жаңашыл, шығармашыл, нәтижелі еңбегі, жоғары жетістіктері мен білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін биыл арнайы «Білім шыңы» номинациясының иегері атанып, 4 млн теңге қаржылай сыйақымен марапатталды. Бұдан бөлек білім саласын дамытуға және педагог кадрлардың әлеуетін арттыруға қосқан үлесі үшін «Білім бәйтерегі» номинациясын иеленді. Сонымен қатар «Үздік инновациялық мектеп» номинациясымен марапатталып, 1 млн теңге жүлде иегері атанған. Сондай-ақ қайраткер атындағы алтын ұя – еліміз бойынша үздік 100 мектептің қатарына енген үлгілі білім ордасы.
Мектептің жүрегі болған мұғалім­дер­дің шығармашылықты шыңдап, із­деністі ілгерілету, білім са­па­сын жақ­сарту, мектеп мәрте­бе­сін кө­терудегі, ең бастысы бәсекеге қа­­білетті маман болу жолындағы атқа­рып жатқан істері тындырымды. Мектеп оқу­шыларының пәндік олим­пиада, ғылыми жобаларға қатысуда да қарқыны жоғары. Олар – білікті маман­дармен бірлесе отырып, тыңғылықты дайын­дықтың нә­ти­же­сін­де үздіктер қата­рынан көрініп жүрген озат оқушылар.
Былтырғы оқу жылында 48 түлек алтын ұямен қоштасып, оның 47-сі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Нәтижесінде 43 түлек мемлекеттік грант иегері атанып, 4-еуі ақылы оқуға түскен. Екі білім алушы пәндік олим­пиада нәтижесінде Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда университетінің білім грантының жеңімпазы атанған.
Биыл 31 түлек мектеп бітіреді. Қазіргі таңда барлығы ұлтық бірыңғай тес­тілеуге дайындалып, қатысуға ниет­ті. Олардың қатарында Наргиз Нұр­бек АҚШ Мемлекеттік департаменті толығымен қаржыландыратын 3 турдан тұратын Future Leaders Exchange (FLEX) бағдарламасының жеңімпазы атанды.
Наргиз 2023 жылдың тамызынан 2024 жылдың мамыр-маусым айларына дейін американдық отбасында тұрып, американдық мектепте 1 жыл бойы тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған. «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иелерінің артуы, олимпиада сынды білім бәсекелерінде топ жарған ба­лалар, оқушылар мен мұғалімдердің аудан, облыс, республика көлемінде білім, өнер, спорт додаларында биіктен көрінуі – адал еңбек, нақты мақсат, жүйелі істің нәтижесі. Ең озық, айтулы білім ордаларымен иық теңестіріп тұрған алтын ұяның ел ертеңі жас­тарды білім мен тәрбие негізінде шыңдап, тұлға етіп қалыптастырудағы еңбегі орасан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: