Жаңаталап ауылындағы №119 орта мектеп биылғы оқу жылында 152 оқушыға құшағын айқара ашқан. Оның 7-еуі мектеп бітіруші түлектер болса, 13-і 1-ші сыныпқа қабылданған бүлдіршіндер. Ал 14-і мектеп алды даярлық тобында білім алуда. Апта басында аталған білім ошағының тынысымен таныстық.
Барсақ, ұстаздар бір апта бойы жүргізілген тарих апталығын қорытындылап, белсене қатысқан озат оқушыларды марапаттап жатыр екен. Ауыл мектебінен озат оқушылар шығаруды басты мақсаты еткен мектеп директоры Ахметжан Құдайбергеновтың айтуынша мұнда 33 педагог шәкірттерге сапалы білім беріп, еліміздің келешегін қалыптастыру жолында қажырлы еңбек етіп келеді. Олардың ішінде 12-і педагог-зерттеуші, 13-і педагог-сарапшы, 3-еуі педагог-модератор.
Мектеп директоры мұнда балалардың ыстық тамақпен қамтылуына байланысты ешқандай мәселе жоқтығын айтты. Сөзіне сүйенсек, биыл 99 бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 63 бала бастауыш сынып оқушылары болса, қалған 36 бала әуеуметтік аз қамтылған отбасының балалары. Бүгінге дейін оқушылар немесе ата-аналар тарапынан ыстық тамаққа қатысты ешқандай теріс пікір алмағанын айтқан Ахметжан Сәбитұлы бала қауіпсіздігі үшін астың сапасы үнемі өзінің бақылауында болатының да тілге тиек етті.
– Биыл мектептен 7 түлекті үлкен өмірге қанат қақтырамыз. Олар 100 пайыз ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Әрине бұл мұндағы ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі мен оқушыларыдың білімге деген құштарлығының жемісі. Түлектер қазіргі таңда күндіз-түні дайындық үстінде. Нәтижелері жаман емес. Оқушыларымыз ай сайын Қызылорда қаласындағы «U-Study» тестілеу орталығына барып, тест тапсырды. Соңғы тест сынағынан оқушыларымыздың алды 100-ден жоғары балл жинады. Десе, де тоқмейілсуге болмайды. Діттеген мақсатымызға жету үшін дайындықты үздіксіз жүргізе береміз, – дейді мектеп директоры.
Айта кетейік, былтыр мектепті 9 оқушы бітірген. Оның 1-еуі «Алтын белгіге» үміткер болған. Олар 100 пайыз ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Нәтижесінде 7 түлек мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнында білім алуға қол жеткізсе, екеуі ақылы оқуға түскен. Әрине шәкірттердің айтулы жетістігі білікті мамандардың еселі еңбегінің жемісі.
Ахметжан Құдайбергеновтың айтуынша, биылғы бітіруші түлектердің басым көпшілігі педагогика мамандығын таңдаған. Сондай-ақ 1 оқушының таңдауы құқық саласына түссе, 3 оқушы техникалық мамандықты таңдауды жөн санаған.
Мектеп оқушылары түрлі аудандық, облыстық, республикалық, білім олимпиадаларына, ғылыми жарыстар менн шығармашылық байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мәселен жаңа оқу жылында ауыл мектеп оқушыларына арналған олимпиаданың аудандық кезеңіне 13 оқушы қатысып, 9 сынып оқушылары физика пәнінен І орын, биология пәнінен ІІ орын, информатика пәнінен ІІІ орын иеленген. Физика пәні бойынша облысқа жолдама жеңіп алған мектеп мақтанышы облыстан жүлделі ІІІ орынмен оралған.
Мектеп мақтаныштары жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне белсене қатысқан. 5-6 сынып оқушыларына арналған пәндік олимпиадаға 4 оқушы қатысып, 1 оқушы ағылшын пәнінен ІІІ орын иеленген. Ал 7-8 сынып оқушыларын арналған кезеңіне білім ордасынан 13 оқушы қатысып, 2 оқушы биология пәнінен І және ІІІ орын иеленген. Ал 9-11 сынып оқушыларына арналған олимпиадаға 9 оқушы қатысып, 4-еуі жеңіс тұғырынан көрінген. Атап айтсақ, 2 оқушы физика, қазақстан тарихы пәні бойынша ІІІ орын, математика, ағылшын пәнінен ІІ орын иеленген. Мұнан бөлек «Зерде» шығармашылық конкурсына 7 жоба ұсынылып, 1 оқушы ІІ орын, 2 оқушы ІІІ орынға ие болған. Ауылдағы білім ошағы барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтсақ, мултимедиа, химия, физика, биология, кабинеттері модификацияланған. Яғни оқушыларға жоғарыда аталған пәндерді заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар арқылы тереңірек оқып-білуге мүмкіндік қарастырылған. Мұнда робототехника саласы да қарқынды дамыған. ІТ саласына қызығушылық танытып, осы бағытта білім алуға талап қылған оқушылар қатары артқан.
Мұнда балалар екі ауысыммен білім алады. Мектеп ұжымы оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында оларды спортқа, өнерге, шығармашылыққа баулиды. Мұндағы жастар спортқа бейім. Сондықтан да мектепте ашылған үйірмелердің басым көпшілігі спортқа бағытталған. Мәселен, мұнда дойбы, футбол, волейбол, баскетбол, гандбол, асық ату, хореография сынды үйірмелер бар. Аталған үйірмелердің ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де жоқ емес. Мәселен, оқушылар былтыр асық ату сайысынан облыстан ІІ орын алған. Ал биыл республикалық кезеңге өту үшін күнделікті тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Аядай ғана ауылдағы алтын ұяның бүгінгі тынысы осы. Оқушыларының білімге, спортқа, жаңашылдыққа жаны құмар. Ал ұстаздары жастарға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың талантын ұштап, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде ерен еңбек ете бермек.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!