Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Жұма, 29 наурыз, 20:58

Ұлағатты ұстаз

02.02.2021

798

0

Ғалымдар айтпақшы, «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады» деген. Аталған білім ошағындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Марина Жақсылықова – бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда қажырлы еңбек етіп жүрген ұстаздардың бірі.

– Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп оқу-білімге үйрететін орта болса, оның жүрегі – мұғалім. Білікті, білімді, ұлағатты ұстаз атану, осы қасиетті ұғымды қастерлеп, қадір тұту, арындай таза ұстау әр мұғалімнің борышы деп білемін. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуінде. Білім берудегі мен таңдаған педагогикалық ұстанымның негізгі мәні – оқушылардың ой-өрісін жан-жақты дамыту, оларға қазіргі заман талабына сай білім беру және тәрбиелеу. Оқушыны жан-жақты дамыту дегеніміз, баланың жан дүниесін, рухани өсуін, қабілеті мен дарынының өрістеуі, парасатты ой мен адамгершілік көзқарасының қалыптасуы деген сөз. Қазіргі таңда оң нәтижеге бағыттап білім беруге байланысты оқытудың әдісі, тәсілі және формалары тиімді және оқушының жас ерекшелігінің мүмкіндіктерін ескере отырып жүргізілуі қажет. Бұл жағдайда оқыту үрдісінде жаңа педагогикалық технологияларды тиімді пайдалану және құзыреттілікке бағыттау уақыт талабына айналып отыр.

Мен бүгінгі таңда білім беру саласында 25 жылдай еңбек етіп келемін. Күн сайын алдымда отырған шәкірттеріме зер сала қараймын. Алға үмітпен талпынған олардың алдында менің де ұстаз ретінде үлкен жауапкершілігім бар екенін іштей сезінемін. Сондықтан менің өзіме қояр талабым, алдыма қойған мақсатым жоғары болуы тиіс, өйткені сол жарқыраған шамшырақты дер кезінде байқап, дер кезінде жаға білу – менің ұстаздық парызым. Сыныптағы балалардың бірі зерек те алғыр, бірі енжар, бірі баяу, бірі тым пысық. Ал менің бәріне беретін білімімнің мазмұны мен қоятын талабым бірдей де, олардың мұны қабылдауы түрліше, – деген ұстаз осы салаға келгеніне еш өкінбейтінін, керісінше еліміздің келешек абыройлы азаматтарын тәрбиелеу зор мақтаныш екенін айтады.

Марина Жақсылықовамен тілдескенде өзі айтқандай мамандығына деген ерекше ықыласын, сүйіспеншілігін байқамау мүмкін емес. Ол жаңашыл ұстаз ретінде заман ағымына сай шәкірттерін жан-жақты дамыған, өмірге реалистік тұрғыдан қарайтын, терең біліммен қаруланған тұлға ретінде қалыптастыруды көздейді.
Ұстаздың саладағы жетістіктері де аз емес. Ұстаздық еңбек жолында А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық педагогикалық шығармашылық олимпиадасында ІІІ орынмен, білім беру саласында жас жеткіншектердің тәрбиесі мен кемел келешегіне ықпал етіп, сапалы білім, саналы тәрбие берудегі еңбегі үшін «Құрмет» грамотамен, Халықаралық білім мен педагогикалық шеберлікті арттыру алаңында республикалық «Тіл дүлділі» олимпиадасына шәкірт дайындағаны үшін, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» атты республикалық онлайн эссе байқауына оқушы дайындағаны үшін, І республикалық «Абай жаққан бір сәуле» атты А.Құнанбайұлының қара сөздеріндегі афоризмдерді талдау олимпиадасында, «AL-FARABY» білім қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай республикалық «Абай жолы» атты жас көркемсөз оқу шеберлерінің арасындағы сайысқа шәкірт дайындағаны үшін алғыс хатпен марапатталса, «Рухани жаңғыру» ақпараттық-сараптамалық орталығы, «UlY DALA USTAZY», «Үздік автор – 2020» атты республикалық ғылыми практикалық конференцияда «Үздік мақала» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломды, «Үздік тіл маманы – 2019 облыстық байқауында ІІ дәрежелі дипломды, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми практикалық орталығы өзге ұлт өкілдерінің «Тіл – мемлекет тәуелсіздігінің символы» атты ХІІІ республикалық қашықтық олимпиадасында жеңімпаз бен жүлдегер дайындағаны үшін арнайы грамотаны иеленген.

«Қазақ тілі мен әдебиеті – баланың жүрегіне бойлай еніп, оның рухани өрісін болжай алатын пән. Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы мақсатым – бала қиялын қияға өрлетер ғажайып ертегілер, шыншыл да сыншыл аңыз-әңгімелер, ерлікті дәріптеген батырлар жыры, шынайы махаббатты мұрат еткен әсерлі ғашықтық жырлар, өткір де өміршең шешендік сөздер арқылы халқымыздың рухани құндылықтарын бойына сіңірген, ертеңгі еліміздің тізгінін ұстайтын жас жеткіншекті тәрбиелеу. Әрине шәкірттерім әдеби шығармаларды оқу арқылы халқының арманы мен қиялын, өткені мен бүгінгі өмірін таниды. Сүйікті кейіпкерлердің арасындағы достығы мен сүйіспеншілігінен, патриоттығы мен еңбеккорлығынан, адалдығы мен адамгершілік қасиеттерінен үлгі алып, жақсысына жаны сүйсініп, жаманынан жиреніп, өзінше ой түйіп, жан-жақты іздене біледі» деген мектеп мұғалімінің шынайы жүрегінен шыққан тәлімді сөздері мен жауапкершілік жүгінің ауыр екенін сезінген ұстаздық болмысына қайран қалып, еріксіз басыңды иесің.

Нұржамила Алмас

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: