Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 11:33

Аққұмда ауқымды істер жетерлік

08.08.2023

595

0

Алдағы екі-үш жылда ауданға қарасты елді мекендерде жарқын жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жасалмақ. Әсіресе табиғи газға қосылатын ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Қажеттілігіне, мәселенің өзектілігіне қарай барлық ауылдық округтерде көшелер жөнделіп, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары кезең кезеңімен атқарылады. Елді мекендер еңсесін тіктеуге бағытталған байыпты бастамалар қолға алынып, олардың біразы бүгінгі күннің өзінде жүзеге асып үлгерді. Аққұм ауылында да айтарлықтай ауқымды істер бар. Күре жолдың бойында орналасқан ауылдың шаруасына шолу жасап көрейік.

Қазірде Аққұм ауылы гүлденген, көр­кейген. Төрт жүзге жуық түтіні бар ауылда 3 ЖШС, 14 шаруа қожалығы бар. Ауыл халқының негізгі тіршілігі – ауыл шаруа­шылығы. Аудан әкімі бұған дейінгі жер­гілікті халықпен кездесуінде алдағы бір­неше жылда Аққұмдағы бірнеше көшенің сапасына мән берілетінін айтқан болатын. Тіпті ол ауданның даму жоспарында да қамтылған. Демек бұл мәселе шешімін тауып, халықтың талап-тілегі орындалатын күннің де ауылы алыс емес секілді. Мәселен, бір ғана Аққұм ауылында тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселенің шешімі әлгі жобада толық қамтылыпты. Жол жайына келер болсақ, аққұмдықтар үшін биыл Аққұм көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, Қ.Бекенов көшесіне жарық жүргізіледі. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде де 10 жоба ұсынылса, оның 2-еуі өндірістік, қалған 8-і мал шаруашылығына бағытталған. Ал аудан көлемінде ашылған 500 гектар жердің 15 гектарын аққұмдықтар өз үлестеріне алыпты. Қазіргі таңда бұл жерлерге 18 отбасы бақша өнімдерін егіп, күтімге алған. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 3854 гектарды құрап отыр. Оның 2112 гектары күріш, 75 гектары мақсары, 745 гектары жаңа жоңышқа, 706 гектары ескі жоңышқа, 49 гектары картоп, 85 гектары көкөніс, 858 гектары бақша өнімдері.

Аққұм елді мекенінде жеке кәсіп­керлікті дамыту бағытындағы шараларды жүзеге асыруға бағытталған әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуды жүзеге асыру, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды да­мы­ту, көліктік қолжетімділік аумағын кеңейту, мем­лекеттік және коммерциялық қыз­мет көрсету орталықтарын құру және да­мыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және ха­лықты жұмыспен қамту сияқты түзілген бағ­дарламалар бар және олар өз кезеңімен жүзеге асуда. Кәсіппен айналысамын деген елді мекен тұрғындарына мемлекеттік қол­дау тиісті орындардың өкіл­дері тара­пынан толыққанды түсіндіріліп, қолдау ша­­ра­лары да жүргізіліп келеді. Мә­селен, был­тырдың өзінде Аққұм ауылында мемлекеттік бағдарламалар арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9 тұрғын мемлекеттік қайтарымсыз грант алса, 3 адам жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Ал биыл жыл басынан 3 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізсе, 1 адам төмен пайызды несие алып, кәсібін дөңгелентіп отырған жайы бар. Ауыл көлемінде 35 кәсіпкер жеке жұмысынан өз табысын еселеп отыр. Биылғы жылы да мемлекеттік қолдауға ие болуға ниетті 12 ауыл азаматы бар.
Осы тұста айта кетейік, ауылдағы «Бақ­даулет» шаруа қожалығы еңбеккерлерінің атқарып жатқан жұмыстары, оның ішінде Сыр маржанын егіп орналастыруда, одан күзде молынан өнім жинауда табандылық танытып жүргені аққұмдық ағайынның шаруасы ширақ екенінің дәлелі. Шаруашылық қаншама ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, шаруашылық тіпті ауылды дамыту жолында да көптеген игі істердің бастамашысы болып келеді. Шаруашылық қолдау білдіріп, ауыл жастарына арналған күрес, ауыр атлетикадан жаттығуға арналған зал ашты. Барлық жабдықтармен қамтамасыз етті. Онымен қоса ауыл орталығынан халыққа қызмет көрсететін наубайхана, монша нысандары пайдалануға берілді. Ауылдағы ағайынды жұмыссыз қалдырмай, қолдан кел­генше игі істің басы-қасында жүрген шаруа­шылық төрағасының жомарттығына аққұмдықтар да дән риза екенін байқадық. Өйткені бірлікпен жасалған істің берекесі де болады, нәтижесі де оңалатыны даусыз. Біршама егіс алқабы бар «Бақдәулет – 57» шаруа қожалығы бұған дейін ауылдан жалпы құны 150 миллион теңгеден асатын үлкен спорт кешенін жекеменшік әріптестік арқылы салды. Бұл нысан да бүгінде салауатты өмір салтын ұстанған жергілікті халыққа қызмет көрсетіп тұр. Міне, мұны да ауылдан шыққан азаматтардың өз туған жерін түрлендіріп, түлетуге қосқан үлесі деуге болады.

Жалпы ауылда көркейту көгалдандыру, абат­тандыру жұмыстары да жыл сайын өз деңгейінде жүргізіліп келе жатқанын айтуға болады. Аққұмда атқарылып жат­қан ауқымды істер көп-ақ. Біз бір ғана шаруа­шылықтың шаруасын тілге тиек еттік, ал ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосып жүрген шаруашылықтар баршылық. Әсіресе ауылдың ажарының күннен күнге артып, әлеуметтің әлеуетінің жақсарып келе жатқаны көңіл қуантады. Енді аудан әкі­мінің бастамасымен қолға алынып жатқан жұмыстар кезең кезеңімен жүзеге асса, онда ауылдағы мәселелердің барлығы біртіндеп оң шешімін табады. Өзгелерге үлгі болатын Аққұм ауылының тұрғындары бүгінде өз ырысын еңбекпен тасытып отыр.

Нұр НАУАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: