Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 11:49

Тәттілер пісірудің шебері

17.06.2023

833

0

Жуырда әріптестеріммен бірге Т.Жүргенов ауылына барып қайттық. Мақсат – ауылдың тыныс-тіршілігімен танысу, жас кәсіпкерлермен жүздесу. Ауылда қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелентіп отырған жастардың қатары көп. Олардың бірі – Меруерт Құдайберді. «Әйел бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетеді» демекші, Меруерттің жан-жақтылығына сүйсіндік. Үй шаруасы, келіндік қызметі, бала күтімімен қоса кейіпкеріміз кондитерлік кәсібін де үлгертіп отыр. Меруертпен азын-аулақ әңгімелесіп, кәсібінің қыр-сырына қанық болдық.

Жалпы, біз табан тіреген үйдің ау­ласына енгеннен қазақылықтың иісі аңқып тұрды. Керегесі кеңінен ке­­­рілген шаңырағы биік, сән-салта­на­тымен көзге еріксіз түсетін киіз үй біздің назарымызды аударған еді. Ал кәсіп иесі Меруерт өткен жылы қайтарымсыз грант алып, бүгінде кәсібінің нәсібін көріп отыр. Арнайы бағдарламаның аясында арманын іске асырып, кондитерлік саладағы бі­лімін пайдасына жаратуда. 1 млн 200 мыңнан аса қайтарымсыз қар­­­­жыға ие болған келіншек қажетті құрал-жабдықтарын толықтай түген­деп алыпты.


– Қазір бәрі жақсы, бәрі дайын. Мен бір әулеттің келіні, екі баланың анасымын. Әркез ізденіп, ойымдағы кәсіпті ашуды, оның көкжиегін кеңей­туді ойладым. Ол үшін алдыма мақсат қойдым, өзіме не қажеттігін және немен айналысқым келетінін анықтап алдым. Осындай нақты жоспарлар құ­рылған соң, ісім алға баса бастады. Алғашында болашақтағы кәсібімді қа­лай бастаймын, қалай дамытамын және оның пайдасы жөнінде көп ой­лан­дым. Қайтарымсыз грантқа ие бол­ған кезде алдын ала жоспарланған істерімді лезде бастап кеттім. Қазір кішігірім кондитерлік кәсібім жұмыс істеп тұр. Мен кәсібім аясында өзім­нің тәжірибемді жетілдіре түстім дей аламын. Бұған дейін де тәттілер пі­сі­руде өзімнің қабілетім, тәжірибем де болды. Астана қаласындағы ау­қымды кондитерлік өнімдер ұсы­на­тын жерде жұмыс істедім. Осында тұр­мысқа шық­қан соң да бұл қо­лым­нан келіп тұр­­ған қабілетімнен қол үзіп қалғым келмеді.
Үй шаруасымен, баланың күтімімен және келіндік міндеттеріммен шектеліп қалатын болсам, армандарым жүзеге аспас еді. Тәуекел еттім, енем де, жолдасым да мені қолдады, қолым­нан келетініне сенді. Осылайша мем­лекет ұсынған мүмкіндікті құр жі­бер­мей, кәсібімді бастаған жайым бар. Енді мұнымен тоқтап қалуды ой­ла­маймын, мүмкіндік болып жатса, облыс орталығынан болсын, ауыл­дан болсын кафетерий ашуды мақсат етіп отырмын, – деген кәсіп иесі алдағы уақытта бұл істі де қолға алып, сұранысқа қарай кәсібінің ауқымын кеңейтуді көздейді.
Иә, қазіргі таңда кәсіптің сан алуан түрі бар. Әр адам өзінің қа­білет-қарымына қарай бейімделіп, сүйікті кәсібін дөңгелентіп отыр. Әсі­ресе жастар қауымы. «Жас келсе, іске» демекші, кейіпкеріміз де ойында жүрген арманына біртабан жақын­дауды ойлап, алдына мақсат қойып, жаны қалаған әрі пайдалы жұмысты бір арнаға тоғыстырған жан.
Ол ерте жасынан бастап ас­ханаға жақын болғанын айтады. Отба­сында асүй тірлігіне қолғабыс ете жүріп, түрлі тәттілерді пісіруді де, тамақ дайындауды да, дастарқан жа­сауды да жақсы меңгерген. Ме­руерттің кондитерлік өнімдерінің қа­тарынан түрлі торттарды, бәліш пен тәттілерді, самса, пицца және нан өнімдерін де таба аласыз. Тәтті тортқа тапсырыс берген адам үшін бірінші сыртқы безендірілуі, екінші тіл үйірер дәмі маңызды. Ал көздің жауын алардай әдемі әрі дәмі аузыңнан кетпейтін тортты дайындау кезеңі бірінші қамырының құрамын, мөлшерін дәл есептеп салу, екінші күлшелерін пісіріп алу, үшінші тортты жинап сәндеуден тұрады. Осы үш кезеңнен соң тортты жинап, әдемілеуге көшеді.
Бүгінде жас кәсіпкердің тәттілеріне сұраныс та баршылық. Ауыл көлемін айтпағанда, Меруерттің өнім­деріне көрші ауылдардан, тіпті облыс орталығынан тап­сырыс түсіп жатады. Бастысы, халықта сұраныс бар, кәсіпкерде ынта-жігер бар, тек кәсіпті кеңейту жұмыстары күтіп тұр.
Айта кетейік, тың идеясы мен нақты мақсатқа құрылған бизнес жобасын ұсынғандар үшін мем­лекет тарапынан берілетін қайта­рымсыз грант түрлерінің берері көп. Тек кәсіп бастаймын деген ниет пен бағдарламаның тиімді тетігін таба білсе болғаны. Ауданда, ауылдық жерлерде осындай жан-жақты адам­дардың кәсіпке бетбұруы бізді қуан­тады. Бір жағынан жұмыссыздық саны азаяды, екінші жағынан өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуына серпін болмақ. Бастысы, ха­лыққа сапалы әрі тиімді қызмет көрсетсе болғаны. Ал жас та болса үлкен істі дөңгелентіп отырған Меруерттің ісіне береке берсін дейміз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: