Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

27°C

, Дүйсенбі, 17 маусым, 03:40

13 өңірде баға өскен: үкімет ұнның қымбаттап жатқанына алаңдаулы

06.10.2023

277

0

Үкіметте премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің баға жағдайы мен алдағы маусымаралық кезеңдегі тәуекелдер талқыланды.

Шенеуніктердің айтуынша, қазір ішкі нарықта ұн өнімдерінің қымбаттау қаупі бар.

Қыркүйек айының ортасында астық нарығы конъюктурасының өзгеруіне байланысты жекелеген өңірлерде бидай бағасының өсуі байқалады. Бағаның өсуіне бірнеше фактор себеп болған: күн райының қолайсыздығы, отандық астық өңдеушілерге Ресейден жетізілетін астықты тасымалдауға вагондардың жетіспеушілігі.

«Астық бағасының көтерілуі нәтижесінде 13 өңірде ұн бағасы өсті», – деп мәлімдеді сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.

Ұн мына өңірлерде қымбаттаған: Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстары.

27 қыркүйекте сауда және интеграция министрлігі ауыл шаруашылығы министрлігімен, Азық-түлік корпорациясы, ҚТЖ және әкімдіктермен бірлесіп, Азық-түлік корпорациясының арзандатылған астығын өңірлерге жедел жеткізу және оны өңірлердегі ұн өндіруші операторларға беру үшін шұғыл шаралар әзірледі. Бірақ түрлі себептерге байланысты процесс ұзаққа созылған. Бүгінгі таңда тек Түркістан облысына ғана арзандатылған астық толық жеткізілді.

Серік Жұманғарин барлық өңірде бұл мәселені жедел пысықтап, шешуді тапсырды.

Қалған азық-түлік өнімдері не болып жатыр

Үкіметте, сондай-ақ, қант зауыттарын қаржыландыру шарттарын ұзартуға ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда тек 2 өңірде – Абай және Ақмола облыстарында жұмыстар жүргізілген. Вице-премьер бұл мәселені жедел пысықтап, жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

14 қыркүйекте Жамбыл облысында өткен үлкен пияз жәрмеңкесінен кейін барлық өңір өз қорларындағы маусымдық қажеттілікті 100%-ға дейін қамтамасыз еткен.

Қырыққабат бойынша 6 өңірде, картоп бойынша 2 өңірде және сәбіз бойынша 1 өңірде келісімшарттар көлемі ұсынылған көлемнен төмен.

Жаз маусымында Қызылорда облысында күріш жәрмеңкесі өткізілсе де, тек бес облыс қана маусымдық сұраныс деңгейінде қорын қалыптастырған. Отандық күріштің қолжетімді бағасын (келісіне 400 теңге шегінде) және көршілес елдерде бұл өнімге сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, Серік Жұманғарин өңірлерге аталған өнім бойынша келісімшарт жасауды қажетті деңгейге жеткізуді тапсырды.

Кеңес қорытындысы бойынша ҚТЖ-ға Қазақстан ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін, сондай-ақ Өзбекстан мен Тәжікстаннан маусымаралық және қыс мезгілінде көкөністерді жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: