Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

14°C

, Дүйсенбі, 06 мамыр, 04:20

Биыл аудандық сотта 250 іс қаралған

09.04.2024

240

0

Кеше аудандық сотта сала қызмет­керлері мен БАҚ өкілдерінің қаты­суымен 2024 жылы І тоқсанда атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Баспасөз конференциясында аудандық сот төрағасы А.Мизанбаев баяндама жасап, журналистердің бірқатар сұрағына жауап берді.

Биыл І тоқсанда аудандық сотта 250 іс қаралған. Оның ішінде азаматтық – 132, әкімшілік іс – 1, қылмыстық – 10, әкімшілік құқық бұзушылық – 107. Аяқталған 132 азаматтық іс бойынша, 12 сот бұйрығы, 62 шешім шыққан. Сондай-ақ 43 іс тоқтатылған, ал 14 іс қараусыз қалған, басқа соттың қарауына 1 іс жолданыпты.
А.Мизанбаев тоқтатылған азаматтық істерге қатысты 43 іс медиация бойынша, оның ішінде сотқа дейінгі хаттама негізінде 33 іс қаралғанын айтады. Төрағаның айтуынша, І тоқсанда азаматтық істер, оның ішінде шарт бойынша міндеттемеден туындаған даулар саны артқан. Яғни банк заем шарты, қарыз ақшаны қайтаруға байланысты биыл аудандық сотқа 72 арыз түскен. 6 заңдық маңызы бар фактіні анықтау жайлы арыз, 1 әкімшілік істер бойынша іс медиация тәртібімен аяқталған.

16 отбасының шаңырағы шайқалған

Қазақ халқы ежелден жастардың шаңырақ көтеріп, үй болуын маңызды қадамға балаған. Алайда бүгінгі қоғамда өршіп тұрған өзекті мәселенің бірі ажырасу екенін жоққа шығармаймыз. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейтін дана халқымыз отбасы құндылығын жастардың бойына бала күнінен дәріптеген. Десе де «ә» дегеннен ажырасуға бел буатын жас отбасылар қатары көбейіп келеді. Әрине отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Әйтсе де мамандар жыл өткен сайын шырқы бұзылған отбасылар санының артып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда.
Жыл басынан бері ауданда 29 жас отбасын құруға ниет білдіріп, заңды түрде ерлі-зайыпты атанған. Ал сот төрағасының мәлімдеуінше, небәрі 3 айда 16 ерлі-зайыпты отбасын сақтай алмай, ажырасуға бел буған.
– Некені бұзуға арызданатындардың көбі жастар және олардың басым бөлігінің кәмелет жасына толмаған балалары бар. Ажырасушылардың әр­қайсысы әртүрлі себептерді алға тартады. Оның ішінде бір-бірін кі­нә­лайтындар да, «дәм тұзымыз жа­рас­пады, мінезіміз үйлеспеді» немесе «тұрмыстық зорлық-зомбылық» себеп дейтіндер де бар. Некені бұзу туралы азаматтық істі қараған судья ерлі-зайыптыларды татуластыруға, бір сөз­бен айтқанда, заңды некені сақтап қалуға тырысады. Ашу үстінде асығыс шешім қабылдамау үшін заң аясында ойлануға мерзім беріледі. Осы уақытта татуласып кететіндер де бар. Өкінішке орай аудандық сотта жыл басынан бері неке бұзу туралы 16 отбасынан өтініш түсіп, ажырасуға шешім шығарылған. Мұнан бөлек ажырасқандар арасында алимент мәселесі де өзекті. Яғни биыл І тоқсанда кәмелетке толмаған балаларды асырап бағу үшін алимент өндіру жайлы 12 талапкерден өтініш түскен. Ал алиментті төлемеуден бас тартып қашып жүргендерге әкім­шілік шара қолданылады, – дейді А.Мизанбаев.

3 айда 10 қылмыстық іс аяқталған

Ауданда 3 айда 10 қылмыстық іс аяқталған. 9 іс бойынша үкім шығып, 1 іс тоқтатылған. Сот төрағасының айтуынша, биыл ауданда бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру ісі өсім алған. Баспасөз конференциясында спикер мал ұрлығына жәбірленуші тарап кешірім бергенімен барымташы бәрібір темірторға тоғытылатынын тілге тиек етті. Бұл азаматтардың біреудің мүлкіне қол сұғып қылмыс жасап, кейін өкініп кешірім сұрағанымен заң алдында жазасыз қалмайтынын білдіреді.
Жыл басынан бері 11 адам сотталған. Оларға тағайындалған жаза түрлеріне келсек, 2 адам қоғамдық жұмысқа тартылған, 6 адам бас бостандығынан шектелсе, 3 адам бас бостандығынан айырылған.
Аяқталған істердің санат­тарына тоқталсақ, 1 жеңіл санаттағы қылмыс, 2 ауырлығы орташа қылмыс және 6 ауыр қылмыс, 2 теріс қылық санатындағы қылмыс жасалған. Аяқталған қылмыс­тық істердің ең көп қаралған санатына келсек, биыл мал ұрлығы болмаған. Бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру бойынша 4 іс, есірткі затын заңсыз егу, тасымалдау бойынша 2 іс қаралған.

84 азаматқа жаза тағайындалды

Әкімшілік құқық бұзушылықтың ең көп қаралған санаты – көлік құралын масаң күйде басқару. Бүгінде жол қозғалысы ережелерін бұзып, жәбірленушінің мүлкіне зиян келтіру немесе денсаулығына жеңіл зиян келтіру сынды тәртіп бұзушылықтар азаяр емес. Жыл басынан бері әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 111 шағым түскен. Оның 107-сі аяқталып, 4-еуі келесі тоқсанға шегерілген. 84 аза­матқа жаза тағайындалса, 23 іс тоқ­татылған. Сондай-ақ қос тараптың татуласуына байланысты медиация тәртібімен 8 іс тоқтатылған. Жаза тағайын­далған 84 азаматтың 30-ына айыппұл салынып, 10-ына ескерту бе­рілген. Сондай-ақ 43-і қамаққа алынып, 1 азамат көлік құралын басқару құқы­ғынан айырылған. Көлік құралын бас­қару құқығынан айыру қосымша жаза ретінде 7 азаматқа қолданылған.
Мұнан бөлек жеке бастың құқық­тарына қол сұғатын, оның ішінде ұрып-соғу, отбасы-тұрмыстық қатынастарда ұрып-соғу бойынша 28 іс тіркелген. Бас­­­пасөз конференциясында А.Ми­зан­­­­баев алдағы уақытта да сот тө­ре­­­лігінің сапасын арттырып, сот жүйе­­сін нығайтуда қатаң шаралар қол­да­ны­латынын жеткізді.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: