Балық шаруашылығы батыл қолдауды қажет етеді. Бүгінде өңірімізде балық шаруашылығына маңызы бар Кіші Арал мен Сырдария өзенімен қатар 201 көл тізімге алынған. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына келген облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Марат Құрманбаев балық шаруашылығын дамыту бағытындағы атқарылған жұмыстарды мәлімдеді.
Осы жылдың 10 айында облыс бойынша 4576,5 тонна балық ауланған.
Аймақта балық өңдейтін 10 зауыт жұмыс істесе, оның төртеуінде «Еврокод» Еуропалық сапа стандартын растайтын белгісі бар. Мұнда балықтың 14 түрі экспортталады.
2023 жылдың 10 айында 2463,6 тонна балық өнімдері 13 шет елдеріне экспортталды. Жиында басқарма басшысы тауарлы балық өсіруді дамыту жұмыстарына да тоқталып өтті.
«Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасына сәйкес, 2022 жылға облыс бойынша 409 тонна балық өсіру көзделсе, тауарлы балық өсіру көлемі 526,4 тоннаға жетіп, 117,4 тонна балық өсіру көлемі артығымен орындалды. Сонымен бірге 1 сумен қамтамасыз ету циклі тұйықталған балық өсіру шаруашылығы (УЗВ), 8 тоғанда балық өсіру шаруашылығы толығымен іске қосылып, көл-тауарлы балық өсіру шаруашылықтарының саны 75-ке жетті», – деді Марат Ердәулетұлы.
Балықтың адам ағзасына пайдасы орасан. Өңірдің балық саласының әлеуеті жоғары. Арал мен Сырдария және басқа да су айдындары Сыр жұртшылығын ғана емес, өзге аймақтарды да балықпен қамтамасыз етіп отыр десек қателеспегеніміз.
Сыр өңірінде су шаруашылығын дамыту шаралары ілгерлеп келеді. Жыл басынан бері су тапшылығының алдын алу мақсатында ауылдық елді мекендерге 23 дана насос қондырғылары жеткізіліп, 28 каналдың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Сондай-ақ, 9 каналға тазалау жұмыстары жүргізілді.
«Бүгінде облыстық коммуналдық меншікке 233 су шаруашылығы нысаны алынған. Осы меншіктегі су шаруашылығы нысандарын тазалау, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 79,3 шақырымдық 10 каналға, елді мекендердерге насос қондырғыларын жеткізуге және 28 каналдың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге тиісті қаражат бөлінді. Өздеріңіз білетіндей, өңір үшін өте өзекті мәселенің бірі – су тапшылығын төмендету. Осыған орай, Мемлекет басшысы Сырдарияның жоғары ағысындағы мемлекеттермен келіссөз жүргізіп, тиісті көлемде су бөлінуіне жағдай жасауда. Одан бөлек, су тапшылығы жағдайында елді мекендерді суармалы сумен қамтуға ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған жобасы жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, су саласын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп, облыс әкімдігімен ұсыныс жасалды. Осыған сәйкес 76 жоба республикалық бюжеттен іске асырылмақ», – деді басқарма басшысы Марат Құрманбаев.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!