Базардағы баға неге құбылып тұр? Көптің көкейіндегі сауыл осы. Оған қоса соңғы уакыттағы доллардың теңгеге шаққандағы бағасының шарықтауы қарапайым халықты алаңдатуда. Яғни сырттан экспортталатын азық-түлік түрлерінің бағасына күмәнмен қарайды. Ал атқарушы билік өкілдері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бақылауда болатынын айтуда. Тарқатайық…
Доллар азық-түлік бағасына әсер ете ме?
Доллардың қымбаттауы азық-түлік бағасына қалай әсер ететінін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов түсіндірді. Төраға «доллар бағамының өсуі азық-түлік өнімдерінің бағасына әсер етпейді» деп сендірді.
Оның сөзінше, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейі жоғары. Оның үстіне соңғы жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі мен фермерлер біріге отырып, ішкі ұсынысты арттырған. Сол себепті Тимур Сүлейменов азық-түлік бағасы айтарлықтай өзгереді деп ойламайтынын айтады. Тіпті ол нарықты реттемейтіндерін жасырмады, тек интервенциялар арқылы нарықты «тыныштандыруға» әрекет жасайды.
Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы нарықта «ойыншы» ретінде әрекет етіп, Ұлттық қордан трансферттер сататынын алға тартты.
Азық-түлік бағасы 11 пайызға қымбаттаған
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл қарашада тұтыну бағаларының айлық индексі 0,9 пайызды құраған. Азық-түлік тауарларының бағасы 11, ақылы қызметтер 0,8, азық-түлік емес тауарлар 0,7 пайызға жоғарылаған.
Азық-түлікке нақтырақ тоқталсақ, қияр бағасы 40,3, қызанақ 37,3, тәтті бұрыш 15,5, басты пияз 13,9, сарымсақ 10,1, қырыққабат 8,9, картоп 6,2, апельсин 4,8, лимон 4,1, күнбағыс майы 4 пайызға өсті. Бағаның төмендеуі күріште 2, қантта 1,9, алмада 0,7 пайыз байқалды. Ал 2023 жылғы қарашамен салыстырғанда жылдық мәнде қарақұмық жармасы 21,6, сәбіз 10,2, лимон 8,9, қырыққабат 8,5, күнбағыс майы 5,3 пайызға арзандаған.
Өңірлер ішінде ең жоғары айлық инфляция Қарағанды облысында 1,5, ең төменгі Алматы қаласында 0,4 пайыз тіркелген. Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарлары бағалары Шымкентте 2, азық-түлік емес тауарлары Маңғыстау облысында 2,3, ақылы қызметтер Алматы облысында 2,6 пайыз өскен.
Жәрмеңкеде баға арзан
Статистикаға сүйенсек, қараша айының қорытындысы бойынша жылдық мәнде инфляцияның 8,5 пайыздан 8,4 пайызға дейін баяулауы байқалған. Осы жылдың 11 айында инфляцияның негізгі құрамдас бөліктері азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар, ақылы қызметтер арасында азық-түлік тауарларына ең төменгі өсім 4,4 пайыз төңірігінде тіркелген.
Өткен аптаның қорытындысы бойынша ӘМАТ бағасының орташа индексі 0,2-ге, негізінен тауарлардың көкөніс тобына өсті. Осы орайда республикалық маңызы бар қалалар мен өңірлердің әкімдіктері сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, ел тұрғындарын қолжетімді бағадағы өнімдермен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын көбейтуді қолға алған.
Осы орайда Сыр өңірінде апта сайын түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Облысқа қарасты аудандардағы кәсіпкерлер облыс орталығында, аудандарда, тіпті Астана қаласында жәрмеңкеге қатысып, өнімдерін нарықтан 15-20 пайызға төмен бағада пұлдауда. Мәселен, Астана қаласында өткен жәрмеңкеде елорда тұрғындарына Сыр өңірінің брендіне айналған күріші, балығы мен ас тұзы, қауын-қарбызы, ұлттық сусындары жеткізілді. Онда Сыр диқандары мен тауарөндірушілерінің құны 270 млн теңге болатын 600 тоннадан астам 80-ге жуық өнім ұсынылған. Атап айтқанда, 300 тоннадан астам күріш, 6 тонна ет өнімдері, 30 тоннадай балық өнімдері, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 180 тонна бақша өнімдері, 3 тонна ас тұзы, 15 тоннаға жуық сүт және кондитерлік өнімдер бар.
Сондай-ақ өткен сенбіде облыс орталығында ұйымдастырылған жәрмеңкеге аудан шаруалары 45 жүк көлігімен 150 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізді. Атап айтқанда, 40 тонна күріш, 3 тоннадан астам ет пен балық өнімдері, 1 тоннадан астам сүт өнімдері, 40 тонна картоп, 10 тонна сәбіз, 20 тонна пияз, 10 тонна асқабақ, 12 тонна көкөніс, 4 тонна қызылша бар.
Егін әртараптандырылса, баға да тұрақталады
Алдағы уақытта ауданда егістіктерді жедел әртараптандыру жұмыстары жалғасады. Ол үшін суды көп шығындайтын және бір ғана дақыл түрі егілетін алқаптарды азайтып, көбірек пайда әкелетін өнім түрлерін өсіруге басымдық беріледі.
Айта кетейік, ауданымыз биыл саланы толайым табыспен қорытындылады. Нәтижесінде аймақта «Үздік аудан» номинациясын жеңіп алды. Аграрлық ауданда 37 218 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның 19 800 гектары – күріш. Шаруашылықтар ала жаздай баптаған өнімін жинап алды. Күріштің әр гектарынан 60,5 центнерден өнім алып, қамбаға 1 197 900 центнер астық құйды.
Күріштен бөлек бидай, арпа, сұлы, қант құмайы, мақсары, картоп, көкөніс, бақша дақылдары толық жинап алынды. Тарқатып айтсақ, 129 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 13, 770 гектар жаздық бидайдың әр гектарынан 9, центнерден, 665 гектар мақсарының әр гектарынан 8,7, 200 гектар қант құмайының әр гектарынан 41, 40 гектар арпаның әр гектарынан 8,2 центнерден өнім жиды. Мұнан бөлек 64 центнер сұлы, 33 276 центнер картоп, 195 центнер көкөніс, 299 650 центнер бақша дақылдары жиналды.
4 мың тонналық қойма іске қосылды
Биыл 2,9 млн тонна картоп, 1,1 млн тонна пияз, 498 мың тонна қырыққабат, 474 мың тонна сәбіз жиналды. Бұл ел тұрғындарының қажеттілігі деңгейінен едәуір асып түседі. Бұл ретте Ресей Федерациясы мен Беларусь тарапынан 150 мың тонна картоп, 80 мың тонна пияз және басқа да көкөністер мен алмаларды келісім-шартпен алуға сұраныс бар.
Үкімет жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау және өндіру, әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін қажетті шаралар кешенін тұрақты түрде жүргізіп келеді. Жалпы өнімді сақтау көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру арқылы жүзеге асырылады. Жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша елімізде 901 сақтау нысаны жұмыс істейді, оның ішінде жалпы сыйымдылығы 1 млн 186 мың тонна көкөніс қоймасының саны – 580, картоп қоймасы – 257, жеміс-жидек қоймасы – 67, яғни 136,3 мың тонна.
Елдегі өнім сақтау қоймаларының жай-күйіне тоқталсақ, биыл Қызылорда облысында 4 мың, Маңғыстау облысында 40 мың, Түркістан облысында 56 мың, Павлодар облысында 20 мың және Қарағанды облысында 2,8 мың тоннаға сақтау нысандары іске қосылған. Жалпы сыйымдылығы 115,1 мың тонна болатын қойма тағы 5 облыста салынуда. Ал 7 облыста 97,9 мың тонналық жобалар инвесторлардың қаржыландыруын күтуде.
Шаруалар 2,3 млрд теңгеге қаржыландырылды
Бүгінде «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру басталды. Айта кету керек, бұл мақсатқа өтеу мерзімі 2026 жылғы 1 наурызға дейін белгіленген фермерлер үшін жылдық 5 пайызбен 700 млрд теңгеге дейін, оның ішінде 140 млрд теңгесі бюджет қаражатынан, 560 млрд теңгесі нарық қаражатынан қаржыландыру жоспарлануда. Осылайша мемлекеттік қаржыландырудың нарыққа қатынасы 1/4 құрайды. Ерте қаржыландыру фермерлерге егіс науқанын уақытылы бастау үшін барлық қажетті заттарды, соның ішінде тыңайтқыштарды алдын ала сатып алуға мүмкіндік береді.
Нарық қаражатының алғашқы 100 млрд теңгесін Үкімет биыл 1 желтоқсаннан бастап ерте қаржыландыруды бастау үшін 28 қарашада тартқан. Ал 30 қарашада ауыл шаруашылығы өндірушілерінен 85 млрд теңгеге 695 өтінім, оның басым бөлігі 55 млрд теңгеге 686 өтінім тікелей қаржыландыру арқылы, яғни АКК филиалдары арқылы, ӘКК арқылы 22,6 млрд теңгеге 6 өтінім және екінші деңгейдегі банктер арқылы 7,3 млрд теңгеге үш өтінім түскен. Қазір жұмыста 20,6 млрд теңгеге 146 өтінім бар. Осы ретте 29 қарашада ерте қаржыландыру басталған, 2,3 млрд теңгеге 48 қарыз алушы несиелендірілген.
Жалағашта баға бақылауда
Рысты Күзенбаева, кент тұрғыны:
– Қазір барлығы қымбаттап барады. Ет, сүт өнімдері де құбылып тұр. Осы бағаны бір тұрақтандыру бойынша жұмыстар жасалып жатыр ма?
Осы орайда аудан көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын негізсіз өсуін қадағалау мақсатында жергілікті билік және қоғамдық кеңес өкілдерімен мониторинг жұмыстары жүргізілген. Оған арнайы құрылған комиссия мүшелері қатысты. Мониторинг барысында аудан орталығындағы азық-түлік дүкендерін аралап, сөредегі тауар бағаларымен танысты. Нәтижесінде өнім бағасын негізсіз өсірген заңсыз жайттар әшкереленбеді. Баға тұрақты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру мақсатында баға тұрақтылығын бақылау жұмыстары, алдағы уақытта жалғасатын болады. Әкімдік осылай уәде берді.
Сондай-ақ жаңа жылдық мерекелер қарсаңында бағаның ықтимал өсуін тежеу үшін қосымша шаралар да қабылдануда. Ол үшін өңірлерде тұрақты ауыл шаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Қысқы кезеңде және маусымаралық кезеңде бағаны одан әрі тұрақтандыру үшін ақпанда тұрақтандыру қорларынан көкөністерді босатуды бастау жоспарлануда, бұл нарықты қажетті өнім көлемімен қамтамасыз етуге және баға ауытқуларының алдын алуға мүмкіндік береді.
«Бір асым ет»
Таң ауылындағы ет өндіру цехының өнімдері де жалағаштықтарға арзан бағада ұсынылып келеді. Мәселен, «Бір асым ет», «Сыбаға», «Тартылған ет» өнімдеріне сұраныс көп. Әрине, мұндай цехтар азық-түлік бағасын тұрақты ұстауға оң әсерін тигізері анық. Сондықтан ауданда осындай типтегі кәсіпорындарды көбейту, өңір әлеуеті үшін маңызды.
Түйін: Халық күнделікті тұтынатын тағам түрлері мен көкөністер және өзге де өнімдердің бағасы кейде төмендеп, кейде күрт өсіп кететінін айтуда. Сондықтан ел арасында түрлі пікір қалыптасып, баға тұрақтылығына қатысты әртүрлі әңгімелер айтылып жүр. Иә, әлем экономикасы тұрақсызданған заманда халықтың әл-ауқатын көтеру, сол арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру атқарушы биліктің күн тәртібінен түскен емес. Енді не болса да атқарылып жатқан жұмыстардан нәтиже күтеміз.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!