Аудандық аурухананың ішін аралап жүріп, «перзентхана» бөліміне аялдадық. Бұл бөлім басқалардан ерекше екені даусыз. Себебі мұнда ана мен сәби бір-бірімен аман-есен қауышып, бүтін бір әулеттің қуанышы еселене түседі. Адамға өмір сыйлайтын құтты бөлімде шіліңгір шілденің ыстығы мен қақаған қыстың аязына қарамай қызмет ететін мамандардың қашан да еңбегі ерен екенін тағы да аңғардық.
Бөлім есігінен енгеннен «іңгәлаған» сәбидің дауысын құлағымыз шалды. Әріптесім екеуіміз, кезекші мейіргерге мұнда келгендегі мақсатымызды айтып, жаңа туған нәрестеге қарайтын неонатолог дәрігерді шақыруын сұрадық. Алайда дәрігер Сандуғаш Малдыбаеваны күтуге тура келді. Себебі ол жаңа ғана босанған ананың сәбиін толық тексерістен өткізіп жатыр екен. Білікті дәрігермен сұқбаттасу үшін қанша уақыт болса да күтуге дайын тұрмын. Қолы қалт етіп босай қалса, қойың дәптеріммен қаламсабымды алып екеуара диалог құрмақшымын. Арада біраз уақыт өткен соң бөлмесіне қарай бағыт алған дәрігермен сұқбаттасудың реті түсті.
«Маған кішкентайымнан балалармен жұмыс жасаған қатты ұнайтын. Туысқандарымның сәбилеріне қарап, немесе қуыршақты бөпе қылып ойнап өскендіктен бұл мамандық жаныма жақын болды. Сондықтан да жаңа туған нәрестелердің дәрігері болдым. Бала күнгі арманым бүгінде сүйікті мамандығыма айналды» деп бастады әңгімесін дәрігер Сандуғаш Имамзадақызы.
Дәрігер ең алғашқы еңбек жолын осы ауруханадағы инфекция бөлімінде бөлім меңгерушісі қызметімен бастаған. Одан кейін перзентхана бөліміне ауысып, жаңа туған нәрестелерді толық тексерістен өткізуді қолға алған. Айтуынша, былтыр перзентхана бөлімінде 407 бала дүниеге келген. Ал ол оның 38-іне қажетті ем-шара жүргізген. Дәрігер сәбилер көбіне анасының құрсағынан туа пайда болған гипоксиялық ишемиялық зақымдану диагнозымен туылатынын айтты. Яғни бұл нәрестенің миына жеткілікті оттегі жетпейтін кезде, тұншығу салдарынан пайда болатын сырқат түрі.
– Бұл сырқат түрімен туылған балаларға дер кезінде көмек көрсетіп, үйіне жағдайы жақсарған кезде шығарамыз. Кейде жағдайы аса ауыр, аппаратқа тәуелді балалар болады. Оларға өзімде 3 тәулік бойы көмек көрсетіп, жағдайы бірқалыпқа түспеген жағдайда облыстық «Ана мен бала» орталығына ауыстырамын, – дейді дәрігер.
Жыл басынан бері ауданда 53 бала дүниеге келіп, оның 5-еуіне толық ем-шара жүргізілген. Қазіргі таңда бөлімде 5 ана мен сәби бар. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, бөлім біз келген күні бір сәбимен толықты. Жаңа туған нәрестенің жағдайын бізде өз көзімізбен көрмекші болып дәрігермен бірге ана мен бала жатқан палатаға қарай бағыт алдық. Барсақ, жас ана баласын бауырына басып, әнімен әлдилеп ұйықтатқалы жатыр екен.
– Аллаға шүкір, бұл менің 6-шы сәбиім. 2 қыз, 3 ұлым бар еді, енді 4 ұлды болдық. Ешқандай шағымым жоқ. Дәрігерлер аман-есен босандырып алды. Баламның да, өзімнің де жағдайым жақсы. Ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз. Сандуғаш дәрігер мен 3-ші баламды босанғанда осы жерде жұмыс істейтін. Содан бергі балаларымның барлығының денсаулығына өзі қарап келеді, – дейді жас ана Әсем Шамитаева.
Айтпақшы кішкентай батырға Зейн деген есім беріліпті. Сұқбат соңында «батырдың бауы берік, үлкен азамат болсын» деген ақ тілегімізді жаудырып дәрігермен бірге бөлім тынысымен танысуға шықтық.
Бөлімде Сандуғаштан бөлек 2 акушер-гинеколог, 5 акушер, 10 мейіргер бар. Сондай-ақ 5 босану бөлмесі мен босанғаннан кейін жататын 10 төсек орын бар.
– 2017 жыл. Бөлімге 5 жыл бойы асығып күткен сәбиін босануға бір жас ана келді. Толғағы жеңіл болып, сәтті босанып, палатаға ауыстырылды. Алайда 1 күннен кейін баланың аузынан, тік ішегінен қан кетіп, бала да қанның ұю жылдамдығы төмен болды. Барынша қолымыздан келген көмекті көрсету арқылы қанды тоқтатып, баланы облыстық ауруханаға ауыстырдық. Бала сол жақта да толық ем алып, үйіне шықты. Қазір сол бала мектеп жасындағы оқушы. Анасын көшеден көргенде әлі күнге дейін ұмытпай баланың жағдайын сұрап тұрамын, – дейді кейіпкеріміз.
Бір қуантарлығы, соңғы жылдары мұнда ана мен бала өлімі тіркелмеген. Әрине, мұндай еселі еңбек – ұйымшыл ұжымның жемісті жұмысының нәтижесі.
Айта кетейік, дәрігер Сандуғаш қазіргі таңда перзентхана бөлімінен бөлек, қабылдау бөлімінде қосымша бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Мұнда науқастар күндіз-түні түрлі сырқатпен келеді. Олардың басты міндеті – ауруы асқынғандарға шұғыл және жоспарлы түрде келген науқастарды ауруханаға орналастыру.
– Ересектер қан қысымы көтеріліп, жүрек ауруы сынды дертпен, артериялық гипертензиямен шағымданып келеді. Ал балалар көбіне тұмаумен келеді. Кейде алғашқы ем-шараны өткізгеннен кейін, науқастың жағдайы жақсарып жатады. Оларды толықтай тексерістен өткізіп үйіне қайтарамыз. Қазірдің өзіңде жұмыс уақытының басталғанына көп болмаса да, 9 науқас түсіп үлгерді. Кейде күніге 40 науқасқа дейін қабылдап, барлығына қажетті көмек көрсетеміз, – дейді дәрігер.
Мәселен былтыр бөлімге 11 603 науқас келіп, оның 6382-сі ауруханаға жатқызылған. Ал 1622 науқас портал арқылы жоспарлы ем қабылдаған. Сондай-ақ 5221-і амбулаторлы ем қабылдап үйіне қайтарылса, 4769-ы шұғыл түскен. Олардың ішінде 1265 науқас жарақатпен түскен. Оның ішінде 77 науқас жол-көлік оқиғасына тап болса, оның 12-сі балалар. Ал алкогольді уланумен 113 науқас, күйік жарақатымен 45 науқас ем алған. Сондай-ақ 37 науқас инсульт диагнозымен тіркелсе, жедел коронорлы синдром диагнозымен 161 науқас түскен. Мұнан бөлек, жедел ішек инфекциясы мен 179 науқас тіркелген. Ал жыл басынан бері мұнда 831 науқас келіп, 542-сі ауруханаға жатқызылған.
Бөлімде Сандуғаш дәрігермен қатар 1 аға мейіргер, 12 мейіргер тәулік бойы қызмет етеді. Мұнда 2 қарқынды емдеу палатасы бар. Біреуі – жүкті әйелдерге, екіншісі – қосымша сырқаты бар науқастарға арналған. Бұл екі палата қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Бір тәулікте 15 науқасқа көмек көрсете алатын бөлімде 3 бақылау палатасы бар. Олар ерлер мен әйелдерге, балаларға арналған. Мұнан бөлек, 5 төсек орны бар уақытша емдеу палатасы бар. Бұл жақта науқастар өздерінің сырқаты бойынша қарайтын дәрігерлер келгенше ем алып, кейін қажетті бөлімге ауысады.
Дәрігер Сандуғаштың айтуынша бұл бөлімге дәрігерлер түнгі уақытта кезекшілікпен тұрады. Ол былтыр бөлімге екі жас жігіт пышақтан жарақат алып түскенін айтты.
Иә, ақхалат киіп, «дәрігер» деген атты арқалағаннан кейін алдымызға науқас келгенде «бұл менің бөлімім емес, немес менің қолымнан келмейді» деп қарап тұрмаймыз. Жаңа туған нәрестелер дәрігері болсам да, ауыр жарақат алып келген екі жас жігітке хирург келемін дегенше алғашқы көмек көрсеттім. Бірінің – асқазанына, екіншісінің – бауырына зақым келген, – дейді дәрігер Сандуғаш Имамзадақызы.
Мамандыққа адалдық деген осы шығар, сірә! Себебі мұндағылар уақытпен санаспайды. Бұл бөлім жылдың 12 айында тәулік бойы дертіне шипа іздеген науқастарды қабылдап, сырқатынан сауықтырады. Білікті маманмен құрған сұхбатымызды «дәрігер, шұғыл көмек қажет» деген мейірбикенің дабылы бұзды. Бізде дәрігердің жұмысына сәттілік тілеп, науқастардың аман-есен үйлеріне оралуына тілектестік білдіріп қайттық.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!