Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Жұма, 03 мамыр, 07:28

Бала денсаулығы басты орында

17.06.2023

479

0

Аудан халқына сапалы медициналық қызмет көрсетуде Жалағаш аудандық ауруханасы жүйелі жұмыс жасап келеді. Жаңадан бой көтерген нысан қазіргі таңда барлық талаптарға сай, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген және білікті дәрігерлер қатары көбейген. Адам жаны қысылғанда алғашқы болып көмек қолын созатын жандардың еңбегін елеусіз қалдыру мүмкін емес. Сол себепті біз бұған дейін аудандық аурухананың бірнеше бөлімінің жұмыс барысын газет бетінде жариялаған едік. Ал бүгінгі мақаламызда аудандық аурухананың балалар бөлімінің тыныс-тіршілігін тарқатпақпыз.

Бала – өміріңнің жалғасы, жаныңның ең нәзік бөлшегі. Бала деп қуанамыз, бала деп мұңаямыз. Қазақ халқы сол асыл пер­зент­теріне деген ерекше махаббатын «Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма қа­далсын» деген бірауыз сөзбен жеткізеді. Аудандық ауруханаға бас сұққаннан еңсе­мізді басқан ауырлық көңілімізді жан-жаққа бұрғызбады. Түсінікті ғой, аурухана талай жанның өмірімен арпалысатын, қанша адам­ның жанына батқан аурумен күресетін орын ғой. Біраз жүрген соң барып томаға тұйық ойымызды балалардың дауысы бөлім жі­берді. Сөйтсек, балалар бөліміне де келіп қа­лыппыз. Сонымен тілшілік міндетімізді ұмыт­пай, бөлімнің дәрігері Назира Алтаеваға жо­лықтық. Алғашқы сауалымызды бөлімнің тыныс-тіршілігінен бастауын сұраған бізге Н.Ал­таева балалар бөлімінде тәуліктік 17 төсек орын, 5 күндізгі төсек орын бар екенін айтты.
Дәрігердің сөзінше, 17 төсек орынның 15-і балалар соматикасы, 5 төсек балалар нев­рологиясы. Бөлімшеде жалпы штат бірлігі 14, оның ішінде дәрігер 1, аға медбике 1, ке­зекші мейірбикелер 6, кіші аяжан 4, шаруа бикесі 1, санитар буфетші 1. Жұмыс жасайтын қызметкерлер саны 18. Балалар бөлімінде барлығы 8 палата бар. 1 палата интенсивті нау­қастарға арналған. Интенсивті палата орта­лықтандырылған оттегімен жабдық­тал­ған бөлме. Айта кетейін, балалар бөлімінің дәрігері Назира Нағашыбайқызының жалпы еңбек өтілі 30 жылдан асыпты. Жоғары білікті дәрігер қызмет барысында жинаған тәжіри­бесін өзінен кейінгі мамандармен бөлісуді әдетке айналдырған. Бөлімдегі ақ халатты абзал жандардың барлығы біліктілігін арт­тырған, сондай-ақ бала ауырып түскенде көр­­се­тілетін ең алғашқы көмектің талап-ере­желерін жетік меңгерген екен. Бұл тұрғыда ар­найы оқытылғанын да айта кетті дәрігер Назира Алтаева.


Мұнан соң бөлім дәрігері көп кідірместен «палаталардағы балалардың жай-күйін білуім керек» деп сұхбатты сонан соң жалғастыра алатынын жеткізді. Иә, адам өмірі, оның ішінде балалардың денсаулығы бүкіл қоғам үшін бірінші орында. Біз де дәрігердің жұмысына кедергі келтірмейік деген ниетпен палаталардағы балалардың жағдайын көруге асықтық. Дәрігер барлық палатаны аралап шықты. Әрине, оңай емес екенін айта кету керек. Балалар ауырып тұр, оның үстіне егі­летін инеден қорқатыны тағы бар. Әңгіме ара­сында бөлімнің жұмысынан хабар беріп отырған Назира Нағашыбайқызы соңғы жыл­дары балалардың ауырып ауруханаға түсуі көбейіп кеткенін жасырмады. Көбіне бөлім­шеге маусымдық аурулардың өршу кезінде балалар арасында пневмония, жоғарғы тыныс жолдарының қабынуы ауруларымен науқастар ем алады. Сонымен қатар аллергиялық дер­матит, несеп, зәр шығару жолдарының қа­быну аурулары диагноздарымен де жиі түсе­тін көрінеді.
Жалпы, балалар бөлімі бойынша осы жылдың 5 айында ем қабылдап шыққан нау­қастар саны 367. Оның ішінде жоспарлы түскені 91 болса, бұл көрсеткіш өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 80-ді құрайды. Ал шұғыл түскені 276 науқас, өткен жылы 194 науқас тіркелген. Биылғы жыл басынан бері қайтыс болған жағдай тіркелмеген, ал өткен жылдың осы кезеңінде 1 бала өмірімен қош­тасқан. Балалар бөлімшесінің жұмысымен та­нысқан біз мұндағы ақ халатты абзал жандардың біліктілігін байқадық. Олардың әр­бірі тынымсыз қауырт жұмысымен жүрді. Бірі палаталардағы балаларды қарайласа, бірі ем-дом шараларын жасап жатты. Тіпті бөлім дәрігерінің өзі әлсін-әлсін балалардың өкпесін тыңдап, олардың аналарына дәрі­герлік кеңесін айтумен болды. Мөлдір әлемнің кейіпкерлері – балғын балалық шақтың нағыз шынайы бүлдіршіндері мұнда мейірімнен кенде еместігіне және көзіміз жетті. Дәрігердің әр баламен балаша сөйлесуі, жылы сөздері мен шипалы алақаны еріксіз жаныңды жады­ратып, көңіліңді демдейді. Бөлімнің жұмысына риза болған әріптесім екеуміз осындағы ба­лалардың әрбірінің құлантаза айығып, отба­сына оралуына тілекші болдық. Балалар ауыр­масын, аналар ауырмасын дейміз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: