Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Жұма, 24 маусым, 11:20

«Бақытты отбасы» бағдарламасы қашан басталады?

24.05.2022

59

0

Отбасы банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова «Бақытты отбасы» бағдарламасын бастау уақыты екі аптаға шегерілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Биыл біз «Бақытты отбасы» бағдарламасын шамамен 15 маусымда бастаймыз. 1 маусымда өтінім қабылдауды іске қосамыз деп жоспарлағанбыз, бұқаралық ақпарат құралдарында да жарияладық. Бірақ бүгінде тұрғын үй төлемдерін субсидиялау жобасын аяқтау қажет. Сондықтан «Бақытты отбасы» бағдарламасын шегеруге шешім қабылдадық», – деді Ибрагимова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Банк басшысының айтуынша, биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасына 51 миллиард теңге бөлініп отыр. Осы ақшаға шамамен 5 000 адамға 2 проценттік ипотека беріледі.

«Өтінім саны әлдеқайда көп болатын шығар. Мәселен, былтырғы статистика бойынша 7 мың ипотекаға 35 мың адам өтінім жіберген. Биыл олардың саны одан да көп болатын сияқты. Қазірдің өзінде әлеуметтік желідегі парақшамызда «Бақытты отбасыны қашан бастайды?» деген сұрақ жиі қойылады», – деп атап өтті Ибрагимова.

Айта кетері, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2 проценттік ипотека алуға болады. Бастапқы жарнасы – 10%. Кредит 18 жылға дейін беріледі. Бірақ қарыз сомасы бойынша шектеулер бар.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау мен Атырауда алынатын ең қымбат баспана құны – 15 миллион. Басқа аймақтарда пәтердің ең жоғары бағасы 10 миллион болады.

Осы ақшаға жаңадан салынған үйден де, ескі үйден де пәтер сатып алуға болады. Жеке тұрғын үй рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Екі проценттік ипотека тек мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Сондықтан табысқа қатысты талап бар.

Оған сәйкес, соңғы алты айда әрбір отбасы мүшесінің бір айлық табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің (36 018 теңге) 3,1 еселенген шамасынан аспауға тиіс, яғн, әрбір мүшесіне келетін табыс 111 655,80 теңгеден артық болмауы шарт. Ал отбасыда алты адам болса, бір айлық табыстың мөлшері 663 934 теңгеден асып кетпеуі керек.

Қазіргі кезде бағдарламаға көпбалалы, толық емес және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Алдағы уақытта тағы екі санат – жетімдер және I-II топтағы мүгедектер қосылады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: