Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 13:24

Мейірімді дәрігер

16.02.2021

970

0

Дертке дауа, емге шипа бере алатын тек осы ақ халатты абзал жандар ғана. Біздің ең қымбат байлығымыз – өміріміз осы сала қызметкерлерінің кәсібиліктеріне байланысты. Сондықтан да бұл сала иелеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олардың көмегімен ауруымыздан айығып, ертеңімізге үмітпен қараймыз. Алдына барған әр науқасқа ерекше мейіріммен қарап, жылы сөзімен көңіліңді көтеріп, өмірге деген құлшынысыңды арттыратын да осы асыл маман иелері.

Расымен де солай. Жалағаш аудандық емханасына жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, жүзі жылы, мейірімді дәрігердің мүмкіндігі шектеулі жандарға асқан ыждағаттылықпен хал-жағдайын біліп, ақыл-кеңесін айтып жатқанын көресіз. Дәрігерге керегі де осы қасиет мейірімділік қой. Ал көзінде күн күлімдеген бұл кісінің алдына келген жанды баурап алатын ерекшелігі бар.

Негізі медицина саласында дәрігердің дертке шалдыққан жанды емдеуінің айқын үш жолы бар екені баршамызға белгілі. Біріншісі сөзбен. Екіншісі шөппен, яғни дәрі-дәрмекпен. Үшіншісі пышақпен, яғни ауру асқынып, жоғарыдағы екеуінен көмек болмағанда, көрсеткішіне қарай хирургиялық жолмен емдеу. Осы емдеу жолының алғашқы екеуін ұштастыра білген бұл мейірімді дәрігер – Шынар Өтепбергенова.

Аралдан осынау шежірелі мекен Жалағашқа келін атанған ақ халатты абзал жан – бүгінде 5 баланың анасы. Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясынан дәрігер мамандығын алып шыққан. Еңбек жолын 1998 жылы Жалағаш ауданында жедел жәрдем бөлімінде бөлім меңгерушісі болып бастаған. Бұл бөлімде бір жылға жуық уақыт қызмет жасағаннан кейін 1999 жылдан бастап аймақтық терапевт, өз саласының қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинақтағаннан кейін 2014 жылдан бастап бас терапевт қызметіне тағайындалған екен. Сонымен қатар 2015 жылы дәрігерлік тәжірибесіне кардиология саласы бойынша қайта даярлаудан өтіп, негізгі қызметімен қоса, кардиолог маман ретінде науқастарға кеңес берумен, диагнозы мен тағайындаулар арқылы да жүрегі ауырған жандарға көмегін тигізуде.

– Өткен жылы еңбекке жарамсыз деп танылған азаматтардың ішінде І орында қан тамыр аурулары, ІІ орында қатерлі ісіктен зардап шеккен азаматтар екен. Қан тамыр аурулары, оның ішінде жүрек инфаркі мен ми инсультінің алдын алу үшін аймақтық дәрігерлердің айтқанын әрбір тұрғын мұқият тыңдап, профилактикалық-скринингтік тексеруден уақытылы өтетін болса, мемлекет тарапынан берілген тегін дәрі-дәрмектерді уақытылы ішіп, денсаулықтарын тұрақтандырылған қалыпта ұстаса жеткілікті. Ал қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтаған жағдайда сырқаттан құлан таза айығып кетуге әрбір науқастың толық мүмкіндігі бар, ол үшін аймақтық дәрігеріне жыл сайын қаралып, скринингтік тексерулерден өтуді әдетке айналдыру қажет. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген аталы сөз бар, ауруыңызды ерте анықтап, денсаулығыңызды нығайтуға күш салсаңыз, еңбекке қабілетіңізді жоғалтпайсыз, ең бастысы өмір сүру сапасы жақсарады, осыны әрбір адам түсінсе екен, – деп мейірімді дәрігер өз сөзін қорытындылады .

Шипалы алақан иесінің еңбегі еленіп, марапат төрінен көрініп те жүр. Оның ішінде 2019 жылдың «Жыл дәрігері» атанып, халықтың алғысын алып келеді. Денсаулық сақтау саласында 20 жылдан астам уақыт абыроймен қызмет атқарып келе жатқан ақ халатты абзал жан қазіргі таңда аудандық емхананың дәрігерлік-консультациялық комиссия төрайымы болып тағайындалған қызметін табандылықпен жалғастыруда.

Нұр Рауан

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: