Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сәрсенбі, 16 қазан, 04:01

Мемлекет басшысы: Жастық шақ – уақытты босқа өткізетін емес, ел үшін табанды қызмет ететін кез

03.06.2024

371

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда ғалымдармен кездесу барысында Кезінде Шоқан, Абай, Әлихан, Ахмет, Қаныш сияқты арыстарымыз зиялылығымен талайды таңғалдырғанын айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент бізді әлем елдері көзі ашық, көкірегі ояу халық ретінде танитынын атап өтті.

«Кезінде Шоқан, Абай, Әлихан, Ахмет, Қаныш сияқты арыстарымыз зиялылығымен талайды таңғалдырған. Өзге жұрттың қазақ туралы пікірі осындай тұлғаларымыз арқылы қалыптасқан. Қазір де өзінің білімі, өнері арқылы әлемді мойындатып жүрген жастарымыз аз емес. Олар кез келген тілді тез меңгеріп алады. Қандай ортаға да жылдам бейімделеді. Бізді әлем елдері көзі ашық, көкірегі ояу халық ретінде таниды. Білімпаздық, еңбекқорлық, алғырлық пен жасампаздық – қанымызға сіңген қасиет. Осы қасиеттерімізді әрдайым тиімді пайдалана білуіміз керек», – деді Президент.
 

Мемлекет басшысы қазіргі заманғы технологияны меңгерген жас ғалымдарға зор үміт артатынын жеткізді.

«Жастардың ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасап жатырмыз. Биыл Ұлттық ғылым академиясының жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Бұл кеңес талапты жастардың басын қосып, ғылым жолына жұмылдырады деп сенемін. Шәкәрім «Жас көңілде жарық бар» деп айтқан. Жастарымыз жасампаз және жаңашыл болуы керек. Жастық шақ – уақытты босқа өткізетін емес, ел үшін табанды қызмет ететін кез. Академик Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы – осының жарқын мысалы. Ғұлама ғалым небәрі 25 жасында «Алгебра» оқулығын жазуға кіріскен. Ал 30 жас шамасында Жезқазғандағы кен орнын ашқан.
Жас ғалымдарымыз туған еліне пайдасы тиетін жұмыспен айналысқаны жөн. Ұрпақтың білімді, отаншыл, мемлекетшіл болуы маңызды. Жастарымыз Адал азамат болуы керек. Еліне, өз ісіне адал азаматтар ғана Қазақстанды көркейте алады», – деді Президент.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: