Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Жексенбі, 13 қазан, 15:13

Мереке қарсаңындағы марафон

05.06.2023

445

0

Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран – елдің тәуелсіздігі мен егемендігінің айқын көрінісі. Қазақстан республикасының бұл басты нышандарының эталондары республиканың Тұңғыш Президенті мұражайында сақталуда. Біздің еліміздің жаңа тарихының беттерінде мемлекеттік нышандардың орны ерекше.

Мемлекеттік рәміздердің ресми бекітілуінің өз саяси тарихы бар. 1992 жылы 4 маусымда ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Мемлекеттік нышан­дары туралы заңға қол қойылды. 6 маусымда Президент резиден­ция­сының және Жоғарғы кеңестің ғи­мараты үстінен Мемлекеттік ту көте­ріліп, Елтаңба орнатылды. Дәл осы күні сол кездегі Алматы опера және балет театрында олардың тұсаукесер салтанаты өтті. 6 айдан соң, яғни 1992 жылы 11 желтоқсанда Мемлекеттік Әнұранның да мәтіні бекітілді. Бүгінде еліміздің жер-жерінде Рәміздер алаңы бой көтеруде.
Тәуелсіздік – халқымыздың баға жетпес асыл қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалар теңдессіз байлығы. Осы орайда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тату ретінде Дәуімбай елді мекенінде елдің басты нышанына деген құрмет пен отансүйгіш азаматтардың көмегі арқылы жабық бассейн жанынан Рәміздер аллеясы салынды.


4 маусым – Қазақстан Республи­касының Мемлекеттік Рәміздері күні. Бұл күн – халқымыздың мұқалмас рухы мен ежелден келе жатқан басты құндылықтарымызды айшықтайтын қас­терлі күн. Осы ретте аудан жұртын ортақ мақсатқа біріктіруге және олар­дың патриоттық рухын көтеруге бағыт­талған бірқатар шара өтті. Шаралар легі 3 маусым күні мәдениет және спорт бөлімі, «Наркескен» спорт клубының ұйымдастыруымен ересектер арасында аудандық «ZHALAGASH MARATHON – 2023» жарысынан бастау алды. Марафонның басты мақсаты – жастарға спортты насихаттай отырып, салауатты өмір салтына баулу, спортқа қабілетті жастардың өмірлік салтын қалыптастыру.
Таңмен таласа оянып, жүгіруге келген 120-ға жуық жас марафонға қатысып, бұқаралық спортты қолдайтынын көрсетті. Жүгіру ерлер мен әйелдер ара­сында ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлей­менов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Бұл спорттық шараға аудан жастары мен мекеме қызметкерлері, жоғары оқу орындарының студенттері мен оқушылар қатысты. Қатысушылар марафонды орталық стадионнан бастап, 3,5 шақырым қашықтыққа жүгіріп өтіп, орталық стадионға қайта табан тіреді.
Ерлер арасында ІІІ орынды Махмуд Ермак, ІІ орынды Таң ауылынан келген Аслан Тұрсынбай, І орынды Жаңа­лап ауылының спортшысы Еркін Әбжа­милов иеленді. Сағи Хамит, Жомарыс Ыбырай, Дамир Базарбайұлы, Нари­ман Батишев, Дидар Сегізбайұлы, Марлан Зәкір, Алихан Төлеген, Нұр­дәулет Жұбатхан, Данияр Есбол, Байбөбек Жақсылық, Салауат Досым, Диас Қобыланбек сынды бірқатар қаты­сушы «Белсенді қатысқаны үшін» номинациясымен марапатталса, әйел­дер арасында «Ең жас спортшы» номи­нациясын Айым Мұнайтпас, «Үздік ұжым» номинациясын «Білім» саласы иеленді.
– Көңіл-күйім керемет. Мәреге алғашқы болып мен келдім. Өте керемет шара болды. Спорт – салауатты өмір кепілі. Спортпен шұғылданайық, – дейді ерлер арасында І орынды иеленген Еркін Әбжамилов.
Сондай-ақ бұл марафонда «Ең жас спортшы» номинациясын иеленген Айым әйелдер арасында екінші келіп, үздіктер қатарынан көрінді.
– Бүгінгі марафонды ұйымдас­тыру­шыларға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта осындай жаппай марафондар жиі ұйымдастырылса екен. Себебі бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік, – дейді Айым.
Ұйымдастырушылардың ай­ту­ынша, биыл бұл шараға қаты­су­шылардың саны жылдағыдан көп болыпты. Са­лауатты өмір салтын ұстанған мара­фон жеңімпаздары аудан әкімінің алғыс хаты, бағалы сыйлық және медаль­дарымен марапатталды.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: