Қазақ елі үшін алтын бесік болып саналатын ауылдың жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Ауданымыздың қос ауылына бір мезетте «көгілдір отынның» кіруі – соның жарқын көрінісі. Бұны облысымыздың өңірлік бағдарламасына сәйкес елді мекендерді газдандыруға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстардың жалғасы деуге болады.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен ауданға қарасты Ақсу және М.Шәменов ауылдарын газ желісіне қосу рәсімі өтті. Аймақ басшысы көптен күткен игілікті пайдалана бастаған тұрғындарды құттықтап, өңірде жарқын жобалардың жалғасын табатынын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде жетілдіру. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» деген болатын. Елді мекендерге жасалған қолайлы инфрақұрылым мұндағы халықтың әл-ауқатын арттырады, кәсіпкерліктің өркендеуіне, басқа да бастамаларға жол ашады. Өткен жылы аудан бюджеті 10 млрд 848 млн теңге болды. Биыл 12 млрд 215 млн теңгеге жетті, яғни 12,6 пайыз өсім қалыптасты. Бұл қаржы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратын жобаларға бағытталуда. Кейінгі 3 жылда ауданда 4 млрд 400 млн теңгеге 104 шақырым ішкі көшелер мен аудандық маңызы бар автомобиль жолдары жөндеуден өтті. Тағы 1 млрд теңгеге 7 шақырым ауызсу жүйелері, 1 млрд 400 млн теңгеге электр желілері жаңартылды, 51 тұрғын үй пайдалануға берілді. Таң, Мырзабай ахун, Есет батыр ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар ел игілігіне табысталды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 572 млн теңгеге 250 орындық «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» ашылды. Сондай-ақ Таң ауылындағы мәдениет үйі мен Бұқарбай батыр ауылындағы мектеп ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде Аққыр ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Қаракеткен ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Жалағаш кентіндегі «Руханият» орталығының құрылысы жүруде. Елдің дамуы ауылдың гүлденуінен басталады. Ауылдың келешегі сіздердің бірліктеріңіз бен тату тірліктеріңізге байланысты. Бүгін әр үйге қосылған табиғи газ отбастарыңызға бақыт пен шаттық әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Туған жеріміз Сыр өңірі қарыштап дами берсін, – деді аймақ басшысы.
Газ қосу рәсімінен кейін аймақ басшысы екі ауылдың тұрғындарымен кездесіп, атқарылған істер, алдағы мақсат-міндеттер туралы айтты. Инфрақұрылымдық жобаларға, әр саладағы жаңашылдықтарға, ауыл тұрғындарына ұсынылатын мүмкіндіктерге, аймақта қолға алынған жобаларға жан-жақты тоқталды. Кездесуге келушілердің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
– Бүгін біз үшін ең қуанышты, бақытты күн деп ойлаймын. Ақсулықтар дән риза. Ауылымызда таза ауызсу, жарық бар, енді міне, газ келді. Бұдан артық бізге қандай қуаныш керек?! Мемлекет басшысына, облыс әкіміне айтар алғысымыз шексіз. Ел үшін атқа мінген осы кісілердің жемісті жұмыстарының арқасында әлеуметтік жағдайымыз жақсарып отыр. Сол арқылы ауыл тұрғындарының тұрмысы да жеңілдеді. Бұрынғыдай көмір жағып, күл шығармаймыз, таң атысымен далада шай қайнатпаймыз. Бұл біздің көп жылғы арманымыз еді, – дейді Ақсу ауылының тұрғыны Меруерт Мырзабекова.
Айта кетейік, Ақсу ауылдық округін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылға облыстық бюджеттен 20 млн теңге қаржы қаралған. Биыл құрылыс монтаждау жұмыстарын жалғастыру үшін Ұлттық қордан 100 млн теңге, облыстық бюджеттен 397,4 млн теңге бөлініп, жұмыстар толығымен аяқталды. Бүгінде 1 660 тұрғыны бар Ақсу ауылдық округі көгілдір отынның игілігін көруде.
Ал М.Шәменов ауылын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында былтыр облыстық бюджеттен 63,8 млн теңге бөлініп, монтаждау жұмыстары аяқталған. Ауыл тұрғындары үшін ауқымды бастама биыл жалғасын тауып, Ұлттық қордан 100 млн теңге, облыстық бюджеттен 485,3 млн теңге қаралып, бүгінде монтаждау жұмыстары толығымен аяқталды.
Осылайша ауыл тұрғындарына толығымен табиғи газ жеткізілді. Алайда жергілікті билік бұл нәтижеге тоқмейілсімей, аудан бойынша елді мекендерді газбен қамту жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыруға ниетті. Мәселен, қазіргі таңда Бұқарбай батыр ауылын газдандыру жұмыстарына демеушілік есебінен жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Сондай-ақ Қаракеткен және Далдабай елді мекендерін газдандыру жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім жолданған.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!