Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 11:04

Қызылордалық қаламгерлер құрмет төрінде

27.06.2023

591

0

Сыр елінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған «Қанатты қалам – 2023» мерекелік салтанатты шарасы өтті. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев журналистерді төл мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

Облыс әкімі ақпарат ағынынан қалмай, өз көрермендері мен оқыр­ман­дарына адал қызмет етіп, маман­дығын қадір тұтқан журналис­тердің қоғамдағы алар орнына ерекше тоқталды.
– Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» та­қы­рыбында Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші оты­рысында: – Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көз­қарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының ба­ро­метрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет, – деп айтқанын білесіздер. Бүгінде «Масс-медиа» деп аталатын жаңа заң қоғамда кеңінен талқылануда. Бұл жобаның БАҚ өкілдері үшін маңызы зор болмақ.
Сыр өңірінен шыққан жүздеген журналист әлемнің түкпір-түкпірінде, елі­міздің әр өңірінде, өз өлкемізде абы­ройлы қызмет етуде. Олар ел өміріндегі әр жетістікті өз жетістігіндей көреді. Қиындықты жүрегімен қабылдап, әр сәтті қалт жібермеуге тырысады. Бар­­ша баспасөз, теледидар, радио, ин­тернет басылымдары қызмет­кер­ле­рінің еңбегіне шығармашылық та­быс, дендеріңізге саулық, шаңырақ­та­рыңыз­ға құт-береке, амандық тілейміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.


Аймақтың ақпарат саласының да­муына елеулі үлес қосқан бірқатар БАҚ өкілі облыс әкімінің арнайы ма­рапатына ие болып, құрмет тө­рі­нен көрінді. Қызылорда қоғамдық теле­арнасының құрылтайшысы, ақын Шәһизада Әбді­кәрімов Қызылорда облысының құр­метті азаматы атанды. Бірқатар БАҚ қызметкеріне облыс әкімінің, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің марапаттары табысталды. Мұнан бөлек 20 БАҚ өкіліне түрлі номинация, 10 сала ардагеріне шипажайға жолдама берілді. С.Бермағанбетов атындағы жас журналистер байқауының жеңім­паздары да арнайы марапат алды.
Айта кетейік, салтанатты шарада марапат төрінен көрінген журналистер арасында әріптесіміз, Жалағаш ау­дандық «Жалағаш жаршысы» газе­тінің тілшісі Ерлан Созақбаев та бар. Ол бүгінгі жиында «Ел тынысы» номинациясына ие болды.
Бүгінде облыстың медиа кеңістігінде 148 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс жасауда. Оның 13-і мемлекеттік болса, 135-і – тәуелсіз. Олардың ішінде 120-сы – газет, 25-і – интернет-сайт пен ақпараттық агенттіктер, 3-еуі телеарна, 137-сі облыстық, 2-еуі қалалық, 9-ы аудандық деңгейде ақпарат таратады.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: