Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сенбі, 27 шiлде, 07:19

Шерхан – мектеп мақтанышы

19.09.2023

517

0

Мұғалім шәкірттерімен мақтанады. Себебі салаға сіңірген еңбегі де шәкіртімен ақталады. Қайраткер атындағы алтын ұяда үздік оқушы Шерхан Әдіс оқуда озат болып, ата-анасының да, ұстаздарының да сенімін ақтап келеді. Небары 16 жастағы үлгілі оқушының жеткен жетістіктері көп. Өйткені ол – білім алуда еңбекқор оқушы.

Оқушылардың ақыл-ой қабілетін жетілдіру, дарынды балаларды оқыту мен дамыту, тәрбиелеуде мұғалімдер қарап қалмайды. Расында мұғалімнің жемісі үздік оқушыны қалыптастыруда жатыр. «Білімді шәкірт – мектеп мақтанышы» деп аталатын мектеп тақтасында суреті орын алған Шерханның да жетістігі мол.
Ол – қазіргі таңда Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы. Мектепке 8 сыныпта ауысып келгелі бері біраз білім бәйгелерінен үздік атануда.
Мектеп – кеме, білім – теңіз, ал толқынында жүзушілер – шәкірттер. Осы мектептің намысын қорғап жүрген Шерханның оқушылар арасында да беделі жоғары. Былтыр мектеп оқушылары арасында президент болып, биыл дебат қозғалыс министрі ретінде сайланған.
Кейіпкеріміз – тек білімді оқушы ғана емес, шығармашыл, салауатты өмір салтын ұстанатын спортшы. Оған дәлел ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына арналған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты поэзия кешінде белсенділік үздіктер қатарынан көрінуі. Ілияс Жансүгіров, Абай оқуларына да қатысып, аудандық кезеңінен ІІ, ІІІ орын­ иегері атанған. Сондай-ақ Жақсыбай Сар­ба­ла­­ұлының 80 жылдығына орай аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен «Жыр-жұлдыз» мүшәйрасында үздік өнер көрсетіп, І орын иеленіп, 25 000 теңге қаржылай сыйақымен марапатталған.
Жігітке жеті өнер де аз. Спортта да мектеп дәрежесін асқақтатып жүрген Шерхан футболдан өткен «Былғары доп» облыстық сайысында аудан құрамасына капитан болып, команда ІІ орын иеленген. Сонымен қатар осы жарыста «Үздік жартылай қорғаушы» номинациясымен марапатталған. Аудандағы үздік оқушы ретінде «Балдәурен» оқу-сауық­тыру орталығының жаздық ауысымына шақырту алып, ол жерде де өзінің белсенділігін көрсеткен. Орта­лықта «Ауысым президенті» атағын алған.
Шынында, баланың білімге құштарлығы мен қызы­ғушылығы мектептен бастау алатыны сөзсіз. Мектеп қабырғасынан бастап баланың жан-жақты ашылып, оның білімге деген қызығушылығы оянады. Қазіргі таңда Шерхан секілді үздік оқушылардың жетістігі – осының дәлелі. Олар осы көрсеткіштері арқылы болашақта ел дамуының жарқын үлгісі мен келелі ой, салиқалы пікір айтып, батыл шешімдер қабылдай алады. Мұғалімнің атқарған еңбегінің жемісі де осында.
– Шерхан – оқу үздігі. Өзіне берілген тапсырмаларды тия­нақты орындайды, мектепте өтетін іс-шараларға белсене араласады, берілген қоғамдық жұмыстарға жауап­тылықпен қарайды. Сынып ішінде, оқушылар ара­сында беделді, өзінің білімімен жан-жақты оқушы екенін көрсетіп, кішілерге қамқор болып, үлкендерге құрмет көрсетеді. Әдеби кітаптар оқығанды ұнатады. Мен Шер­ханмен мақтанамын, – дейді сынып жетекшісі Самал Ерғали.
Осынша жетістікке жеткен Шерхан өзінің артында ұлы тұлға ұстаздары тұрғанын айтты. Оқушының әр сөзінде білімге деген құштарлығы мен ұстаздарға деген махаббаты ерекше көрінді. Әр жарыстар мен мүшәй­радағы қызықтарымен бөлісіп, алғысын да білдірді.
– Ұстаз – оқушының тәрбиешісі. Оны үлкен өмірге тәрбиелейтін де осы ұстазы. Оқушының үлкен белесті бағындыруы – тек ата-ананың ғана емес, ұстазының да арқасы. Менің де осындай жетістіктерге жетуім ұстаздарымның арқасы деп білемін. Осы орайда мен Қосжанова Салтанат, Серік Жасұлан, Ахметов Айдос ағай-апайларыма үлкен алғысымды білдіремін. Жетістікке жеткенім де осы ұстаздарымның арқасы деп білемін. Олар маған әрқашан кеңес беріп, үлкен додаларда жеңіске жетуіме көмектесіп, қабілетімнің ашылуына себепші болды. Ал қабілет – іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай нәтижелі етіп орындауда көрінетін адамның жеке қасиеті. Менің бойымдағы қабілетімді ашып, әркез жарыс-бәйгелерде сенім артып жүрген ұстаздарыма мың алғыс айтамын, – дейді мектеп мақтанышы.
Қазіргі кезде әрбір оқушының қабілеті көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Мектептегі жаңа бағдарламалар күн сайын емес, ай сайын жаңаруда. Білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Қазіргі кезде білім алуда Шерхан айтпақшы, әр адамның бойындағы қабілеті маңызды. Себебі оқушының білім сапасы мен деңгейін анықтап, салыстырмалы мониторингтер жасауға көмектеседі. Сондықтан әр баланың өз бойындағы қа­білетін ашып, он дамыту – әр ұстаздың міндеті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: