Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

9°C

, Жұма, 29 наурыз, 16:27

Сөмкенің ауырлығы шымбайға батып-ақ жүр

16.10.2022

395

0

Мектеп оқушыларының сөмкесінің ауырылығы туралы қоғамда қызу талқы болғалы да бірталай уақыт өтті. Мен осы жайды зерттеп көрейінші деп үйдегі 5 сынып оқитын немеремнің сөмкесі 6 кітабымен және барғанда ішетін 0, 5 литр суымен таразыға тартқанда 5, 500 келі тарттты. Осылайша бұл салмақ оқушыға қандай зардап әкелетінін зерттеп мамандардан сұрай бастадым.

Ғаламторды ақтарып отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы бұйрығы бойынша оқу басылымдарына қойылатын гигиеналық нормативтер бекітілгені туралы Egemen.kz. сайтынан мәлімет алдым. Құжатта оқушы арқалайтын бір оқулықтың салмағына қатысты нақты норма көрсетілген. Ол бойынша: 1-4 сынып оқулықтары 300 грамнан, 5-6 сыныптар үшін 400 грамнан, 7-9 сыныптар үшін 500 грамнан, 10-11(12) сыныптар үшін 600 грамнан аспауы керек делінген. Бұйрықта оқулық салмағын аталған нормадан 10% арттыруға ғана жол берілетіні айтылған. Оқулық салмағынан бөлек кітап басылатын қағазға, баспа сапасына, пайдаланылатын қаріптерге қойылатын талаптар анықталған. Бұйрық 2021 жылдың 24 желтоқсанынан бастап қолданысқа енген.
Шындығында, оқушы сөмкесінің ауыр болуы неліктен? Кезінде біз де сөмке асынып, ішін кітапқа толтырып алатынбыз. Бірақ дәл бүгінгідей салмағы «зіл қара тас» болмаушы еді. Ауыр сөмкелердің кесірінен мектеп оқушыларының бәрінің болмаса да, біразының омыртқасы қисайып, бойлары өспей қалып жатыр. Көп жағдайда мектеп сөмкесінің сапасына емес, бағасына қарап ала саламыз. Тиісті талаптарды сақтамағандықтан балалардың денсаулығына өзіміз артық салмақ жүктеп, дұрыс өспеуіне «үлес» қосып отырмыз.
Мектепке дайындық жұмыстарын бастағанда міндетті түрде алдымен оқушының киім үлгісін, екінші кезекте сосын сөмке таңдаймыз. Сосын басқа қажетті заттарды алып, сөмкені толтыра бастаймыз. Бос сөмке немесе рюкзактың салмағының 1 келіден аспауына мән бермейміз. Жалпы, мектеп сөмкесін таңдаған кезде ең алдымен оның иық бауының жалпақ, әрі жұмсақ материалдан тігілгенін таңдаған жөн. Сонымен қатар, таңдаған сөмкеңіз баланың бойы мен жасына сәйкес болуы маңызды. 1-4 сынып оқушылары үшін әрбір кітаптың салмағы 300 грамнан, ал 5-6 сыныптарға – 400 гр., 7-9 сынып оқушыларына 500 гр. және 10-11 сыныптар үшін 600 грамнан аспауы керек.
Біздің еліміз бойынша 86 оқулыққа қатысты сараптама негізінде олардың екеуінің салмағы гигиеналық нормативке сәйкес келмеген екен. Денсаулық сақтау министрлігінен арнайы жұмыс тобының құрылып, осы мәселеге зерделеу жүргізетін де болған. Бұл мәселе мәжілісте де сөз болғаны белгілі. Арнайы құрылған жұмыс тобының айтуынша, мектеп сөмкелерінің ауырлай түсуі сколиоз, остеохондроз сынды ауруларға ұшырататын көрінеді. Сондықтан бұл аурулардың алдын алу үшін шкафтар орнату керек екен.
Айта кету керек, сөмкені еңсеріп жүру үшін балаға еңкейіп жүруге тура келеді, одан баланың жүрек қантамырларының қызметі бұзылып, көру қабілеті төмендейді. Одан бөлек, үнемі бас айналуы, жүрек айнуы, арқа мен аяқ аурулары көбейе бастайды. Ата-ана бұған көп мән бермеуі мүмкін, бірақ баланың бұл аурулар туралы айтып, шағым жасауы жиілейді.
Өзге елдермен алыстырып көрелік. Мәселен, Португалия ғылыми-медициналық орталығының мамандары мектеп сөмкесінің салмағы барлық оқулық пен оқуға қажет құрал-жабдықтарды қоса есептегенде, бала салмағының 10 пайызын құрау керек деп есептейді. Егер баланың салмағы 25 келі болса, сөмкенің ауырлығы 2,5 келіден аспауы тиіс. Ғылыми орталық ұсынған зерттеу нәтижесі бойынша жергілікті билік мектеп сөмкесінің стандартын белгілеп қойған. Сол стандартқа сәйкес, балалар артық салмақ арқалап әуре болмайды екен.
Ал америкалық педиатрлар арқаға асатын дорбаның өзіндік нормаларын белгілі бір шарттарға сай есептеп шығарыпты. Америкада ауыр салмақты сөмкені күнделікті тасып жүрмеудің де жолдары қарастырылған. Мәселен, АҚШ-тағы кейбір мектептер бұл проблеманы болдырмау үшін заманауи құрылғылардың көмегіне жүгінеді. Ал кей білім ордаларында сабақ барысында пайдаланылатын негізгі оқулықтарды мектептегі оқушылардың жеке сөрелеріне қалдырып, үй тапсырмаларын арнайы планшеттерге жүктеп берсе, енді бір мектептерде үй жұмысы топтастырылған арнайы конверттер таратылады екен. Ірі штаттардағы мектептің де өзіндік жүйелері бар. Ол мектептерде мұғалімнің, ата-ана мен оқушының жеке-жеке кабинеттері бар. Ұстаз белгілі бір уақыт шеңберінде өз кабинетіне үй тапсырмасын жүктеп қояды, ата-ана үйінде отырып сол тапсырмаларды баласымен орындайды.
Өзге елдердің мектеп сөмкесіне қатысты арнайы бекітілген стандарты бар. Бізде неге олай емес? Биыл жаңартылған білім бағдарламасы мектеп сөмкесін тіптен ауырлатып жіберді. Әсіресе, 1-сынып оқушылары үшін
Ресейлік мамандар осы мәселеге бас ауырта келе, портфельдің салмағы оқушының салмағының 1/10 болуы тиіс дегенді айтады. Балаңыз 27 келі тартса, сәйкесінше, мектеп «дорбасы» да 2,7 келіден артық болмау керек. Ал төменгі сынып оқушыларының сөмкелері 1200 грамның шамасы болса құп. Өз кезегінде ресейлік санитар-мамандар бастауыш сыныпқа арналған оқулықтардың салмағы 300 грамнан, 5-6 сыныптар үшін –400 гр, 7-9 сынып оқушыларына –500 грамнан аспауы керектігін есептеп шығарған. Сонымен қатар сөмкені арқаға ілгенде, сөмке екі иыққа бірдей ілінуі керек деген уәж айтуда.
Шынында қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан осы мәселе тезірек шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе, ауыр сөмке арқалаған бүлдіршіндерге обал-ақ.

Г.АСҚАРҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: