Өткен аптада аудан спортында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Аслан Бағдатұлын еске алуға арналғн аудандық турнир өтті. Бозкілемде 20 палуан өзара мықтыны анықтап, ұлттық спортты ұлықтады. Шараның ашылу салтанатында аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының орынбасары Еркебұлан Жамалатов турнирдің маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бүгінгі шараның өзіндік маңызы бар, оны аудан спортына Аслан бауырымыздың сіңірген еңбегімен етене таныс кез келген азамат жақсы түсінеді деген ойдамын. Игі шараны қолға алған құрдастарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Елдің спортына еңбегі сіңген азаматтардың есімі осылай ел жадында жаңғыруы тиіс. Бүгінгі турнирге арғы басы Аралдан келіп жатқан палуандарымыз да бар. Сондықтан бозкілемдегі палуандар бәсекесінің тартысты өтетініне күмәнім жоқ. Кім жеңіске жетсе де, кіл мықтылардың аты озсын. Осындай игі шаралар аудан спортының дамуына, жастарды спортқа баулуға үлкен сеп болары сөзсіз. Себебі бүгінгі бір ғана шарада тек бір азаматты еске алып қана қоймаймыз, ұлттық спортымызды дәріптейміз, оған жастардың қызығушылығын арттырамыз. Ауданда ең көп турнир ұйымдастырылып жатқан ұлттық спорт түрлерінің бірі де бірегейі – қазақ күресі, бүгін де осындай игі шараға куә болып отырмыз, қатысушыларға тағы да сәттілік тілеймін, – деді Еркебұлан Жамалатов.
Мұнан кейін бозкілемге бірінен кейін бірі палуандар шақырылып, кіл мықтылар анықталды. Қатысушылар 90 келі салмаққа дейін өзара мықтыны анықтады.
Иә, палуандар әдіс жасау, жалпы қазақ күресінің тактикаларын меңгеруімен, қарсыласынан айласын асыруда бірінен бірі өтеді. Бәрі де «сен тұр мен атайын» деп тұрған сайыпқырандар екені анық байқалады. Бозкілемде 5 минут бойы бір-бірін ала алмағандар да болды, уақытынан бұрын қарсыласының жауырынын жерге тигізгендер де табылды, тіпті белдесіп, соңында салмақ өлшеу арқылы келесі кезеңге кім өтетіні де анықталды. Өзбасым мұндай шешімді бірінші рет көрдім.
Не керек, бозкілемде «әттеген-ай» деп қалған 10 палуан жарыс жолынан шеттетілді. Сондай-ақ 10 палуан келесі кезеңге жолдама алды. Оның бесеуінің тағы да жауырыны жер иіскеп, қос палуан үшінші орынға кім лайық екенін анықтаса, ақтық мәреде қарсылас шақ келтірмеген қос палуан бүгінгі турнирдің нүктесін қойды.
Ақтық мәреге дейінгі жекпе-жекте сүрінген ақсулық Ұласхан Алпысбай мен Арал ауданынан келген Еңбек Сақтағанов турнирдің жүлделі үшінші орынын сарапқа салды. Иә, Аралдан ат терлетіп келген палуанның мықтылығы көрініп-ақ тұр. Жерлесіміз де осыған дейінгі талай турнирде бізді жерге қаратқан жоқ. Оның үстіне тұтас Жалағаш жұрты тақымын қысып отыр. Қонақ сыйлап, қарсыласына жол берейін десе, жеңілу қаншама шәкірт тәрбиелеп отырған атына сын. Ал жол бермейін десе, қонақтың да көңіліне қарайды, онысы да дұрыс, ертеңгі күні Аралға әлгі палуан «ауылдастың аты озды» деп барса, тағы ұят. Не керек, жекпе-жектің соңғы секундтары соққанша бауырымыз қонақ сыйлады, ақырында шыдамай кетті ғой деймін, өзін сұлатуға әрекет еткен Еңбекке қарсы әдіс жасап, жеңісті қолдан жұлып алды. Осылайша ол бүгінгі турнирде үздік үштікті түйіндеді.
Негізі, Ұласхан әуелгі қарсыласпен шыққаннан оның ақтық мәреге дейін баратынына жанкүйерлерде күмән болмады. Ақсуда қазақ күресі мен дзюдо үйірмесінде қаншама шәкірт баулып отқан білікті бапкердің ұлттық спорттың бірнеше әдісін еркін меңгергенін жанкүйерлер түсіне қойды. Тіпті ақтық мәреге шығатын да, себебі оны қарсыласы жекпе-жекте де, белдесуде де ала алмады, ақыр соңында салмақ өлшеу әдісімен ақтық мәреден шеттетілді. Бар айыбы сол, қарсыласынан салмағы бірнеше келіге жоғары екен.
Жас та болса дзюдо мен қазақ күресінен Ақылбек Серіктің есімі еліне етене таныс. Оны үлкен додаларға алып барған бапкерлері үшінші, екінші орын алса, өкпелейтін көрінеді. Білікті бапкерлерде мұндай түсінік қалыптасатындай да бар, себебі ол кішкентайынан бозкілемге шыққаннан тек бас бәйегелерді еншіледі. Бұған дейін аудан, облыс, ел намысын қорғап, үлкен додаларда жауырыны жер иіскемеген жас палуанның бүгінгі турнирде де бағы жанды. Бозкілемде қарсылас шақ келтірмеген палуан ақтық мәре алдында аралдық Еңбек Сақтағановты қалай еңсергенін көрсеңіз ғой, «міне, осылай күресу керек» дейсіз еріксіз.
Ақтық мәреде Ақылбектің қарсыласы Шыңғысхан Әбілқасенұлы болды. Мықтыны мықты деуіміз керек шығар, ақтық мәреге дейін сүрінбеген ол да осал емес болып шықты. Не керек, қанша дегенмен тәжірибе деген тағы бар, жекпе-жек соңына дейін Ақылбек бұл турнирдің жеңімпазы атанса, қарсыласы екінші орынға жайғасты.
Жарыс соңында турнирдің бас төрешісі Өмірбек Кәлменов қатысушыларға алғысын білдірсе, аз ғана ғұмырында аудан спортында атын қалдырған Асланның әкесі Бағдат ағамыз жүлдегер палуандарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйақысын табыстады. Сондай-ақ турнирде үздік өнер көрсеткен тағы 5 палуан қаржылай сыйақыға ие болды. Тіпті төрешілер де мұндай сыйақыдан құр қалмады.
– Өткенді ұлықтап, өшкенді қайта жаңғыртуда Жалағш жұрты салтынан жаңылған емес. Ал мұндай шараларда ұлттық спортты дәріптеу өз алдына бөлек әңгіме. Міне, ауылдың азаматтары осындай игі шараны қолға алып, ер есімін ел жадында қайта жаңғыртып жатыр. Баршаңызға алғыстан басқа айтарым жоқ, аудан спорты алға бассын, үлкен додаларда байрағымыз биікте желбіреп, әнұранымыз шырқалсын, – деді Бағдат Сыдықов.
Шара соңында аудан орталығындағы «Иманқұл» мешітінде спортшының рухына құран бағышталып, ас берілді.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!