Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 21:40

Тілшілер доп тепкен күн

14.11.2023

382

0

Сенбі аудандағы футболсүйер қауым үшін ерекше күн болды. Әрине доп тепкен кәсіби футболшылар емес, кәнігі қолынан қаламы мен қойындәптері түспейтін тілшілер еді. Бірақ емін-еркін доппен жүгірген қимылдарына қарап, тілшілер екеніне бір қарағанда сене қоймайсың. Сөздің қысқасы, өткен аптада бізде аудан әкімдігінің қолдауымен «Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру» тақырыбы аясында БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан облыстық турнир өтті. Спорттық сайыста салауатты өмір салтын насихаттап жүрген әр өңірдің журналистері бас қосты.

Иә, турнирдің басты мақсаты салауатты өмір салтын қалыптастыру, қоғамдық санада сыбайлас жемқор­лықтың көріністеріне жол бермеу, спорттың бұқаралығын арттыру және ұжымдар арасындағы өзара әріптестік байланысты нығайту екені сөзсіз.Жарыстың ашылу салтанатында ау­дандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының орынбасары Еркебұлан Жамалатов сөз сөйлеп, қатысушы ко­мандаларға сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұқа­ралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау өте маңыз­ды. Күнделікті қызмет бабымен әр­қай­­сысымыздың спортпен шұ­ғыл­дануға уақытымыз табыла бер­­мейді. Ал осын­дай сайыстар адам­ның физи­ка­лық, психологиялық тұрғы­дан сер­­гуіне мол септігін тигізеді. Сон­дық­тан бүгінгідей турнир өткізілсе деген сыбыс шыққаннан дереу қолдай жөнелдім. Өйткені бұл сайыс дені сау ұлт, дені сау қоғам қалыптастыру өзіміздің қолымызда екенінің айғағы іспетті, – деді Еркебұлан Жамалатов.

Не керек, доп тебуге асыққан об­лыс, қала, аудандық БАҚ өкілде­рінен құралған 9 команда футзалда бақ сынады. Сайыс өте тартысты және қызықты өтті. Ко­мандалардың мықты дайын­дықпен келгені көрініп-ақ тұрды, қақ­паға то­ғытқан әрбір гол да жарыс көркін аша түсті. Әрине футболдың сәні гол емес пе! Тіпті жартылай финалдағы ойындарда алаңда кәсіби спортшылар өнер көрсеткендей се­зілді. Олай бо­лары да заңдылық, ақтық кезеңге кіл мықтылар іріктеліп шықты.

Нәтижесінде ІІІ орынды Қармақшы ауданының намысын қорғаған «Qadam» командасы еншілесе, облыс ор­та­лығынан ат терлетіп келген «Қы­зылорда телеарнасы» командасы ІІ орын­ды қанжығасына басты. Үздік ойынымен қарсыластарын қапы қал­дырған «Меншікті тілшілер» командасы I орынды иеленді.

Айта кетейік, жеңімпаздар аудан әкімінің арнайы дипло­мы­мен және аудан жас­та­рының «Темір­қазық» қоғамдық бір­лес­тігінің кубок, медальдарымен және қаржылай сый­лық­тарымен марапатталды. Сонымен қатар турнирде «Үз­дік ойын­шы» номинациясымен Ер­сұлтан Оспан, «Үздік қақпашы» номи­на­­ция­сымен Азамат Үсенбаев, «Үздік ша­буылшы» номинациясымен Мейірлан Бала­бек, «Үздік қорғаушы» но­ми­нациясымен Нұржан Батыршаев ма­рапатталып, 20 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды.

– Турнир жоғары деңгейде өтті. Өзім «Меншікті тілшілер» коман­дасы атынан қатыстым. Шыны керек, ай­ма­ғымыздың әр ауданынан келген әріп­тестермен ара­ласып, арқа-жар­­қа болдым. Иә, мұндай іс-шараларды жиі өткізу арадағы әріптестік бай­ланыстың беки түсуіне, бір-біріміз­бен тәжірибе ал­масуға зор ықпал етеді. Мақ­сатымыз жүлде емес, жол­дастық қарым-қа­тынас, дос­тық ойын өткізу болды. Осы жағынан ал­ғанда бұл футбол бәсекесі өзінің миссиясын толық орындады деп айта аламын. Осындай спорттық сайысты өткізуге себепкер болған, қолдау көрсеткен Жалағаш ауданының әкім­дігіне алғыс айтамыз, – дейді Қайрат Рабаев.

Сайыс барысындағы қызығы мол әсерлі сәттер журналистердің есінде ұзақ сақталары анық. Алдағы уақытта журналистер қауымы тек фут­болмен шектелмей, басқа да спорт түрлерінен бәсекеге түсуге дәмелі.

Жандос Махмұтұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: