Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

9°C

, Жұма, 29 наурыз, 04:33

Тізерлеп ұсыныс жасау, ұзатуда қызды көтеріп алып кету қазақ тарихында болған дәстүр ме?

14.10.2022

720

0

Кейінгі кезде қоғамда шаңырақ көтергісі келіп жүрген ер адам қалыңдығына ұсыныс жасағанда, тізерлеп отыратын көрініс белең ала бастаған. Сондай-ақ, ұзатуда күйеу жігіт қызды көтеріп алып кетеді. Мұндай шаралар бұрын да болған ба? Massaget.kz тілшісі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қалшабаева Бибизия Кенжебекқызымен сұхбаттасып, осы мәселелердің анық-қанығын сұрады.

Жігіт тізерлеп отырып сөз салған ба?

Үйленуге ұсыныс жасағысы келген ер адам түрлі әдістерді пайдаланады. Бұл орайда «өмірлік жарым болуға дайынсың ба» деген маңызды сұрақты қоярда көп жағдайда ерлер жағы сүйіктісінің алдында тізерлеп отырады. Осы үрдіс танымал өнер адамдары арасында да жиі байқалады. 

Бибизия Кенжебекқызының айтуынша, ертеде келінді жігіттің ата-анасы таңдап, сырға салған. Кейін жастар өз қалауымен шаңырақ көтере бастаған. Алайда үйленуге ұсыныс жасарда, ер адам тізерлеп отыруы шетел үлгісі арқылы қалыптасқан екен.

«Жігіттердің тізерлеп қызға ұсыныс жасауын құптамаймын. Мұның бәрі еуропалық мәдениеттің ықпалы деуге болады. Қазір жаһандану жағдайында мәдениеттің өзара ықпалдасу үдерісі жүреді. Бұл да жастарымыздың шетелдік үлгі негізінде қалыптастырған үрдісі. Бұрынғы кезеңде жігіттің ата-анасы таңдап, қызды айттырып, сырғасын немесе үкісін тағып баласын үйлендірсе, бертін келе жастардың қалауы өз еркінде болып, жігіт қызға көңілін өлең жолдарымен жеткізіп, қыз қабыл алса, кестеленген қол орамал сыйлау арқылы білдіріп отырған. Ал қазіргі заманда жастардан бұлай жасауды талап ете алмаймыз. Тек тізерлеп емес, гүлін, сыйлығын беру арқылы оңаша не достарының ортасында ұсыныс жасаса, жеткілікті деп ойлаймын», – дейді ол.

Ұзатуда жігіт қызды көтеріп алып кеткен бе?

Әлеуметтік желілерде ұзату кезінде қызды көтермек болған жігіттің «не жегенсің?» деген видеосы тараған еді. Қазір кез келген ұзатуда ер адам қызды көтеріп алып кететінін байқауға болады. 

Профессор Бибизия Қалшабаева бұл құбылыс қазіргі қоғамда кең тарап кеткенін айтты. Алайда қазақ дәстүрінде мұндай дәстүр болмаған екен.

«Қазір жігіттің қызды той соңында көтеріп алып кетуі үрдіске айналған. Қызды көтере алмай, күлкіге қалып, құлап жатқандар да бар. Ертеден келе жатқан ата-баба салты бойынша ешқашан қалыңдықты жұрттың көзінше көтермеген. «Қыз аттандырар» деген салт болған. Бұл – жеңгелерінің, іні-жезделерінің қызды үйден шығару үшін күйеуден алатын кәде-жорасы. Күйеу жігіт оларға өзінің сый-сияпатын беріп, қызды үйден сыртқа алып шығуын күтеді. Қызды екі жеңгесі қолтықтап алып шығады. Жиналғандардың алдында қыз жақтың үлкендері екі жасқа бата беріп, жол жүруіне рұқсатын береді. Кейбір зерттеулерде қызды атқа отырғызарда ағалары не жезделері көтеріп мінгізетіні айтылады», – деп түйіндеді ол.

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: