Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Сәрсенбі, 17 сәуiр, 01:29

Жер учаскесінің құжаттарын рәсімдеу жолдары түсіндірілді

13.10.2022

247

0

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында жер қатынастары саласына жауапты мемлекеттік орган мен ұйым өкілдері бизнес өкілдеріне сала құжаттарын рәсімдеу жолдарын түсіндіріп берді.


Шараға облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының, қалалық сәулет және қала құрылысы мен жер қатынастары бөлімінің өкілдері қатысты.
Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гауһар Елеусінова 2023 жылдың 1 қаңтарында кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге қойылған үш жылдық мораторийдің мерзімі аяқталатынын атап өтті.


«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мораторий мерзімін 1 жылға ұзарту жөнінде Үкіметке ұсыныс берді. Дегенмен кәсіпкерлер осы уақытқа дейін рәсімделмеген құжаттары болса қазірден қолға алғаны жөн. Бүгінгі шарада жер қатынастары саласы бойынша мамандардың басын қосып отырмыз. Алдағы уақытта өзге де салалар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз», – деді Палата директорының орынбасары Гауһар Елеусінова.


Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің бөлім басшысы Руслан Баймаханов осы жылдың тамызында Мемлекет басшысы жерді бақылау саласына қатысты мораторийді алып тастағанын жеткізіп, жер учаскесі нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жағдайда қабылданатын шараларды түсіндірді.


Ал қалалық жер қатынастары бөлімінің маманы Руслан Қыпшақбаев жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту тәртіптерімен таныстырып шықты. Сала маманы жер учаскесінің нысаналы мақсатын тұрғын үйден кәсіпкерлікке ауыстыруға бір ай мерзім кететінін атап өтті.


Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Баймырзаев кәсіпкерлікке арналған құрылыс нысандарына қажет рұқсат құжаттарының талаптарымен таныстырды.


Айта кету керек, жақында қала әкімі Асылбек Шәменов, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Аида Әбибуллаева, Палата директоры Пірмұхаммед Сыздықов кәсіпкерлердің жер қатынастарына қатысты құжаттарын рәсімдеуді оңтайландыру үшін үш жақты меморандумға қол қойды. Тараптар жер учаскесінің рұқсат құжаттарын заңдастыруға қатысты кәсіпкерлердің өтініштерін қысқа мерзімде қарап, рәсімдеу үшін тиісті шаралар қабылдауға келісті. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: