Биыл облыс әкімінің қолдауымен 2023-2024 оқу жылына арналған 100 оқу гранты бөлінді. Атап айтқанда, білім беру саласына 49, денсаулық сақтау саласына 15, су шаруашылығына 8, ауыл шаруашылығы саласына 8, инженер саласына 4, электр энергетика саласына 4, хореография 3, құрылыс, жерге орналастыру, ақпараттық технологиялар және дін саласына 2 грант, ал азық-түлік өнімдерін өндіруге 1 оқу гранты тағайындалды. Облыс әкімінің оқу грантына әлеуметтік жағдайы төмен және халықтың осал топтарынан шыққан талапкерлер ғана үміткер бола алады. Бұл жөнінде Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев хабарлады.
– Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік грант конкурсына өтінім қабылдау шілде айында аяқталған болатын. Конкурс нәтижесі тамыз айының басында жарияланды. Осы мемлекеттік грантқа іліге алмай қалған әлеуметтік жағдайы төмен және халықтың осал топтарынан шыққан талапкерлер облыс әкімінің арнайы грантына үміткер бола алады. Биыл өңірге қажетті мамандықтардың тізімі жинақталып, нәтижесінде 146 мамандыққа сұраныс бар екені анықталды. Сондай-ақ жыл басынан бері облыс әкімінің грантын бөлуге тек Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен ұсыныс келіп түскен болатын. Дегенмен 2021-2023 жылдарға жасалған облыстың еңбек ресурстарының балансына сәйкес, маман тапшылығын алдын алу және алдағы уақытта өңірде жүзеге асырылатын бірқатар инвестициялық жобаларды ескеріп, осы жылы жүз оқу гранты бөлінді. Оның 83 гранты Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне, 15 грант С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне, 2 грант Нұр-Мүбарак Египит Ислам мәдениеті университетіне берілді. Ал қала және аудандар бойынша Арал ауданына 10, Қазалы ауданына 8, Қармақшы ауданына 12, Жалағаш ауданына 4, Сырдария ауданына 9, Шиелі ауданына 8, Жаңақорған ауданына 9, Қызылорда қаласына 40 грант. Оқуға құжаттарды қабылдау қалалық және аудандық жұмыспен қамту орталығындағы тіркеу бөлімдерінде тамыз айының 10-нан бастап жүргізіледі, – деді басқарма басшысы Ғабит Жаңабаев.
Айта кетейік, соңғы он жылда еліміздің жоғары оқу орындарында білім алу үшін 1 303 студент облыс әкімінің грантын иеленген болатын. Оның 881-і оқуды бітіріп, 406-ы жұмыспен қамтылған. Биыл облыс әкімінің 100 оқу грантына облыстық бюджеттен 85,2 млн теңге қаражат бөлініп, қала және аудан бюджеттеріне аударылды.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!