Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 10:48

Түлектерге тарту

13.08.2023

472

0

Биыл облыс әкімінің қолдауымен 2023-2024 оқу жылына арналған 100 оқу гранты бөлінді. Атап айтқанда, білім беру саласына 49, денсаулық сақтау саласына 15, су шаруашылығына 8, ауыл шаруашылығы саласына 8, инженер саласына 4, электр энергетика саласына 4, хореография 3, құрылыс, жерге орналастыру, ақпараттық технологиялар және дін саласына 2 грант, ал азық-түлік өнімдерін өндіруге 1 оқу гранты тағайындалды. Облыс әкімінің оқу грантына әлеуметтік жағдайы төмен және халықтың осал топтарынан шыққан талапкерлер ғана үміткер бола алады. Бұл жөнінде Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев хабарлады.

– Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік грант конкурсына өтінім қабылдау шілде айында аяқталған болатын. Конкурс нәтижесі тамыз айының басында жарияланды. Осы мемлекеттік грант­қа іліге алмай қалған әлеуметтік жағдайы төмен және ха­лықтың осал топтарынан шыққан талапкерлер облыс әкі­мінің арнайы грантына үміткер бола алады. Биыл өңірге қа­жетті мамандықтардың тізімі жинақталып, нәтижесінде 146 маман­дыққа сұраныс бар екені анықталды. Сондай-ақ жыл басынан бері облыс әкімінің грантын бөлуге тек Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен ұсыныс келіп түскен болатын. Дегенмен 2021-2023 жылдарға жасалған облыстың еңбек ресурстарының балансына сәйкес, маман тапшылығын алдын алу және алдағы уақытта өңірде жүзеге асырылатын бірқатар инвестициялық жобаларды ескеріп, осы жылы жүз оқу гранты бөлінді. Оның 83 гранты Қорқыт ата атындағы Қы­­зылорда университетіне, 15 грант С.Ж.Асфендияров атын­дағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне, 2 грант Нұр-Мүбарак Египит Ислам мәдениеті университетіне бе­рілді. Ал қала және аудандар бойынша Арал ауданына 10, Қазалы ауданына 8, Қармақшы ауданына 12, Жалағаш ау­данына 4, Сырдария ауданына 9, Шиелі ауданына 8, Жа­ңақорған ауданына 9, Қызылорда қаласына 40 грант. Оқуға құжаттарды қабылдау қалалық және аудандық жұ­мыс­пен қамту орталығындағы тіркеу бөлімдерінде тамыз айының 10-нан бастап жүргізіледі, – деді басқарма басшысы Ғабит Жаңабаев.
Айта кетейік, соңғы он жылда еліміздің жоғары оқу орын­дарында білім алу үшін 1 303 студент облыс әкімінің грантын иеленген болатын. Оның 881-і оқуды бітіріп, 406-ы жұмыспен қамтылған. Биыл облыс әкімінің 100 оқу грантына облыстық бюджеттен 85,2 млн теңге қаражат бөлініп, қала және аудан бюджеттеріне аударылды.
«ЖЖ» ақпарат

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: