Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сәрсенбі, 27 қараша, 09:06

Тұсау кесу

10.03.2021

4578

0

Бала – адамның бауыр еті. Оның дүниеге келгені, езу тартып күлгені, бауырын көтеріп еңбектегені, төсекке, жүкке сүйеніп қаз тұруы, қалбалақтай адымдауы – ата-ана үмітінің жанған оты. Ата-ана перзентінің әрбір елеулі қимылын жіті қадағалап, қылығына сүйсіне қарап, жаратқанға шүкіршілік жасайды. Осындай жанға шуақ, жүрекке шабыт сыйлайтын сәттің, қазақы дәстүрдің әдемісі – «тұсаукесер» рәсімі.

Сәби 5-6 айдан соң талпынып, еңбектеуге бейімделеді. Бала осы еңбектеуден толық өтуі тиіс. Бұл қимыл баланың қол-аяғын, арқасын, бұлшық етін шыңдап, шынықтырады. Сәби еңбектеу арқылы төңірегін таниды. Осы кезде «балам тез еңбектеп кетсін» деген ниетпен анасы көрші-қолаңын жинап, «бауырынан табақ алу» ырымын жасайды. Ауылдың сыйлы адамдарының бірі құрт-ірімшік, бауырсақ, тәттілер салынған табақты баланың бауырынан оңнан солға, солдан оңға қарай «тез еңбектесін» деп жеті рет өткізеді.
Бұл мәреден өткен нәресте 9-12 айлығында қаз тұрып жүруге талап қылады. Сәби «тәй-тәйлап» жүре бастаған кезде ата-ана «баламның жүрісі ширасын» деп тұсаукесер тойын жасайды. Халықтың түсінігі бойынша, тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады. Тұсаукесер де ел ішіндегі дәстүрлі қуаныш. Оған арнайы әзірлік жасалады. Қонақтарға табақ тартылып, сый-сияпат әзірленеді. Нәрестеге ізгі тілектер айтылады.

Ас мәзірінен соң тұсаукесердің рәсімі басталады. Сәбидің ата-анасы көңілі түскен адамға баланың тұсауын кескізеді. «Шынында өмір есігін жаңа ашқан періштенің өмір жолында ұлттық салт-дәстүрдің сан түрі бар. Тұсау кесу – соның ішіндегі ең керемет жоралғының бірі. Бұл рәсімді адал, мейірімді, елгезек, зиялы, ақылды, көптің көңілінен шыққан ұлықты кісілерге жасатады. Сол қасиет жас балаға дарысын, өмірі өнеге мен жақсылыққа толы болып басталсын, жолында кедергі болмасын деген тілек-батамен астасады. Қазақтың қай ырымын алсақ та, мәні терең, ойы салмақты ұғымға бағытталған. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген қазекең үнемі жақсылық пен ізгіліктің жаршысы болып жүреді емес пе? Қай ата-ана бауыр еті баласының немесе балдан тәтті немересінің көрнекті, көргенді азамат болып өскенін қаламайды дейсіз» – дейді ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған ана, ұлағатты ұстаз Қазына Боранбаева. Қазақ халқы тұсауды кез келген кісіге кескізбеген. Дімкәс, аурушаң адам, қимыл-қозғалысы ауырлап қалған қарт кісі, «жолы әлі ашылмаған» деп үйленбеген жігіт, тұрмысқа шықпаған қыз бұл рәсімді орындамаған.

Рәсімді орындау бақыты бұйырған кісі «бісміллә» деп сәбиді аялап, жерден көтереді. Еркелете демеп, баланың екі аяғын арнайы дайындалған ала жіппен тұсап байлайды. Ала жіп – адалдықтың белгісі. Әрқашан адал адамды қазақ «ешкімнің ала жібін аттамаған» деп бағалап, құрметтеген. Жіпті байлап болған соң тұсау кесуші тілегін жаудырады:
Желдей жүйрік бол,
Қарағайдай сүйрік бол!
Өз ісіңе берік бол,
Әке-шешеңе серік бол!…

Ниетін айтып болған соң баланың аяғы тұсалған ала жіпті пышақпен кеседі. Қайшымен кесуге болмайды. Өйткені, бір-біріне кереғар, қарама-қарсы қайшының жүзі секілді баланың алдағы өмірі қайшыланып, кедергілер көп болмасын деп қазақ қайшымен кесуді жөн көрмейді.

Тұсауы кесілгеннен кейін сәбиді оң қолынан ұстап жетелеп, әрлі-берлі жүргізеді. Шашу шашылып, тұсаукесер жыры айтылады.
Қаз-қаз балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Қаз-қаз, балам, қаз балам,
Тақымыңды жаз, балам.
Қадамыңа қарайын,
Басқаныңды санайын,
Қаз-қаз, балам, жүре ғой,
Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлын боп шаба ғой,
Озып, бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың.

Бұдан кейін ойын-тойға келген балалар жарыс додасын қыздырып, озғандарына бәйге беріледі. Бүлдіршіндер өлең, жыр, тақпақ, жаңылтпаш айтады. Осылайша той кәдемен астасқан қазақтың тамаша салт-дәстүрі өз мәресіне жетіп, жас баланың өмірге жаңа қадамы есте қаларлық тамаша өрнекпен өріледі. Ұлтымыздың ұлылығы, халқымыздың даналығы осынау салт-дәстүрден көрініс табатынына бек сүйсінетініміз рас.

Г.АСҚАРҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: