Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 21:39

Есім қойғанда нені ескеру керек?

25.11.2023

1257

0

Адам өміріндегі ең бақытты сәттердің бірі – өмірінің жалғасы сәбиінің дүниеге келуі. Иә, адам ұрпағымен мың жасайды. Ал сол ұрпағымыздың келешегі үшін маңызы зор, ұлттық бет-бейнемізді айқындайтын сәбиге ат қою дәстүрін қалай орындап жүрміз? Балаға есім қою – игі дәстүр. Сондай-ақ бұл – рәсім әр балаға өмірінде бір-ақ рет жасалатын рәсім. Сондықтан біздің ата-бабаларымыз ежелден-ақ бұл рәсімге атүсті емес, аса құрметпен қараған. Себебі ғалымдардың пікірі бойынша және дінімізде де адамның есімі оның болашақ тағдырына тікелей әсер етеді деген сенім бар.

Балалар жазушысы Бердібек Соқ­пақ­­баев­тың әйгілі «Менің атым Қожа» деген шығармасында кішкен­тай бала Қожаның айнаның ал­дын­да өзіне қарап отырып, «Осы ме­­нің атымды неге Қожа деп қойды екен?» деп ұзақ ойланып, өз есіміне көңілі толмай, іштей өзіне нали­ты­ны бар. Әрине «Қожа» деген есім жа­­ман мағына бермесе де бұл жерде баланың жан дүниесі, кіршік­­­сіз көңілі жатқанын ескеруіміз керек. Сәби дү­ниеге келгенде әрбір саналы от­басы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Кейбірі за­манына сай ел арасында кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, енді бірі ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың есі­мін қояды.
Бұрынғы үрдіс бойынша және қа­зіргі заманда да балаға есім үш күн ішінде берілуі құпталады. Себебі ана мен бала перзентханадан шыққанша сәбиге есімі қойылып, дәрігерлерге құжат толтыру үшін де қажет.
Ең алдымен сәбиге ат қоюға кім­дер лайық? Балаға ат қоюға құқылы ең бірінші оның ата-анасы. Әр­­да­йым үлкенді құрметтейтін қа­зақ­тың салт дәстүрі бойынша ба­ланың атын көбіне ата-әжесі қояды. Адам­гер­шілік тұрғыдан алғанда бұл үрдіс те дұрыс деп санай­мыз. Сондай-ақ өз ортасында сый­лы, қадірлі, елге белгілі өнегелі адам­дарға, ға­лым­­дарға, өнерлі жандарға не­ме­се баланың нағашыларына, тіпті жақсы сыйласатын досына да қой­ды­руға болады. Дәстүрлі діні­мізде ба­лаға жаман есім қоюға тыйым са­­лы­нады. Бұны психологтар да қол­­дайды. Себебі өз есіміне көңілі тол­маған бала үнемі іштей өз-өзіне жек­көрінішті сезім тудырады. Үнемі пессисимистік көзқарасты ұстанып, депрессияда жүреді. Өмірден өз орнын табуы қиын болады. Мысалы, бірде пайғамбарымыздың алдына жаңа­дан хақ дінді қабылдаған адам келгенде пайғамбырымыз ол адам­нан есімін сұрайды. Сонда әлгі адам өзінің есімі Харб екенін айтқанда, пайғамбарымыз ол адамға дереу есімін өзгертуді бұйырған деген де­рек­­тер де бар. «Харб» сөзі араб тілінде «Соғыс» деген мағына береді. Сондықтан балаға жағымды есім қойған абзал.
Есімін өзгертуге байланысты айта кететін бір жайт, қазіргі таңда дін жолына бет бұрған кейбір көрсеқызар, әсіредіншілдер жаппай аттарын араб­­ша есімге ауыстыруды үрдіске ай­налдыра бастады. Мұсылман болу үшін араб болу шарт емес. Әу баста шыр етіп жарық дүниеге келгенде шексіз қуанып, ата-анасының азан шақырып қойған әдемі қазақша есімін тәрк етіп, себепсіз оңды-солды өзгерте бергенді ұлтқа жасалған сатқындық деп бағалауға болады. Бұл үрдіс әсіресе сахна төрінде жүр­ген әншілердің, жалпы өнер адам­дарының арасында кеңінен белең алып келе жатқаны жасырын емес. Әрине оларға қарап, жастардың да еліктейтінін ұмытпауымыз керек. Діні­мізде де «қиямет күні әрбір адам өзінің алғаш қойылған есімімен ша­қырылады» деген сөздер бар. Ал қазіргі дінге жаңадан бет бұрып жатқан бауырларымыздың қазақша есі­мінен жеріп, арабша есімге ауыс­­­тыруы жалаң еліктеушілік деп ба­ға­лаймыз. Тіпті Құранда да Алла адам­затты ұлттар мен ұлыс­­­тарға бөліп, әрқайсысын өз ерекше­ліктерімен жа­ратқаны жай­лы аят бар. Ал қазіргі деструктивті діни ағым­дардың идео­логиясымен са­на­сы улан­ғандардың бұл әрекеті де осы жа­ра­тылысқа қарсы шыққанмен бір­дей.
Азан шақырып ат қою деген не? Перзент дүниеге келген үйде ағайын-туыстары жиналып, ат қоятын адам немесе діни сауаты бар кісі сәбиді қолына алып, «Аллаһу әкбар» деп азан шақырып, сәбидің оң құлағына есімін үш рет қайталап айтады. Сон­дықтан азан шақырып ат қою қазақ халқының мұсылмандық жорал­ғы­сының қалыпты дәстүрі болып кеткен. Әкесі өзі азан шақыра алмайтын болса, имам-молдаларды шақырып, ба­ланың басын құбылаға қаратып, оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтып, ата-анасы таңдап қойған есімді «Сенің аты пәленше» деп, үш мәрте айтатын болған. Рәсім аяқталған соң дұға оқылып, қа­тыс­қан туысқандары нәрестеге, оның ата-анасы мен туысқандарына ақ тілегін айтып, үлкендер бата­сын берген.
Лақап ат қою деген ше? Лақап ат адамды не мазақ ету, жамандау, болмаса мақтау, құрметтеу үшін қолданылады. Адамдарды өздері ұнатпайтын, рен­житін лақаптарымен шақыру күнә болады. Сондай лақап атпен кісінің артынан сөйлеу де ғайбат болады, харам болып табылады.
Құран кәрімде былай делінеді:
«Ей, мүминдер, араларыңнан бір топ басқа топты мазақ етпесін! Бәлкім мазақталғандар өздеріңнен жақсырақ болар. Бір-бірлеріңді айыптамаңдар, жаман лақаптармен шақырмаңдар! Иманға жеткеннен кейін күнәхарлық қандай жаман! (Аллаһ тыйым салған нәрселерге) тәубе етпегендер – залымдар»
Кісіге лақап ат беруден өзінің азан шақырып қойған атымен атаған дұрыс. Қазақ қо­ғамында көбіне лақап ат адамның істейтін кәсібіне, түр-тұлғасына, қадір-қасиетіне қарап қойылған. Мы­салы, қаздауысты Қа­зыбек би, Айыртілді Әйтеке би, Қанжығалы Қабан­бай батыр, қа­сапшы Қаржау, Етікші Ермек т.б. секілді. Ал адамның дене мүшесінің кемістігіне орай соны тілге тиек етіп, адамның атына қосып атау дұрыс емес. Мысалы, соқыр Бо­ранбай, ақсақ Амантай, қыли Қанат­бай, қо­тыр Әмит т.б. деген секілді. Бұл барып тұрған әдепсіздік, көргенсіздік, на­дандық болып табылады.
Сонымен қатар қазақ халқының та­рихында белгілі бір себеппен арнайы ырымдап қоятын есімдер кездеседі. Егер ата-анасының дү­ниеге келген балалары тұрмай, бі­рінен соң бірі шетіней берсе, келесі балаға Тұрсынбек, Тұрғанкүл, Тоқта­сын, Тоқтар деп, немесе әдейі көз ти­месін деген ниетпен Итемген, Көтібар деген секілді есімдер де қойған. Сәбиге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын де­ген мақсатпен мағынасы ерсі немесе сиқысыз есімдерді қойған. Мы­салы, Сасық, Қисық, Шоқпыт және т.б. Бірақ қазір бұл ескірген ырымдар қатарында.
Егер туған нәрестелері қа­тарынан қыз бола берсе, оған да әдейі ырымдап, келесі жолы ұл тусын деген ниетпен Ұлболсын, Ұлбала, Ұлтуған, Ұлмекен, Ұлтай, Ұлжалғас, Ұлбике деген секілді есімдер қой­ған. Бұл үрдіс қазіргі уақытта да сақталған. Ұзақ уақыт бойы отасып, құрсақ көтере алмай көптен күткен сәбиі дүниеге келсе, онда оған Құ­дай­берген, Аллаберген, Аңсар, Тілеп­берген, Тілепалды, Тұяқбай т.б. секілді есімдер қойған.
Сондай-ақ қазақ мұсылман­шы­лықты ұстанғаннан кейін Алла Тағаланың 99 көркем есімін де ба­лаларына қойған. Алайда оны тікелей қоймайды. Сол Алланың 99 көркем есімдерінің алдына Әбді деген сөзді қосып қояды. Ол (арабша Әбд) Алланың құлы деген мағынаны біл­­діреді. Мысалы, Әбдрахман, Әбді­ра­қым, Әбдімәлік, Әбдікәрім, Әбді­жаппар т.б. секілді.
Кешегі Ресейге бодан болған Кеңес одағының заманында Ком­муна, Артельбай, Сьезбек, Советбай деген секілді коммунистік идеологияға бай­ла­нысты есімдер де көптеп қойыл­ғаны белгілі. Сонымен қатар жаппай Андрей, Алеша, Антон, Юри Наташа, Маша деген секілді орысша есімдерді қою да сәнге айналды. Алайда ол тарих болып сол заманның еншісінде қалды. Қазіргі уақытта да балаға Анель, Жанель, Анджелина, Макс, Роберт т.б. секілді еуропалықтардың батыстың есімін қоюды сәнге айнал­дырып, оны өздерінше дәреже көріп жүргендер бар.
Енді тәуелсіздік алып, бостан­дықтың таңы атып, халқымыз жет­­піс жыл бойы қол үзіп қалған дінімен қайта қауышты. Алайда сырт­тан келген жат деструктивті діни ағым­дардың жаппай жетегінде кеткен жастарымыз өз қағынан жеріген құ­ландай қазақтың бүкіл ұлттық құнды­лықтарын тәрк ете бастады. Арабтың бүкіл тұрмыстық салтын, ұлттық киімін дін деп қабылдап және соны ұрпақтарының да санасына сіңіруде. «Ең үлкен қателігіміздің бірі араб­тардың мәдениеті мен тұрмыс салтын ислам деп қабылдауымыз» деп дінтанушы Мұртаза Жүнісұлы айт­қандай, тіпті олар қазақ болып ту­ғанына да өкінетін сияқты. Олар да өз ұпақтарына жаппай арабша есімдер қоюды үрдіске айнал­ды­рып бара жатыр. Сөйтіп бүгінде қа­зақша есімдерінің орнына арабша есімдерді иемдену жайылып келеді. Шындығында араб есімдері бізге таңсық емес. Алайда әрбір ұлт өзінің ана тілін, ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтаумен ғана ұлт болып қалады. Осыны естен шығармайық дегіміз келеді.

Арыстанбек Байқабылов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
теолог маман

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: